Владимир Цвигун: «Қолдау көрсеткеніңіз үшін кәсіподақ ұйымына рахмет! Сенімді ақтаймын!»

«Сервис» Орал технологиялық колледжінің студенті 18 жастағы Владимир Цвигун кішкентай кезінен ата-анасының көңілінен шығу үшін дәмді тағам жасауды үйренуді армандаған. Дегенмен, бес жасында жетім қалып, нағашысының тәрбиесінде өсті. Жігіт ұстамды, мақсатты. Жақын адамдарынан айырылса да арманынан таймай, білікті аспаз болу үшін «Сервис» Орал технологиялық колледжіне оқуға түседі.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин орта арнаулы оқу орнын аралау кезінде Владимирдің өмірінен хабардар болғаннан кейін ҚРКФ жас жігітке қолдау көрсетуге шешім қабылдағанын айтып, кәсіптік білім алу үшін студентке грант сертификатын табыстады.

«Өз саласының кәсіби маманы болуға ұмтылу – кез келген жас үшін өте маңызды мақсат. Мүшелерінің үштен бірін жастар құрайтын Кәсіподақтар федерациясының міндеті жас мамандарға елеулі қолдау болған және болып қала береді. Біздің білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Владимирге білім алу үшін грант тағайындады. Аспаздық – жауапты әрі қажетті мамандық. Владимирдің сүйікті кәсібінде биік белестерге жетуіне тілектеспін!», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде Владимир Цвигун арманын міндетті түрде орындайтынына уәде берді.

«Қолдау көрсеткеніңіз үшін кәсіподақ ұйымына рахмет! Он айдан кейін кәсіби аспаз боламын және сенімді ақтаймын!», – дейді студент.

Қазіргі таңда Орал технологиялық колледжінде 628 студент, оның 599-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Олар «тігін өндірісі және сән дизайны», «қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру», «шаштараз» деген үш мамандық бойынша білім алады.

Директор Айгүл Есқалиеваның айтуынша, «Сервис» Орал технологиялық колледжі 300 орындық жатақханасы, оқу корпусы, медициналық кешен, акт және спорт залдары, 50 орындық кітапханасы және 120 орындық электронды оқу кабинеті бар типтік кешен. Колледждің оқу-әдістемелік базасы халықаралық стандарттарға сай: 14 оқу-өндірістік шеберханасы, 28 оқу кабинеті, оқу кафесі және 5 оқу зертханасы заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған.

2020 жылдың желтоқсан айында колледж Тәуелсіз Қазақстан орталығынан институционалдық аккредитациядан өтіп, өткен жылдың басында сәйкес сертификатқа ие болды.

«Колледж «Жас Маман» бағдарламасының қатысушысы болып табылады. Біздің студенттердің біліктілігі еңбек нарығында сұранысқа ие, түлектердің 80%-ы жыл сайын өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Колледж оқытушылары мен студенттері халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың, олимпиадалардың, «WorldSkills» жобаларының жеңімпаздары. Бізде студенттердің өзін-өзі басқару парламенті, еріктілер тобы бар, ол жастардың интеллектуалдық әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Педагогикалық ұжым өзінің кәсіби біліктілігін ұдайы арттырып отырады, студенттердің жан-жақты қалыптасуы мен білім алуына көп көңіл бөлінеді», – деп бөлісті колледж директоры.

Сондай ұстаздардың бірі – өндірістік оқыту шебері, педагог-зерттеуші Алмагүл Мұқатаева. Орал технологиялық колледжіндегі еңбек өтілі 12 жыл. Осы уақыт аралығында Алмагүл Мұқатаева бірнеше рет облыстық, республикалық байқауларда «Үздік өндірістік оқыту шебері», «Педагогикалық идеялар панорамасы», «Қолынан бал тамған аспаз» номинациялары бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанды.

ҚРКФ төрағасы ұстаздың кәсіби мамандар даярлаудағы үлесін ескеріп, Алмагүл Мұқатаеваға алғысын білдіріп, кәсіподақ ұйымы арқылы ынталандыру ретінде «Ақжайық» шипажайына сауықтыру жолдамасын табыс етті.

«Мемлекет экономиканы дамытып, ел болашағын құратын бүгінгі жастарға үлкен үміт артады. Ал жас ұрпақты жасампаз еңбек рухында тәрбиелеу ұстаздарымызға тікелей байланысты. Ал кәсіподақтардың міндеті – әрбір еңбек адамының әл-ауқатын арттырып, жан-жақты қолдау көрсету», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы