Еңбек қатынасының түрлі қыры

Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығының активі «Көшіп-қону мәселелерін шешудегі жүйелі тәсілді талдау. Азаматтық сектор мен мемлекеттік органдардың серіктестігі» атты конференцияға қатысты.

Сонымен қатар, конференция аясында «Ұйымдар мен компанияларда әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу» семинары өткізілді. Аталмыш семинарда жұмыс беруші мүддесіндегі ҚР Еңбек Заңнамасының нормалары, еңбек қатынастарын (жаңа Еңбек Кодексін ескере отырып) заңнамалық реттеу туралы сөз қозғалды.

«Қарағанды облысы кәсіподақ орталығы» төрағасы Л.Қуанышбекова кездесу қатысушыларына еңбек шартының мерзімі мен мазмұны туралы, Еңбек кодесінде жазылған қызметкер мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері туралы айтты. Сондай-ақ, ол қызметкерлер өкілеттігі институтының мәселелерінде ҚР еңбек заңнамасындағы жаңашылдыққа назар аударды.

Кәсіподақ орталығы төрағасының семинарда қамтыған тағы бір тақырыбы «Заңды тұлғаның алқалық атқару органы басшылары мен мүшелері, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын қызметкерлер, қосымша жұмыс істейтін қызметкерлер, әйелдер мен отбасылық міндеттерге ие басқа да тұлғалардың еңбегін реттеу ерекшеліктері» болды.