ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ, КӘСІПТІК ОДАҚТАРҒА ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТЕРГЕ ҮНДЕУІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміз үшін жаңғырудың жаңа кезеңіне бастайтын бағдарламалық құжат болып табылады. Мемлекет басшысының Жолдауында саяси жаңғырудың өзекті мәселелері, қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инклюзивті экономиканы дамыту мәселелері көрсетілген.

Қазақстан Президенті мемлекеттің әлеуметтік жаңғыруға, әлеуметтік қолдау жүйесін әрі қарай дамытуға негізделген басты бағыт-бағдарын айқындады.

Үкіметке мәдениет саласы қызметкерлерінің, ұстаздардың жалақысын арттыру, тау-кен өнеркәсібі саласының жұмыс берушілерін жұмысшылардың еңбекақысын арттыруға ынталандыру үшін жаңа әдіс-тәсілдер әзірлеу туралы тапсырмалар берілді.

Осы ретте «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, Қазақстанның тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің негізі болып табылатын қоғамдық диалогты қолдау және нығайту аса маңызды мәнге ие.

Жеке бастамалар мен бизнесті кеңінен қолдау шаралары, әлеуметтік аспектілерді негізге ала отырып, жұмыс орындарын құрудың жаңа әдіс-тәсілдері айрықша назарды талап етеді. Үш жыл қатарынан шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге тыйым салу, сондай-ақ үш жылға дейін салық төлеуден босату туралы шешім қабылданды.

Жергілікті өкімет органдарының жұмыс тиімділігін арттыру, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ халықпен тиімді кері байланыс орнату, адамдардың зәру мәселесін шешуге жедел ден қою бойынша нақты тапсырмалар қойылды.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген әлеуметтік бастамалар мен өзекті міндеттерді жүзеге асыру әлеуметтік жаңғыру мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға жаңа леп береді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Мемлекет басшысының Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға негізделген бағытын қолдайды және еңбеккерлерге, кәсіптік одақтарға және әлеуметтік әріптестерге баршамыздың Отанымыз -Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін жоғарыда көрсетілген маңызды міндеттерді жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырады.

2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитетінің отырысында қабылданды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы