ҚРКФ Төрағасы Батыс Қазақстан облысының кәсіподақ төрағаларымен кездесті

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Батыс Қазақстан облысының салалық және жергілікті кәсіподақ төрағаларымен кездесті.

Кездесу барысында Б.Әбдірайым қатысушыларға кәсіподақ қызметін ұйымдастырудың бастапқы алғышарты ретіндегі, атап айтқанда – жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек шарты, еңбек ұжымында кәсіподақ құру және ұжымда жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында ұжымдық шарт жасау сияқты 3 қадам туралы, сондай ақ кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау мақсатында кәсіподақ кадрларын қазіргі таңдағы заңнамалық өзгерістер мен заман талабына сай оқыту, білім беру және біліктілігін арттыру қажеттілігіне аса көңіл бөлінетіні туралы атап өтті.

Қазіргі таңда облыста 900-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымдары, 75 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері бар. Жиында облыстық салалық және жергілікті кәсіподақ төрағаларының кәсіподақтар жұмыстары туралы қысқаша ақпараттары тыңдалды. Соның ішінде, білім саласы бойынша ұстаздарға шипажайлық-курорттық емдеу жәрдемақысы, бастауыш мектеп мұғалімдері жалақысының қысқаруы, жалақыларын 30% өсіру, 5 күндік жұмыс күнін бекіту сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

Бақытжан Жарылқасынұлы кәсіподақтар жұмысының жаңғыруы, жандандырылуы бойынша уақыт талабына сай жүргізілетін жүйелі жұмыстар қажеттілігіне баса назар аударып, өзекті мәселелерді шешу жолдары мен тетіктері жайлы нақты ойларымен бөлісті.