ҚРКФ Халықаралық еңбек ұйымының өкілдерімен сындарлы келіссөз өткізді

Астанада ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшылығы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Ян Фарзан мырза бастаған өкілдерімен кездесті.

ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Кәсіподақтар федерациясы ҚР Еңбек кодексі мен кәсіподақтар туралы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатқандығын жеткізді. Салалық кәсіподақтармен бірге ҚРКФ ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Жұмыс тобының жұмысына тұрақты түрде қатысып отырады, соның ішінде қазіргі заңнаманы  ХЕҰ № 87 «Бірлестіктердің тәуелсіздігі туралы» Конвенция ережелеріне сәйкестендіру мәселесін көтеруде.

ҚРКФ мәліметтері бойынша бүгінгі таңда Қазақстанда ХЕҰ 24 Конвенциясы бекітілген, олардың 8 негізгі, 4 директивті және 12 техникалық конвенция болып табылады. 2010-2017 жылдар аралығында 7 конвенция бекітілді.

Өз кезегінде Федерация ҚР Үкіметіне ХЕҰ бірқатар Конвенцияларын бекіту туралы ұсыныс енгізді: «Толық емес жұмыс уақыты шарттарында жұмыс істеу туралы», «Әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаттары мен нормалары туралы», «Еңбек статистикасы туралы» және т.б.

ҚРКФ ұсыныстары өмір сүру деңгейін арттыру, әлеуметтік саясатты жетілдіру, еңбек саласындағы статистикалық мәліметтерді ұлғайту, толық емес жұмыспен қамту, жұмыс уақыты, үй қызметкерлерінің құқығын қорғау мәселелерін заңнамалық деңгейде шешуге мүмкіндік береді.

ХЕҰ өкілдері ХЕҰ Сарапшылар комитетінің ескертпелерін болдырмауға қатысты пікір айтып, ұсыныстар жасады. Сондай-ақ, ҚРКФ қызметі мен ҚР Кәсіподақтар қозғалысын заңнамалық тұрғыда нығайтуға қатысты ой білдірді.

Кездесу соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ 100 жылдық мерейтойы қарсаңында еңбек саласының келешегі мәселесіне арналған ауқымды іс-шара өткізу туралы идея айтты.