Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында төраға Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен салалық және аумақтық кәсіподақ бірлестіктері басшыларының қатысуымен кеңейтілген жиын өтті.
Әріптестеріне арнаған сөзінде Сатыбалды Дәулеталин қарашаның екінші жартысында болған екі маңызды оқиғаны атап өтіп, әріптестерін президенттік сайлаудағы жалпы жеңісімен құттықтады, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды науқанына барлық мүше ұйымдардың қосқан елеулі үлесін атап өтті.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев сайлау кезеңіндегі жұмыс қорытындылары туралы баяндап, ҚРКФ мүше ұйымдары еңбек ұжымдарымен жалпы саны 20 мыңнан астам адамды қамтыған 335 кездесу өткізгенін жеткізді. Сонымен қатар, оның айтуынша, ақпараттық алаңда ауқымды жұмыс жүргізілді – әлеуметтік желілерде 70 мыңнан астам қолданушы қамтылған 535 материал шығарылды.
Екінші маңызды оқиға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігін қалпына келтіру болды. Мұндай шешім 17 қарашада Австралияда өткен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V Дүниежүзілік конгресінде қабылданды.
ҚРКФ төрағасы ең ірі халықаралық ұйымға мүшелікті қалпына келтіруге Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдардың қажырлы да дәйекті жұмысы дәнекер болғанын ерекше атап өтті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева халықаралық әріптестермен өзара іс-әрекеттер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Әріптестер сөзін қорытындылаған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин барлық мүше ұйымдардың басшыларына іс-әрекеттегі бірлік үшін алғысын білдірді.
«Бүгінгі таңда біздің қатарлардағы бірлік пен ынтымақ – орындалған факт. Біз кәсіподақ ішілік демократияны қалыптастыра алдық, билік кәсіподақ қоғамдастығының тәуелсіздігін мойындады, кәсіподақтар кәсіподақ және еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Бұл халықаралық және кәсіподақ қозғалысының сенімін қайтаруға мүмкіндік берді. Біздің кандидаттың Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында жеңіске жетуі қоғамның әлеуметтік әділеттілікке деген сұранысын айғақтайды. Біз «Халықтық коалициядағы» әріптестерімізбен бірлесе отырып, қазақстандықтар үшін лайықты жағдайлар мен еңбекақыны құруға бағытталған Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасының барлық басымдықтарын жүзеге асыруымыз керек. Еңбек адамының әділдікке деген сұранысын нақты істермен қолдау қажет», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде салалық және аймақтық кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ көшбасшылары Кәсіподақтар федерациясының басшылығына ҚРКФ ХКК мүшелігін қалпына келтіру мәселесін шешуге қосқан үлесі үшін алғыстарын білдіріп, бірлескен күш-жігермен еңбекшілердің әл-ауқатын арттыру және Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі кәсіподақ бастамаларын одан әрі ілгерілетуге дайын екендерін атап өтті.
«Энергетика саласының проблемаларын көп жылдардан бері алғаш рет атап өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа энергетиктер үлкен үміт артады», – деді Энергетиктер салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас.
«Соңғы жылдары мемлекет білім беру саласының проблемаларына назар аударды. Кәсіподақтар мен әлеуметтік әріптестердің бірлескен іс-әрекетінің арқасында мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ең төменгі жалақының көтерілуі білім беру саласында техникалық қызметкерлердің әл-ауқатына оң әсерін тигізеді», – деді Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгүл Мұқашева.
«Президент бізді естіді. Екінші жыл бойы ең төменгі жалақы көтерілді. Дегенмен, мұнымен тоқтауға болмайды. Кәсіподақтар жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын үнемі бақылауда ұстауы керек», – деп өз пікірімен бөлісті Химия, мұнай-химия және сабақтас сала қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Керім Пірімқұлұлы.
«Жергілікті жерлерде кәсіподақтардың аумақтық және салалық бірлестіктері әлеуметтік әріптестермен кәсіпорын жұмыскерлерінің мәселелерін шешу бойынша бірлескен жұмысты күшейтуі керек», – деді Қостанай облысының кәсіподақ орталығының төрағасы Ирина Аронова.
«Өзгерістер уақыты Еңбек адамының мүддесін ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ол үшін бізде басты құрал – бірлігіміз бар», – деді Қазақстандық мұнай және газ салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Елена Мұстафина.
«ХКК мүшелігін қалпына келтіру қазақстандық кәсіподақтарға әлеуметтік және еңбек қатынастарына халықаралық стандарттарды енгізу бойынша жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді», – деп өз пікірімен бөлісті Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Светлана Иманқұлова.
«Мен заңнамалық бастаманы кәсіподақтарға қайтару және әлеуметтік әріптестермен тең құқылы қарым-қатынасты одан әрі дамыту бойынша жұмыс жасауды ұсынамын», – деді Мұнай-газ кешені салалық кәсіподағының төрағасы Сұлтан Қалиев.
«Елімізде бір сайлау науқаны аяқталды, жақын арада заң шығарушы органдардың сайлауы келе жатыр. Кәсіподақ бастамаларын заңнамалық деңгейде ілгерілету мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін кәсіподақтар өз кандидаттарын ұсынуы керек», – деді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев.
Талқылауды қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин алдағы кезеңде Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары, оның ішінде еңбек және кәсіподақ заңнамасына өзгерістер енгізу, және 2023-2025 жылдарға арналған Бас келісімнің жаңа ережелерін әзірлеу, сондай-ақ алдағы сайлау кезеңінде белсенді позицияны ұстану бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет екенін баса айтты.
«Алдағы парламенттік сайлауда да жұмыс істеудің ортақ тактикасын әзірлеу маңызды. Бізге ынтымақ акцияларын өткізіп, еңбек адамдарының мүддесін тиімді ілгерілете алатын нақты күш-қуатымызды жариялайтын кез келді. Осынау жауапты кезеңде қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмаймыз. Әділетті Қазақстан – бұл біз үшін жай сөз емес, әрбір еңбекші қазақстандықтың игілігі үшін шешімді әрекетке шақыру. Еңбек адамы – мемлекетіміздің іргетасы. Мұны біздің әлеуметтік әріптестер де түсінуі керек», – деп түйіндеді сөзін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ медиаорталығы