Еңбек адамы – мемлекет тірегі

Жұмысшылар өз құқықтарын білмегендіктен, жұмыс беруші тарапынан қысым көруі мүмкін, әрдайым өз кәсіби және интелектуалдық деңгейлерін көтере алмайды, ұжымның қоғамдық өміріне араласа алмайды. Көбінесе жұмысшылардың шағымдарын мемлекеттік шенеуніктер мен жұмыс берушілерге жеткізу мүмкіншілігі бола бермейді.

Қалалық кәсіподақ ұйымдарының үйлестірушісі ретінде Астана қалалық Кәсіподақтар орталығы жұмысшылардың құқығын қорғауға атсалысады.

2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының жүзеге асырылуы аясында барлық мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық көріністерін жою мақсатында қызмет алушыларға қолайлы жағдай туғызуы үшін құрылған «Астана – адалдық алаңы» жобасы оңды жұмыстар жасап келеді, – дейді Астана қаласы бойынша аймақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Тастанбек Есентаев. Оның айтуынша, қанша шаруалар атқарылып жатса да, экономикамызға зиян келтіріп отырған, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге кедергі жасайтын бірқатар салаларда жемқорлық орын алып отыр.

Ағымдағы жылы №9 қалалық емхананың мейірбикесінен бас дәрігер мен меңгеруші тарапынан қысым көріп отырғаны жайында арыз түсті. Мейірбике балалар хирургиясы және травматолог-ортопед қабылдауында, оған қосымша жарақатты таңу, ірің-жарақатты таңу бөлімінде және гипс материалдарымен жұмыс бөлімінде мейірбикелік қызметті қатар алып жүрген. Бірақ, оған еңбек заңдылығына сәйкес еңбекақы төленбеген. Басшылық тарапынан қысым көрген мейірбике бес адамның орнына жұмыс істеп, тек бір жарым ставканың ақысын алып келген. Қалалық кәсіподақтар орталығы мен қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қызметкерлерінің бірлесіп жұмыс жасауымен бүгінгі күні аталған бұзушылықтарды жоюға және мейірбикеге берілген өтемақыны төлеуге барлық қажетті шаралар қабылданыпты.

Сонымен қатар, салалық кәсіподақтар мен қалалық құрылымдар кәсіподақ мүшелерінің еңбегін, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын және мүдделерін қорғау бойынша мақсатты жұмыстар атқарып отыр. Астана қаласы бойынша аймақтық кәсіподақтар орталғының төрағасы Тастанбек Есентаевтың мәліметінше: «Астана Қалалык жарық» ЖШС, «GLB» ЖШС және «Шар – Құрылыс» ЖШС-де еңбекақыны уақытылы төлемеу фактілері орын алған. Аталған серіктестіктердің басшыларымен келіссөздер жүргізілгеннен кейін жағдай қалпына келе бастады. Қазіргі күні басшылар жұмысшылармен арадағы еңбек дауын шешуге өзара түсіністікпен реттеуге және еңбекақыларын жыл аяғына дейін төлеуге келіссөздер жасауда.

Астана қалалық Кәсіподақтар орталығына № 3 Балалар музыка мектебінің ұжымы жүгінген. Ұстаздарды қосымша білім беретін мұғалімдердің мәртебесі толғандырады. Қосымша білім беретін мұғалімдердің санаты В2 болса 2016 жылдан бастап В3 болып өзгертілген, яғни олардың еңбекақылары төмендеген. Қарапайым сөзбен айқтанда, олардың жоғары білімдері болса да “пионер

кезекшісімен” теңестірілген. Сонымен бірге олардың еңбек және демалыс күндерінің еңбекақысы азайған. Соның салдарынан олар азаматтық қызметкер санатына ілікпей қалып жеңілдікпен баспана алу кезегіне тұра алмайды. Оның қасында білім беру ошағынs4 көлік жүргізушілері азаматтық санатында тұр. Мектеп директорының сөзінше астанада барлығы 500 мұғалім еңбек ететін 3 музыка мектебі бар екен. Бірақ олардың басым бөлігі еңбекақының аздығынан басқа мектептерде қосымша жұмыс істеуге амалсыздан барып отыр.

Кәсіподақтар орталығы мектеп ұжымының шағымын жуық арада әлеуметтік әріптестік жөніндегі қалалық комиссияның отырысында оңды шешім шығару үшін қарайтын болады.