“Мұғалім-2019” атты облыстық 11-ші спартакиада салтанатты түрде ашылды

Өңірдегі колледж оқытушылары арасында “Мұғалім-2019” атты облыстық 11-ші спартакиаданың жалауы көтерілді. 23 команда мен жүзден артық ұстаз қатысқан шараның биылғы ерекшелігі – құрамалардың жаңарып, жастардың көбеюі. Сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледждің ұжымы биыл алғаш рет қатысып отыр. Ұстаздардың басын біріктірген бұл шараның жылдағы ұйымдастырушылары -облыстық кәсіподақтар орталығы мен білім басқармасы.

Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметов қатысушыларға алдағы жарыста сәттілік тіледі. Кәсіподақ төрағасының айтуынша, мұндай шара әр ауданнан келген оқытушылардың бір-бірімен етене араласуларына септігін тигізеді. Бұл шараға біздің гранттарымызды жеңіп алған, біз қаржыландырып отырған жекеменшік колледждер де атсалысса деген тілек бар. Өкінішке орай олар кәсіподақтың құрамында жоқ. Барынша біз көп болсақ, ортақ мәселелерді шешудің жолдары да жеңілдейді,- дейді Қали Рахметов.

Бір атап өтерлігі, тіпті осы спартакиада кезінде танысып, табысып, шаңырақ көтергендер де бар көрінеді. Жыл артқан сайын шара қатысушылары да еселене түсуде. 4-шілдеге дейін ұстаздар волейбол, шахмат, футбол сияқты спорттың бірнеше түрінен сынға түседі. Алдағы 4 күнде ұстаз қауымы спортта ғана сайысып қоймай, тәжірибелерімен де бөліседі. Шараның салтанатты жабылуы шілденің 4-не жоспарланған.