Стамбұлда халықаралық кәсіподақтар конгресі өтуде

Стамбұлда Memur-Sen мемлекеттік қызметшілер кәсіподағы конфедерациясының ұйымдастыруымен «Адамдардың бәсекеге қабілеттілігі және жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбында халықаралық конгресс өтуде.

Конгресс жұмысына әлемнің 90 елінен 140-тан астам конфедерация қатысуда. Қазақстан атынан форум жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы  Бақытжан Әбдірайым және Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық  қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов қатысуда.

Конгрестің негізгі мақсаты соңғы жылдары кәсіподақтармен байланысты негізгі мәселелерді талқылау болып табылады. Атап айтқанда, «әлеуметтік диалог», «тұрақты даму», «лайықты жұмыс», «зорлық-зомбылық және жұмыста кемсітушілік» мәселелері сөз етіледі.

Сонымен қатар, конгресс мақсаты дүние жүзі бойынша кәсіподақ қозғалысының мәселелері туралы пікір алмаса отырып, тәжірибе алмасу, сондай-ақ, тұрақты ынтымақтастық үшін қатысушылар арасында білім беру жүйесін құру және біріккен бастамалар мен жобаларды әзірлеу арқылы жалпы туындайтын сауалдар мен мәселелерді шешу жолдарын және құралдарын талқылау болып табылады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы халықаралық кәсіподақ қозғалысының өкілдерімен құрылымды қатынасын нығайтуды жалғастыруда. ҚРКФ және Түркия кәсіподақтары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстандық тараптан меморандумға ҚРКФ Төрағасы Б.Әбдірайым қол қойды.

Memur-Sen мемлекеттік қызметшілер кәсіподағы конфедерациясы 1995 жылы құрылған. Оның мүшелері мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Бұл Түркиядағы ең ірі конфедерация, оның құрамында 997 000 адам бар.