DIDAR, “Кәсіподақ жастарға сенім артады”

Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласында еңбек етіп жүрген жұмыскерлердің жалақысын көтеріп, жас мамандарды баспанамен қамтып, жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету қажет. Өңірімізде өткен «Жастар – Қазақстан дамуының флагманы» атты республикалық форумға жиналғандар осындай ұсыныс-талапты алға тартты.
Алтай ауданындағы «Көгілдір бұғаз» демалыс үйінде өткен ауқымды іс-шара Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдық мерейтойына және еліміздегі Жастар жылына арналды. Форумды мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, Мәдениет және спорт министрлігі, еліміздің кәсіподақтар федерациясы, ұлттық олимпиада комитеті, облыс әкімдігі бірлесе ұйымдастырды.
– Осындай маңызды іс-шараның шырайлы Шығыста, көркем Бұқтырманың жағасында өткізіліп жатқаны біз үшін үлкен мәртебе. Форум «Жастар – Қазақстан дамуының флагманы» деп тектен-тек аталмаған секілді, өйткені Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым еліміздің болашағы жастардың қолында екенін қайталаумен келеді. Форумда өз пікірлеріңізді бүкпесіз айтыңыздар, өткір мәселелерді талқылаңыздар, кәсіподақ жұмысын жетілдіруге қатысты соны ойларыңызды, тың ұсыныстарыңызды білдіріңіздер, – деді құттықтау сөзінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның көздегені – жастардың кәсіби және тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау, сондай-ақ олардың әлеуетін, күш-жігерін әлеуметтік проблемаларды анықтауға әрі шешуге қолдану, мәдениет, спорт, туризм, ақпарат саласы кәсіподағының мүшелерін жан-жақты қолдау, олардың мүдделерін қорғау.
– Мәдениет пен спорт, туризм мен ақпарат – кез келген елдің бет-бейнесі. Өкінішке қарай, нақ осы сала еңбеккерлерінің жалақысы еліміз бойынша төмен болып отыр. Осы себепті біз форум аясында еңбекақыны көтеру, жас мамандарды жұмыспен және баспанамен қамту, әлеуметтік жеңілдіктер көрсету, сонымен қатар жас көпбалалы отбасыларды қолдау сынды қадау-қадау мәселелерді жан-жақты талқыға салдық, арнайы үндеу қабылдадық. Ұсыныстар Үкімет пен Парламентке жолданады. Осы жұмыстан нақты нәтиже шығарына сенімдімін, – деді мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова.
Форум аясында түрлі іс-шаралар өткізілді. Қатысушылар дөңгелек үстел үстінде жастар кәсіподақ қозғалысын дамытудың мәселелерін қарастырды, семинар-тренинг барысында кәсіподақ көшбасшысына қажет дағдыларды игерді. Бұдан бөлек, спорттық, викториналық жарыстар, флешмоб, би кеші, алау маңындағы кешкі басқосу сынды көптеген көңіл көтеру шаралары да ұйымдастырылды.
– Форум өзім үшін өте пайдалы болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған әріптестеріммен тәжірибе алмастым, кәсіподақ жұмысына қажет білімімді шыңдай түстім. Әрине, жақсы тынығып, демалып та қайтып барамын. Осындай жай есеп үшін ғана емес, нағыз тиімді, берері мол іс-шаралар көбірек өткізілсе жақсы болар еді. Кәсіподақтың жастарды осылай белсенді қолдағаны қуантады, – деді Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданынан келген бастауыш кәсіподақ ұйымының өкілі Дарья Тарчевская.
Атап өтерлігі, форумға салалық кәсіподақтардың облыстық филиалдарынан өкілдер, еліміздің барлық өңірлерінен кәсіподақ көшбасшылары жиналды. Жалпы қатысушылардың саны 150-ге жетті.
Осы шара аясында мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы мен мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитеті арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Сондай-ақ форумның қатысушылары мен қонақтарына грамоталар мен Алғыс хаттар тапсырылды.

http://didar-gazeti.kz/9578-kspoda-zhastara-senm-artady.html