Талдықорғанда еңбек инспекторларына арналған семинар өтті

Бүгін білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымы техникалық инспекторларға арнап «ҚР Еңбек заңнамасын қолдану тәжірбиесі, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау» тақырыбында семинар өткізді.

Оған Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының бас мамандары Хамидолла Сағындықов және Батыр Әлиев, Алматы облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қ.Жақсылық, Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының инспекторы Ә.Арапов, аудандық, қалалық комитеттері мен оқу орындарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар қатысты.

Өндірістік кеңестердің жұмысын жандандыру, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың біліктілігін арттыру, есеп беру сайлау жиналыстарын жоғары деңгейде өткізу бойынша бастауыш кәсіподақ ұйым төрағаларына әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған семинарды Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров жүргізіп, аумақ бойынша еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөнінде өндірістік кеңестер құрылғандығын жеткізді. Сонымен қатар, бүгінгі күні облыстың білім беру ұйымдарында 478 техникалық инспектор жұмыс істейтінін және жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі мен техника жағдайын қадағалайтынын баса айтты.

Сөз кезегін алған Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының бас маманы Батыр Әлиев «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес өндірістік кеңестерінің рөлі мен міндеттері туралы» баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталса, салалық кәсіподақтың бас маманы Хамидолла Сағындықов кәсіподақ ұйымдары үшін маңызды оқиғаның бірі – есеп беру – сайлау науқаны жайы сөз етті.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға кәсіподақ өкілдері жауап беріп, өзара пікір алмасты.