ҚРКФ-тың Кәсіподақтардың дүниежүзілік конгресінде мүшелігін тоқтату туралы шешімнің негізі жоқ – ҚР Кәсіподақтар федерациясы

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Копенгагендегі конгресс жұмысы барысында Кәсіподақтардың дүниежүзілік конгресінің  мүшелікті тоқтату туралы шешімімен келіспейді, деп хабарлайды ҚРКФ баспасөз қызметі.

ҚРКФ ынтымақтастық қағидасына сүйене отырып, ХКК-тың кәсіподақ ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы мәлімдемесін дәйекті түрде қолдайды. ҚРКФ делегациясы осы ұстанымды 2018 жылғы 2-7 желтоқсан аралығында Копенгаген қаласында өткен халықаралық конгрес барысында да көрсетті.

ҚРКФ кәсіподақтар қызметінде ынтымақтастық қағидасын әрқашан ұстанған және ұстануда, сондай-ақ, ХКК-тың ынтымақтастық кампаниясын қолдайды.

Осылайша, 2018 жылғы сәуірде ҚРКФ Қазақстанның құқық қорғау және сот органдарына тұтқынға алынған кәсіподақ мүшелері Ә.Елеусінов пен Н.Құшақбаевқа қатысты шешімді қайта қарау туралы ресми үндеу жіберді және біріккен күштің арқасында сот шешімімен олар мамыр айында абақтыдан мерзімінен бұрын шартты босатылды. 2018 жылғы мамырда ҚРКФ ХКК-тың ХЕҰ-на Қазақстан жөніндегі шағымын ресми қолдады. 2018 жылғы қазанда ҚРКФ ҚКХП кәсіподақ қайраткерлері О.Рубахова және Ж.Әбішевтің Қазақстанның құқық қорғау және сот органдарына шығарылған үкімді жою және кәсіподақты тіркеу мәселелері туралы арызын қолдау үшін ресми үндеу жариялады. ҚРКФ жаңа кәсіподақтарды құруға қатысты кез-келген бастаманы нақты қолдайды, осыған орай Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу кезіндегі жағдайға қатысты қатты алаңдаушылық білдірді. 2018 жылғы қарашада ҚРКФ жылу-энергетикалық кешен қызметкерлерінің салалық кәсіподағының филиал төрағасы Д.Синявскийге  жасалған шабуылға қатысты ресми мәлімдеме жариялап, осындай өрескел іс-әрекетті айыптады.

Ағымдағы жылғы қыркүйекте ҚРКФ халықаралық сарапшылармен бірлесіп ХЕҰ және ХКК ұсыныстарына сәйкес кәсіподақтар туралы заңға бірқатар өзгерістер дайындады және белгіленген тәртіпте ҚР Үкіметіне енгізу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми енгізді.

Сондай-ақ, ҚРКФ ХКК құрылымдары ХКК Жарғысындағы үрдістерді  сақтамай, Федерацияның кәсіподақ ұйымдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында өткізетін жұмыстарын ескерусіз қалдырып, ҚРКФ-тың мүшелігін тоқтату туралы шараларды қолданғанын атап көрсетеді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы осындай іс-әрекеттерді дұрыс емес деп есептейді, себебі ХКК-те мүшелікті тоқтату үрдісі ХКК Жарғысының өрескел түрде бұзылуымен өткізілді.

Осылайша, ХКК Жарғысының IV (а, b) бабына сәйкес мүшелікті тоқтату туралы шешім ХКК Бас кеңесінің құзыретіне кіреді, ал шығару туралы шешімді ХКК Конгресі қабылдайды. Бас кеңес немесе Конгресс қазіргі Жарғыға немесе ХКК мүддесіне кереғар деп санайтын іс-әрекеттер мүшелікті тоқтату немесе шығаруға негіз болып табылады. Шешім қабылдаудың алдында айыптаулар тыңдалады. Бас кеңес осындай тыңдалымдар үрдісін анықтайды. Шешім Бас кеңес мүшелерінің немесе Конгресс делегаттарының төрттен үш дауыстарының көпшілігімен қабылданады.

Дегенмен, ХКК Жарғысының осы талаптары өрескел бұзылды, осы мәселеге қатысты Бас кеңестің отырысы өткізілмеді, Бас кеңес анықтаған үрдіс бойынша тыңдалымдар тағайындалмады және шешімді Бас кеңес емес, Жарғыға қарсы Мандаттық комиссия мүшелері қабылдады. Осы мәселе бойынша конгресс делегаттары дауыс бермеді.

Аталмыш үрдістің Жарғыға және парасатты пайымға қарама-қайшы  өткенін ескере отырып, ҚРКФ делегациясы Копенгагендегі жұмысын жасанды түрде шектелген шамада жалғастырды. Осы уақытта ҚРКФ БАҚ және әлеуметтік желілерде үйлестірілген және жоспарланған негізсіз ақпараттық шабуылдарға тап болды. Бұл іс-әрекеттерге ХКК жеке функционерлері тікелей қатысты.

ҚРКФ атқарылған жұмыстарды, сондай-ақ, Конгресс барысында жіберілген өрескел үрдістік қателіктерді ескере отырып, ХКК-тың ҚРКФ мүшелігін тоқтату туралы шешімі әділетсіз екендігіне және саяси мәнге ие екендігіне сенімді.

Туындаған жағдайлардың бірмәнді еместігіне қарамастан, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Қазақстанда демократиялық кәсіподақтар қозғалысын жаңғырту және дамытуға қатысты белсенді жұмыстарын жалғастыруда және әрі қарай құрылымды диалогтың құрылуына және ойға салынған шешімнің шығарылуына үміт білдіреді.