КӘСІПОДАҚ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Маусымның 9-нда Қазақстанда  президенттік сайлау өтеді деп белгіленді. Өте орынды деп есептеймін. Бүкілхалықтық сайлаудан өтпеген соң, құлаш кеңге жайылмайды, көпшілік қолдауына ие болу қиынға соғады. Бұл тек менің ғана емес, көптеген кездесулерден кейін қалыптасқан кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің де пікірі.

Сайлауға түсетіндердің өзіндік бағдарламасы болуы заңды. Сондай бағдарламалар түзіліп, екшеліп, нақтыланып жатқан кез қазір. Міне, сол бағдарламаларда энергетиктерді толғандырып жүрген, шешуі күрмелген мәселелерге қаншалықты көңіл бөлінген? Кәсіподақтар көтеріп жүрген сұрақтарға жауаптар қаралған ба? Мемлекеттік әлеуметтік қорғау аясында жұмыскерлердің еңбек етіп жатқан жерінде, ұжымында осы қорғау шаралары қаншалықты тиімді жүзеге асырылуда? Экономиканың қантамыры іспеттес біздің саланың бастан асып жатқан мәселелері түйінделмей, басқа салалар дамымайтынын кандидаттар қандай деңгейде сезінуде? Ендеше осы төңіректе ой өрбітіп, пікір білдірсем деймін.

Айтары жоқ, қазір мемлекет пен кәсіподақтар арасында түсінушілік қалыптасқандығын қанағаттана жария ете аламын. 2014 жылғы 27 маусымдағы «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының заңы біздің дамуымыздағы алтын сатыдай болғандығын, көзіміз ашылып, қанатымыз сомдалғанын қалай жасырасың. Осы заң аясында құрылған «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігіне бүгіндері 100-ден астам жергілікті кәсіподақ пен филиалдар кіреді. Уақыт динамикасына қарасақ, олардың саны жылдап өсуде. Біздің құрамдас бөлігіміз ғана емес, тірегіміз, негізіміз болып табылатын сол бастауыш ұйымдардың жағдайы толғандырады мені. Себебі оларды нығайту жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқандығы көзге ұрмай тұр. Әр мекемеде басшы бар десек, солардың барлығы бірдей кәсіподақ ұйымымен қоян-қолтық араласып жұмыс жасап жатыр десек, мұнымыз шырылдаған шындыққа жанаспас. «Тікірейгенге шікірейген» деп, еңбек дауымен сот алдында бірінің абыройын екіншісі төгіп жатқандары да бар.

Былай қарағанда, жағажыртысқа негіз де жоқ сияқты: екі жақ та заң талаптарын орындап, ұжымдық шартпен бекітілген кепілдіктерді қамтамасыз етсе болды, қой да тыныш, қасқыр да тоқ көрінеді. Іс жүзінде кәсіподақ төрағасы жұмыскерлердің талаптары мен өтініштерін айта келсе, кәсіпорын басшысы мұнысын басынғандық деп қабылдап, кәсіподақты ырқына көндіріп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағасы келеді де тұрады. Осыдан барып еңбек дауындағы Дайрабайдың көк сиыры мөңірейді, айтыс-тартыс белең алады.

Мұндайдың алдын алатын жол бар ма дегенге келсек, «баланы бастан, келінді жастан тәрбиеле» деген қазақы салтпен «басшыны оқу орнынан тәрбиелеу» керек сияқты. Осы бағытты ұстанып, жақында Алматы энергетика және байланыс университетіне барып, оқу орнын бітіруші болашақ энергетиктермен кездесу өткіздім. Бір жыл өтер, он жыл өтер, түбінде сол студент кәсіподақ басшысы, цех бастығы, бас инженер болар, сол кезде кәсіподақпен қалай жұмыс жасау керектігі туралы ұғым осы ЖОО қабырғасында қалыптасса, мұның әлеуметтік әріптестікке келтірер пайдасы мол болмақ. Сондықтан да студенттермен кәсіподақ дегеніміз не, оның мақсаттары мен ұмтылыстары, компания өміріндегі алар орны, өзара қарым-қатынастың заңды да тиімді жолдары, ұжымдағы қалыпты жағдайды қамтамасыз етудегі атқарар ролі тақырыптары төңірегінде сындарлы әңгіме болды.

Түйсінгенім, мұндай кездесулер жүйелі түрде өткізіліп тұрса, болашақта ұжыммен кездесуден тайсақтап, басын ала қашатын, жалақы, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік жеңілдіктер мәселелерін саналы да жүйелі түрде шешуге қабілетсіз басшылар саны азая түседі. Керісінше, кәсіподақты жүкті жұмыла көтеретін сенімді иық ретінде қабылдайтын, ортақ мақсатқа бірге ұмтылатын серік деп түсінетін басшылар көбейеді. Өкінішке орай, қазіргі кезде бір компанияның ішінде екі-үш кәсіподақ құрып, оларды бірін-біріне айдап салып, ортасына от жағып жүрген жұмыс берушілер бар. Онысын жетістік санайтынын қайтерсің! «Екі кісі ерегіссе, арасынан епті кісі қатын алардың» кебімен «бөлінгенге бөрі болып» тиіп, жұмыскерлер құқығын белден басып тайраңдағанын көргенде, ертең ұжымдық шарт талаптарын орындамағаны үшін басымен жауап беретінін сезінбейтініне таң қаласың.

Сайлау мәселесіне оралар болсақ, партиялар ұсынған үміткерлер ертең-ақ өз бағдарламаларымен кәсіпорындарға барып, саналы да белсенді сайлаушылар болып табылатын жұмыскерлермен кездеседі. Сонда олар қандай мәселелерді шешетінін айтпақ? Жалпылама сөзбен, жалаң ұранмен, құрғақ уәде, бояма болашақпен қызықтырмақ па? Әлде нақты істер тізбесімен, шешімін күткен түйінді сұрақтарға тура жауаптармен бе?

Сондай сұрақтың екеуі энергетиктермен кездесуге келген үміткерлерге қойылатыны анық: неліктен энергетика саласында орташа жалақы деңгейі жалпыреспубликалық деңгейден төмен қалып, өндіруші салалардың соңында тұр? Екінші сұрақ: кәсіподақ ұйымдарының қадірі неге төмендеп кетті?

Алғашқысына жауап үкімет тарапынан қарастырылатын шығар деген үміт жоқ емес, өйткені экономиканың қантамыры іспеттес саланы сансырату жалпы мемлекеттің жағдайын төмендету екенін түсінетін уақыт жетті. Екінші сұраққа жауап та Ньютонның биномындай соншалықты күрделі емес: кәсіподақты қолдау – жұмыскерді қолдау, жұмыскердің әлеуметтік деңгейі жоғарылаған сайын отбасының күйі де жақсарады. Отбасындағы жайлы жағдай – елдегі тұрақтылық кепілі. Осылайша, кәсіподақты қолдаған үміткер, айналып келгенде, елдің жайын ойлаған болып табылады.

Қай нәрсенің құндылығы салыстырмалы түрде анықталады емес пе, өскеннің бағасын өткен беріп отырады. «Бұрындары кеңестік кәсіподақ қандай бай еді, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмайтын, қатыспаған жарысымыз, біліспеген танысымыз болмайтын. Аста-төк кез екен ғой!» деген күрсіністер бүгінгі кәсіподақ комитеттерінің жадау күйін суреттейді-ақ. Бірақ бөліп-таратушы жүйенің бұқаралық ұйымына қаржы қайдан келді, қазір  қай көзден құйылып жатыр деген сұрақты ешкім қоймайды. Ол кезде кәсіподаққа ақша мемлекет тарапынан әлеуметтік сақтандыру саласы арқылы бөлінетін. Бүгіндері мемлекет осы саланың ақшасын еңбек және әлеуметтік қорғау органдарына жібереді. Мұныңыз жалақы қорының 3,5%-ы деңгейін құрайды да, кәсіпорындарға салынатын міндетті төлемдер қатарында қатаң бақыланады. Компания сонымен қатар өз жұмыскерлері үшін қосымша әлеуметтік қолдауға қаржы бөледі. Спорттық-бұқаралық шараларға қаржы бөледі. Қоғамдық-мәдени шараларға қаржы бөледі. Әкімдіктер тізімін берген күнкөрісі төмен адамдарға көмекке қаржы бөледі. Жағдайы нашар жұмыскерлеріне қаржы бөледі. Бір рет емес, бірнеше рет осылайша төлем жасаған басшының басы қатады. Ал мемлекеттік органға бөлінген қаржы ортақ нанға жағылған мардымсыз майдай көрінбейді, әсерлілігі өте төмен. Осыдан барып әлеуметтік ортада  мемлекеттік қолдауға көңілтолмастық орын алып, қоғамда қарсылық білдіру нышандары сезіле бастайды. Сонда өз мүшелерінің жалақысының 1%-ына ғана жарғылық міндеттерін атқарып жатқан кәсіподақ комитеттері мардымсыз қаржымен қай жыртығын жаппақ?!

Президенттіктен үміткерлердің бағдарламасына ұсынысымыз, әлеуметтік сақтандыру қорына аударылатын жалақы қорының 3,5%-ын құрайтын міндетті төлемнің кәсіпорындар  2 пайызын мемлекетке, 1,5 пайызын өз кәсіподағына аударсын. Сонда жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей аударым ретінде мекеме басшыларының мойнынан ауыр жүкті алатын еді. Осындай қаржылық көмек арқасында кәсіподақ жұмысы жанданып, кәсіпорындардағы жұмыскерлер құқығын қорғау жаңа деңгейге көтерілер еді. Мәселе түйінін тарқатамын деген президенттіктен үміткер 2 миллион кәсіподақ мүшелерінің дауысына ие болатына күмәнданбасын.

 

Оразбек БЕКБАС,

«Казақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы»

қоғамдық бірлестігінің төрағасы.