Хром өндірісіне 73 млрд теңге инвестиция салынады

Ақтөбеде жеңіл атлетика манежі салынып, Хромтау қаласындағы орталық стадион жөндеуден өтеді. Осы және өзге де әлеуметтік жобаларды Eurasian Resources Group компаниясы Ақтөбе облысы әкімдігімен бірлесіп қаржыландырмақ. Бұл жөнінде “Қазхром” трансұлттық корпорациясының өндірістік бағдарламасының орындалуы туралы өткен кездесуде айтылды.

Еуразиялық ресурстар тобына кіретін “Қазхром” трансұлттық компаниясы өңірдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Жер қойнауын барлап, түсті металлургия өндіруден, тау-кен байытудан елімізде көш бастап тұр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңір экономикасының дамуына үлес қосып отырған компанияның маңыздылығын ерекше атап өтті.

Қазіргі уақытта “Қазхром” компаниясында 19 мың адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 192 мың теңгені құрайды. Кездесуде кәсіпорынның өткен жылы атқарған жұмыстары баяндалды.

ВИКТОР ТИЛЬ, “КАЗХРОМ” ТҰК” АҚ ПРЕЗИДЕНТІ

– Бүгінде кеншілер 280-320 мың теңге, ал, металлургтер 250-280 мың теңге жалақы алады. Блтырғы жылды сәтті аяқтадық. Дөң тау-кен байыту комбинаты, “Ақжар” жауапкершіліг шектеулі серіктестігі нәтижелі жұмыс жасады. Бұдан бөлек, төртінші цех 250 мың тонна болатын өнім өндірді. Биыл бұл көрсеткіш 80 мың тоннаға артық болады деп жоспарлап отырмыз

Жиында еуразиялық ресурстар тобы компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александар Машкевич “Қазхром” компаниясын 14 жыл басқарған Виктор Тильге еңбегі үшін алғысын білдірді. Кәсіпорынның жаңа директоры болып Арман Есенжолов тағайындалды. Ал, Виктор Тиль Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатын басқаратын болады. Александр Машкевич өз кезегінде еңбек ұжымына өндірісті одан әрі дамыту үшін жаңа міндеттер қойды.

АЛЕКСАНДР МАШКЕВИЧ, ЕRG КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

– Біз биыл ауқымды жобаларды жүзеге асырамыз. Бұл ақтөбеліктердің жайлы өмір сүруіне септігін тигізеді. Әлем бойынша сапалы өнімге сұраныс жоғары. Сондықтан кен өндіру көлемін арттыру қажет. Іске қосылған №4 цех толық қуаттылықта жұмыс істеуі керек. Әрі өндірісті цифрландыру тапсырмасы қойылды. Ойланыңыздар, ақылдасып, ұтымды шешім қабылдаңыздар. Біз өндірісті жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Оған үнемі қолдау көрсететін облыс әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді

Белгілі болғаны, қазір компанияда жастарға жағдай жасалып отыр. Мұны үнемі қадағалап отырған облыс басшысына кеншілер алғыстарын жеткізді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев “Қазхром” компаниясымен бірлесіп атқаратын жұмыстарды айтты. Биыл бірқатар жаңа жобалар қолға алынбақ.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

– Біз компаниямен әріптестігімізді одан әрі нығайтамыз. Әсіресе, шағын және орта бизнесті, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға көңіл бөлеміз.  Бұдан бөлек, жұмысшы мамандықтарға жастарды даярлап, еңбекке тартуымыз керек. Инвестиция көп болса, экономикаға жақсы әсер етеді. Хром өндірісіне 73 миллиард теңге бағытталып отырғанв өте жақсы көрсеткіш. Бұл инвестиция жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Биыл орташа жалақы 207 мың теңгеге жетеді. Бастысы – жұмысшыларды қысқартуға болмайды

Жиын соңында облыс әкімдігі, «Қазхром» ТҰК» АҚ және кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері арасындағы өзара ынтымақтастық жөнінде үш жақты меморандумға қол қойылды. Биыл ERG компаниясы бірқатар әлеуметтік жобаларды қаржыландырмақ. Қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, 2 миллиард теңгеге жетті. Бұл сома Хромтау қаласындағы орталық стадионның жөнделуіне, сондай-ақ, тау-кен техникалық колледжіне және Ақтөбе мен Хромтаудағы кеншілер үйіне жұмсалады. Бұдан өзге, Батыс-2 ауданында жеңіл атлетика манежінің және кәсіпорын қызметкерлеріне арналған көпқабатты үйдің құрылысына бағытталмақ.

Дереккөз: aktobetv.kz