Қауіпсіздік мәселелері қоғамдық бақылауда!

Қарағанды облысында 2018-2020 жылдарға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша “Қауіпсіз еңбек” бағдарламасын облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев мақұлдады.  

Кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінен тұратын күшті индустриалды әл-ауқатқа ие Қарағанды облысында 2017 жылы өндірісте 118 төтенше оқиға болған, 34 жағдайда өлімге алып келген.

Өндірістік үрдістерді қоғамдық бақылау және тексеруді қамтамасыз ету, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2018-2019 жылдарға арналған жаңғырту жол картасын жүзеге асыру мақсатында Кәсіподақ орталығы «Қауіпсіз еңбек» аумақтық бағдарламасының әзірленуіне бастамашы болды.

Бағдарлама жобасы салалық кәсіподақтардың аумақтық құрылымдарының үйлестіру комиссиясының отырысында, ірі еңбек ұжымдарында және еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестік жөніндегі аумақтық облыстық үшжақты комиссияның жұмыс тобында талқыланды. Талқылауға әлеуметтік әріптестер болып табылатын Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы мен Еңбек инспекциясы басқармасы белсенді қатысты.