ҚРКФ және Халықаралық Кәсіподақтар Конфедерациясы (ITUC) ынтымақтастық мәселесін талқылады

Астанада ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшылығы Халықаралық Кәсіподақтар Конфедерациясының Бас хатшысының орынбасары Яаап Виенен бастаған (ITUC) делегациямен кездесті.

Тараптар кәсіподақ қозғалысы қызметінің құқықтық қырларын, Қазақстандағы кәсіподақтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін, жеке кәсіподақ көшбасшыларын қорғауға қатысты екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым соңғы жылдары Федерация тарапынан қамауға алынған кәсіподақ қозғалысының көшбасшыларына тағайындалған жазаны жеңілдету қажеттігі туралы құқық қорғау және сот органдарына бірқатар өтінімдер жасалғаны туралы айтты.

«Н.Құшақбаев пен А.Елеусиновтың түзету мекемесінен босап шығуы  ҚРКФ алдында тұрған маңызды міндет болып табылады. Оларға тағайындалған жазаның жеңілдетілуі Қазақстандағы жазаны ізгілендіру үрдісінің негізінде болатындығына сенімдіміз»  – деп атап өтті Б.Әбдірайым.

Кездесуде ҚР Үкіметі және жұмыс берушілер қауымдастығымен өзара ынтымақтастық қорытындысы, бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланыс орнатуға бағдар алынғаны туралы, ҚРКФ қызметін түбегейлі жаңғыртуға бағыт алған қазіргі жұмыстардың негізгі ерекшеліктері туралы айтылды.

Халықаралық Кәсіподақтар Конфедерациясының өкілдері ҚРКФ қызметіне қатысты ой-пікірлерін айтып, ҚР кәсіподақ қозғалысын заңнамалық тұрғыдан бекіту жөнінде ықыластарын білдірді.

Жақын арада ХКК делегациясы Астанада салалық кәсіподақтармен бірқатар кездесулер өткізеді.