«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «Семізбай – U» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.
Онлайн форматта өткен іс-шараға Ақмола облысы кәсіподақ орталығының төрағасы Қали Рахметов, атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қасымжан Мәдиев, «Семізбай – U» ЖШС бас директоры Алмас Майлыбаев, «Семізбай – U» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерлан Сапаров қатысты.
Отырысты ашқан Ақмола облысының кәсіподақ орталығының төрағасы Қали Рахметов ҚРКФ «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кездесулер кәсіподақ мүшелеріне Кәсіподақтар федерациясының басшылығымен еңбек ұжымдарының өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Семізбай – U» ЖШС-де 615 адам жұмыс істейді, жұмыскерлердің 90 пайыздан астамы – кәсіподақ мүшелері. Кәсіподақ ұйымы 2016 жылдан бері жұмыс істейді және атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының мүшесі болып табылады. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы – Ерлан Сапаров. Ұйымда 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шарт жасалған.
Кездесу барысында қатысушыларға кәсіпорын қызметі туралы бейнеролик және БКҰ туралы презентация көрсетілді.
«Семізбай – U» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерлан Сапаровтың айтуынша, кәсіподақ ұйымының негізгі міндеті – өз мүшелерінің еңбек, кәсіби және басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау. Кәсіподақ ұйымының жұмысына кеңінен тоқталып, жасалып жатқан жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктерді атап өтті.
«Әкімшілік тарапынан ұжымдық шарттың барлық талаптары толық көлемде орындалуда. Жұмыс беруші мен кәсіподақ комитеті еңбек жағдайын жақсарту үшін бірлесе жұмыс жасауда», – деді төраға.
Жоғары білікті мамандардың қызығушылығын арттыру және жұмысқа тарту мақсатында ұжымдық шартта ауысымдық жұмыс әдісі үшін үстемеақы, ерекше маңызды тапсырма үшін сыйлықақы, рационализаторлық ұсыныс үшін сыйақы, еңбекақы мөлшерінде әлеуметтік демалысты төлеу, зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысы үшін, жұмыскерлердің жоғары біліктілігі үшін қосымша ақы төлеу сияқты іс-шаралар қарастырылған. Сондай-ақ, материалдық көмек төлеу, сыйлықақы түріндегі әлеуметтік кепілдіктер, еңбеккерлер мен отбасы мүшелерін сырқаттанған жағдайда сақтандыру қарастырылған. Бастауыш кәсіподақ ұйымында өндірістік кеңес жұмыс істейді, еңбекті қорғау мен қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді.
«Семізбай – U» ЖШС бас директоры Алмас Майлыбаев өз сөзінде жұмыс беруші мен бастауыш кәсіподақ ұйымы арасында сындарлы әлеуметтік әріптестік қалыптасқанын атап өтті.
«Кәсіподақ – қарапайым жұмыскерлерге әлеуметтік және еңбек кепілдіктері қамтамасыз етілетін еңбеккерлер мен жұмыс беруші арасындағы көпір», – деді кәсіпорын басшысы.
Өз кезегінде атом саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қасымжан Мәдиев салалық кәсіподақтың қатардағы еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында атқарып жатқан іс-шараларына тоқталды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысқан ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев кәсіпорын басшысының әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары екенін атап өтті.
«Кәсіпорынның қызметкерлердің мүддесіне ерекше көңіл бөлетіні қуантады. Жақсы ұжымдық шарт жасалған. Бұл – әкімшіліктің қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатына басымдық беретінін көрсететін көрсеткіш», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.
ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары қатысушыларға Кәсіподақтар федерациясының бастамалары, өткен әлеуметтік әріптестер форумында қабылданған қаулылар және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауына байланысты Кәсіподақтар федерациясының Үндеуі туралы айтып берді.
«Еңбек нарығында да, жалпы қоғамда да еңбеккерлер мүдделерінің институционалдық өкілдері ретінде біз мемлекет дамуының осынау маңызды кезеңінде шетте қала алмаймыз. Біз Қазақстанның қалай дамитынына ешқашан бей-жай қараған емеспіз. Біздің мақсатымыз – еңбекші халық негізіндегі әділетті әлеуметтік мемлекет құру. Кәсіподақтар федерациясының негізгі бағыттары – әділ экономиканы қалыптастыру арқылы жұмыскерлер мен олардың отбасыларының әл-ауқатын жақсарту. Адал еңбек еткендердің лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін заңдарды қабылдау үшін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек», – деді ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.
Онлайн отырыс барысында кәсіпорын қызметкерлері зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнеткерлік жасын қысқартуға жәрдемдесу, уран өнеркәсібінің жас мамандары үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында «7-20-25» бағдарламасына жеңілдетілген несие беру шарттарына қатысу бойынша сұрақтарын қойды.
Жиынды қорытындылаған Мұхтар Тінікеев қатысушыларға, спикерлерге және ұйымдастырушыларға ашық диалог пен мазмұнды баяндамалары үшін алғыс айтып, бастауыш кәсіподақ ұйымына алдағы уақытта да табыс тіледі.