Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің отырысы

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының Атқару комитетінің отырысы өткізілді. Оған салалық кәсіподақ салаларының өкілдері қатысты. Атқару комитетінің отырысында: “ҚР кәсіподақтар Федерациясының 2018 жылғы 10 ай бойынша атқарған жұмыстары”

“ҚР кәсіподақтар қозғалысының одан әрі дамуы бойынша федерацияның кезектен тыс ХХV съезінде қойылған міндеттерді іске асыру шаралар Жоспарының жобасын бекіту”,

“Аймақтарда еңбек қатынастарының жай-күйі мен еңбек дауларының алдын алу және шешу жөніндегі қабылданған шаралары”,

“Еңбек шартын жасаңыздар” акциясының іске асырылу барысы туралы және тағы да басқа мәселелер қаралды.

Алдымен сөз алған ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге кеңінен тоқталды.

Еліміздегі ірі қоғамдық ұйымдардың бірі болып табылатын кәсіподақ Федерациясы өз құрамына 1,9 млн. кәсіподақ мүшелерін, 38 ұйым мүшелерін және 18 268 бастауыш кәсіподақ ұйымдарын біріктіріп отыр.

Кәсіподақтар жұмысының тиімділігі үшін ұжымдық шарттар маңызды құрал болып табылады. 2018 жылдың 1 қарашасына дейін республика бойынша 82 024 ұжымдық шарттар жасалған, бұл еліміздегі әрекеттегі (барлығы 234 731) кәсіпорындар мен ұйымдардың 34,9% қамтиды. Соның ішінде республикадағы кәсіподақтар бар кәсіпорындарда 17 000 аса ұжымдық шарттар бекітілген, яғни 98 %. қамтылған.

Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі, республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері мен республикалық кәсіподақтар бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды. Бұл еңбеккерлердің лайықты еңбек шарттарын қамтамасыз етуге негіз болады.

Елбасының Жолдауына сәйкес кәсіподақ Федерациясы ең төменгі жалақы мөлшерін алатын мамандықтардың жалақысын көтеруді қолдап, ықпал жасап, назардан тыс қалдырмайды.

Үстіміздегі жылы Кәсіподақтар федерациясы Жоғарғы сотпен арада еңбек дауын шешудің баламалы механизмдерін қолдануға және еңбек заңнамасын сақтауда өзара әріптестік меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында “Татуласу орталығы” құрылып, онда ҚРКФ-ның медиаторлары мен судьялар арасында еңбек дауы мен әлеуметтік мәселелерді реттеуге арналған жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі күні 16 аумақтық кәсіподақ ұйыммдарының базасында 4 татуласу орталығы және 12 медиация кабинеттері жұмыс істейді.

2018 жылды «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп хабарлады. Бұл бастама еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен әлеуметтік әріптестері – «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер конфедерациясымен бірлескен «Еңбекті қорғаудағы профилактика мәдениетін бірге арттырамыз» республикалық акциясы бастау алды.

Соынмен қатар ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым жиынға қатысушылардың жұмыстарына сәттілік тілеп, 1 желтоқсан ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында “Қамқор Магистраль” транспорт жөндеу кәсіпорындарының салалық кәсіподағының” төрайымы Светлана Бауыржанқызы Байқадамованы, Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің сектор меңгерушісі Нұрлыбек Қалыбекұлы Жұмашты“Астананың 20 жылдығы” мерекелік төс белгісімен, “Қазақстан Республикасы байланыс және телекоммуникация қызметкерлерінің салалық кәсіподағының” төрағасы Уәлішер Әбуұлы Байсариевты “Құрметті ардагер” төс белгісімен марапаттады.

Кеңейтілген мәжілісте ҚР Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптестерге, азаматтық қоғамға және кәсіподақтар қозғалысына Үндеуі жариаланып қабылданды.