КӘСІПОДАҚ – ЖҰМЫСШЫЛАР ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ ТІРЕГІ

Еңбек қауіпсіздігі мен қорғау Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының тұрақты назарындағы мәселе.

Федерация әлеуметтік әріптестік шеңберінде жұмысшылар үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау, өндірістік жарақат пен кәсібіне байланысты ауру-сырқауға ұшырауды азайту мақсатында қолдан келер барлық іс-шараларды қарастырып отыр.

2019 жыл «Қауіпсіз еңбек» жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек қауіпсіздігі және қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру Кеңесінің отырысы өтті. Оның жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталин де қатысты.

Осы мәжіліс 2019 жылы әлеуметтік әріптестермен бірлесе атқаратын ақпараттық жұмыстардың бастауы болып отыр. Жұмыс берушілер мен жұмысшылардың еңбек құқықтары мен міндеттерін сақтау, өндірісте жазатайым жағдайларды мүлдем азайту осы ақпараттық кезеңдегі басты назар аударатын мәселелер болады.

Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы атынан мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, өндіріс орындарының басшыларын еңбек ұжымдарындағы іс-шаралардың орындалуына белсенді түрде қатысуға шақырды.

ҚРКФ төрағасының орынбасары елімізде өндірістік жарақат деңгейі жоғары екеніне, бұл әлеуметтік мәселені шешу қажеттігіне баса назар аударды.

-2018 жылы 191 кәсіпорында 221 адам қайтыс болды. 160 кәсіпорында жұмыс берушілер кінәлі екені анықталды, – деді С.Дәулеталин.

Оның сөзіне қарағанда, қайғылы жағдай көбіне жұмыс берушілер мен жұмысшылардың еңбекті қорғау бойынша білімдерінің төмендігі және осыған байланысты тиісті талаптарды орындамаудың салдарынан орын алады.

Сол себепті Кәсіподақтар федерациясы тарапынан әлеуметтік әріптестік шеңберінде «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламаларын жүзеге асыру, «Еңбекті қорғау саласында профилактикалық мәдениетті бірге көтереміз!» республикалық акциясын, сондай-ақ ҚР Кәсіподақтар федерациясының үздік техникалық инспекторы» конкурсын өткізу үшін кешенді іс-шаралар қарастырылып отыр.

Кәсіподақтар федерациясы 2018 жылды еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы деп жариялаған болатын.

Осыған орай жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде еліміздің кәсіпорындары мен ұйымдарында 12 855 еңбек қауіпсіздігі және қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылған. 17 914 техникалық инспектор

республикадағы еңбекті қорғау жағдайына байланысты қоғамдық бақылау жүргізеді.

Әйтсе де оның айтуынша, республикада жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың бар-жоғы 10 пайызында ғана өндірістік кеңестер құрылған.

Сатыбалды Дәулеталин еңбекті қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін «Қауіпсіз еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жасап қабылдау қажеттігі жөнінде ұсыныс жасады.

Ол сонымен бірге еңбек заңдылығын реформалау жөнінде де бірқатар ұсыныстар білдірді. Әңгіме өндірістік жарақаттардың алдын алу, өндірістік кеңестердің ролін күшейту, жұмыс берушілерді жұмысшылардың кез-келген жарақатына назар аударуға міндеттейтін жаңа заңдылық нормаларын қарастыру, сондай-ақ өндірістегі бақытсыз жағдайларды бақылау мен есеп жүргізудің Бірыңғай ақпараттық жүйесін жасау жөнінде болып отыр.

-Үкіметтің, жұмыс берушілер мен кәсіподақтың бірлескен күш-жігері және мемлекеттік бақылау мен қадағалау органдарының қолдауы арқасында ғана жұмысшыларға дайықты еңбек жағдайларын жасауға қол жеткізе аламыз, – деді Сатыбалды Дәулеталин.