Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары жалғасуда

Бүгін 22 ақпан күні жұмыс сапары аясында «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» РҚБ төрағасының орынбасары Қ.Қ.Жаңабеков «Нұржанар» акционерлік қоғамында болып, ұйымның бас директоры Р.Ахметовпен кездесті. Сонымен қатар, «Нұржанар» АҚ өндірістік алаңдары мен цехтарында болып, заманауи жабдықтармен жабдықталған цехтардағы сусындарды дайындаудың өндіріс үдерісімен танысты.

1971 жылы Орал сыра зауыты ретінде негізі қаланған «Нұржанар» АҚ Батыс Қазақстандағы сусын өндірісі бойынша жетекші кәсіпорындардың бірі. 10-нан астам сусын түрлерін өндіретін «Нұржанар» сауда маркасының өнімі отандық нарықта ғана емес, көршілес Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара, Оренбург және Саратов қалаларында сұранысқа ие. Заманауи автоматты желі бойынша өндірістік жабдықтың кешенді модернизациясынан өтіп, алдыңғы қатарлы технологияларды игерген зауытта 200-ден астам адам еңбектенуде.

Кездесудің басты мақсаты – ұжымда кәсіподақ ұйымын құру. Кәсіподақтардың басты міндеті – еңбек адамының құқықтарын қорғай отырып, олардың әлеуметтік әлеуетін арттыру болып табылады. Кездесу барысында Қ.Қ.Жанабеков «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағының жұмыс бағытымен таныстырып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуы, олардың әлеуметтік тұрғыдан лайықты қамтамасыз етілуі, еңбек дауларының алдын алу мен оларды шешу кәсіподақтардың негізгі жұмысы екеніне тоқталып, қазіргі уақыттағы кәсіподақтың маңыздылығын түсіндірді.