ҚРКФ еліміздегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы жаңа бастамаларға жол ашуда

Бүгін KIOSH – 2018 халықаралық конференциясы және көрмесінің аясында «Еңбек қауіпсіздігі мәдениетін құрудағы кәсіподақтардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетов бүгінгі таңда Федерация шынайы сектор кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерді құру жұмыстарын күшейтуге ерекше назар аударатындығын айтып өтті. Өндірістік кеңестер 2016 жылдан бастап Еңбек кодексімен енгізілген қоғамдық бақылаудың жаңа құралы болып табылады.

Бүгінде Қазақстанда 12 мыңнан астам өндірістік кеңестер жұмыс істейді. Десек те, ҚРКФ бұл көрсеткішті тым төмен деп есептейді. Б.Нұрымбетов жұмыс берушілерге кәсіподақтардың өндірістік кеңестерді құру туралы бастамасын қолдауды және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған біріккен жұмыстарға кәсіподақ мүшелерін, техникалық инспекторларды кеңірек қатыстыруды ұсынды.

Сондай-ақ, Федерацияның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында әлеуметтік әріптестікті дамыту бойынша бірқатар маңызды бастамаларын айтып өтті.

Бірінші бастама Еурокомиссияға (European Agency for Safety and Health at Work) ұқсас Республикалық үшжақты комиссия жанында Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі кеңес құруға қатысты.

Екінші бастама Еңбек министрлігіне Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен әзірленген және 2017 жылғы 4 қыркүйекте Сингапурда Дүниежүзілік еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы жөнінде ХХІ конгресте жүзеге асырылған VisionZero («Нөлдік жарақаттанушылық») халықаралық бағдарламасына қосылуды ұсынады.

ҚРКФ тағы бір ұсынысы Финляндияда әзірленген Элмери жүйесі секілді шет елдердің озық жұмыс тәжірибелерін кәсіпорындарға қарқынды енгізу болып табылады.

Сандық технологияны енгізу, кәсіпорындарда өндірістік жарақаттанушылықты азайту және еңбек шарттарын бақылау сапасын арттыру мақсатында ҚРКФ «Қоғамдық бақылау» ұялы қосымшасын әзірлеуді және жүзеге асыруды ұсынады. Осы қосымша кез-келген азаматқа

жұмысшының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін еңбекті қорғау шартының бұзылуын байқаған жағдайда аталмыш жайтты телефонға сақтауға және осы жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, ҚРКФ және құқық қорғау органдарына хабарлауға мүмкіндік береді.

Біржан Нұрымбетов еңбекті қорғау ережелерін саналы түрде сақтау, өзіндік үлгісімен қауіпсіз жұмыс істеуге үйрету – кәсіпорын басшыларының ең бастапқы міндеті екендігі туралы пікір айтты.

Дөңгелек үстел аясында ХЕҰ еңбеккерлер қызметі жөніндегі Орталық Азия және Еуропа елдерінің кеңсе маманы Гоча Александрия, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» талдау бөлімінің басшысы Надежда Джумагулова, Астана қаласының бас мемлекеттік еңбек инспекторы м.а. Ерлан Исмағұлов, сондай-ақ, салалық кәсіподақ өкілдері сөз сөйледі.

Экономиканың шынайы секторынан «Қарағанды металл бұйымдары зауыты» ЖШС еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі бас инженер Оксана Бакалова және «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС хош иісті көмірсутектер өндірісінің инженер-технологы, техникалық инспектор Мейірман Бекқожаев өз ой-пікірімен бөлісті.