Астана кәсіподақтары жаңғыру жолында

2018 жылғы 14 ақпанда Елордалық кәсіподақтардың Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысында «Астана қаласы кәсіподақтарының 2018-2019 жылдарға жаңғыру жол картасы» қарастырылды және қабылданды. Бұл құжат әлеуметтік әділеттілік қағидаларын алға бастыру, қалалық кәсіподақтарды нығайту және біріктіру, сонымен қатар, жұртшылықтың алдында кәсіподақтардың беделін күшейту секілді маңызды мақсаттардан тұрады. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жүйесін жетілдіруге, Елордада жалпыға бірдей оқытудың бірыңғай жүйесін құруға және түрлі деңгейдегі әлеуметтік серіктестікті дамытуға негізделген жаңа тәсілдер назардан тыс қалмады.

«Осы Жол картасы еңбек заңнамасы саласында Елорда кәсіподақтары активінің білім деңгейін арттыру және жұмыс орындарында еңбек шарттарын жақсарту, еңбек адамының мүдделері мен заңды құқықтарын қорғауға бағытталған біріккен іс-шаралар санын арттыру арқылы Кәсіподақ орталығы мен қалалық салалық кәсіподақтар құрылымы арасындағы өзара байланысты жақсартуға мүмкіндік береді» – деп атап өтті Кәсіподақ орталығының төрағасы Тастанбек Есентаев.

Жақын арада Астана қаласы бойынша кәсіподақтардың 2018-2019 жылдарға жаңғыру жол картасын жүзеге асыру механизмі әзірленеді.

Сондай-ақ, отырыста 2018 жылға Астана қаласының Кәсіподақ орталығының жұмыс жоспары қарастырылды және қабылданды, 2018 жылға әлеуметтік серіктестік жөніндегі аумақтық комиссияның жұмыс жоспары және Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күніне арналған іс-шараларды өткізу туралы мәселе талқыланды. Мұнда кәсіподақтар қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдардың базасында көшпелі отырыстарды өткізуді ұсынды.