Төраға орынбасары Ерлан Сайыров Маңғыстау кәсіподақтар активімен жолықты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Ерлан Сайыров Маңғыстау облыстық кəсіподақтар орталығы активімен кездесті.

«ҚР Кәсіподақтар федерациясы қазіргі өзгерістер дәуірінде кәсіподақтардың рөлі мен орнын анықтау үшін жалпыұлттық пікір алмасу жариялады. Бүгінгі таңда кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерін шешудегі орнын анықтау қажеттілігі, осы мәселелерді шешу үшін қандай әдістер қолданылуы тиістігі туралы сауалдар туындайды.

Осыған байланысты ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшылық құрамы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының, салалық кәсіподақтардың төрағаларымен кездесу өткізу үшін аудандарға шығуда.

Кәсіподақ мүшелері өте белсенді, олар өз бағдарын ашық айтады. Еліміздегі кәсіподақтарды «демократия мектебі» деп атауға болады. Сондықтан да, кәсіподақтардың жұмысы осы іс-сапарлар барысында талқыланатын мәселелердің, пікір алмасулардың нәтижесіне сай өзгермек», — деп айтып өтті Ерлан Сайыров.

Ол еліміздегі кейбір әлеуметтік мәселелер мен еңбек қатынастарын шешуде кәсіподақтардың атқарған рөлін, ауқымды еңбегін көрсетті. Бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2 млн. адамды біріктіретін ұйым болып табылады.

Сондай-ақ, осындай форматтағы кездесу Жаңаөзенде болды. ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Ерлан Сайыров Маңғыстау облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Қайрат Жаңабековпен бірге бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті.