Елордадағы үгіт-насихат науқаны абзал жандардан басталды

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың Республикалық қоғамдық штабының сенімді өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы Онкологиялық ауруханасында еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуде 100-ге жуық медицина қызметкерлері қатысты. Жиында А.Таспиховтың сенімді өкілдері – республикалық қоғамдық штабының тең төрағасы С.Дәулеталин, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Ақпараттық-талдау орталығының директоры С.Мұқашев, Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Т.Есентаев, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы С.Дүйсенов, “Senim” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы қалалық филиалының төрайымы Г.Құлқаева болды.

Ең алдымен кандидаттың сенімді өкілдері еліміздің денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін – халықаралық медбикелер күнімен құттықтаудан бастады.

А.Таспиховтың республикалық қоғамдық штабының тең төрағасы С.Дәулеталин кандидаттың еңбек жолы мен адамгершілік тұлғасын баяндап, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Ол кандидаттың тұғырнамасында еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғауға қатысты мәселелерге басымдық берілгенін, әсіресе, жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, еңбек қауіпсіздігі, лайықты еңбекақы мен ұжымдық шарттың маңыздылығы қарастырылғанын айта келе, кәсіподақтардың ұстанып отырған бағыт-бағдары мен нақты қадамдары сайлаушылар тарапынан қолдау табатынына ниет білдірді.

Сондай-ақ, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы С.Дүйсенов: «Бүгінгі таңда Қазақстанның ауылдық жерлерінде денсаулық сақтау жүйесін дамыту маңызды болып табылады. Кәсіподақтар тарапынан ауылдық елді мекендерде қызмет ететін жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетуге ерекше мән беріліп отыр. Биыл «SENIM» салалық кәсіподағы аудандық медициналық мекемелерге қажетті жас мамандарды ынталандыру мақсатында 500 000 теңгенің сертификатын бере бастады», – деп атап өтті.

Кездесуде сайлаушылар өздерін толғандырған сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді.