ҚРКФ Төрағасының орынбасары С.Дәулеталин Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Я.Файзуллаевпен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ғимаратында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталин Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Яркун Файзуллаевпен кездесті. Кездесу барысында қос тарап халықаралық әріптестікті нығайту, бауырлас елдер арасындағы достық байланысты күшейту жолдарын талқылады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан кәсіподақтары тарихта тұңғыш рет сайлауға қатысу үшін өз кандидатурасын ұсынғаны туралы айтты. Бүгінде кәсіптік одақтар еңбекшілердің мүддесі мен құқын қорғайтын маңызды қоғамдық институт болып табылады.

Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясының атынан ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың еңбек жолымен таныстыра отырып, кәсіподақ ұйымындағы қызметіне тоқталды, Президенттікке кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының өзекті тұстарын айтты.

Кәсіподақтардың сайлауға қатысудағы басты мақсаты – еңбеккерлердің мүддесін қорғау болып табылады. Осы орайда еліміздің кәсіподақтары сайлау науқанына қатысу арқылы қоғам мен билік назарын еңбек қатынастарына қатысты бірқатар мәселелерге аударуға ниетті.

Өз кезегінде Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Яркун Файзуллаев Қазақстан кәсіподақтарының осындай маңызды қадамына оң баға беріп, сәттілік тіледі.

Кездесу соңында Яркун Файзуллаев ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың Республикалық қоғамдық штабымен танысты.