ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН КӘСІПОДАҚ

10 қазанда Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда тұңғыш рет жаңа кәсіптік мереке – Кәсіподақтар күні аталып өтуде. Бұл – қуантарлық жайт. Азаматтық қоғамның негізгі тіректерінің бірі ретінде кәсіподақтар үшін заман талаптарына сай еліміздің алдында тұрғын әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру – өте маңызды міндет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген әлеуметтік реформалар кәсіподақтардың басты міндеттерімен үндеседі. Яғни, еліміздегі кәсіподақтар қызметін әрі қарай жаңғыртуға және Еңбек адамын қорғау тиімділігін арттыруға жаңа қарқын бергені сөзсіз.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестіктің әлеуетін арттыруды көздейді. Осы орайда әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссия отырысына тұрақты қатысып отырамыз.

Бүгінде ҚР Үкіметі, республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері және республикалық жұмысшылар бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім, 23 салалық, 16 жергілікті келісім бекітілген.

Ал ұжымдық-шарттық реттеу аясында 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша республика деңгейінде 110 мың ұжымдық шарт бекітілген. Кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда ұжымдық шарттардың бекітілу деңгейі 98 %-ды құрайды.

Бейресми еңбек қатынастарының мәселелері де жіті көңіл аударуды талап етеді. Мәселен, көптеген жұмысшылармен еңбек шарты бекітілмейді. Осы мәселені реттеу мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік реттеу министрлігімен бірлесе отырып, 2018 жылғы 1 наурызда «Еңбек шартын жасаңыз!» республикалық акциясы бастау алды.

Бүгінде кәсіподақ ұйымдарының белсенді қатысуымен 12 мыңнан аса жұмыс беруші өз жұмысшыларымен еңбек қатынастарын заңдастырды. Бұл дегеніміз 40 мыңнан аса еңбек шарттары бекітілді.

Кәсіподақтар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жұмыс берушілер алдында жұмыс орындарын сақтау мәселесін көтерді. Қазіргі таңда жұмыс берушілермен жұмыс орындарын сақтау жөнінде 122 мыңнан аса меморандум бекітілді, республика бойынша 2,3 миллион жұмысшы қамтылды.

Жеке еңбек дауларын шешуде көмек көрсету мақсатында Кәсіподақтар федерациясы 2018 жылдың басында Жоғарғы сотпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында барлық аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері базасында 17 татуласу орталықтары өз жұмыстарын бастады.

2018 жылы Татуласу орталықтарында кәсіби медиаторлар, адвокаттар, кәсіподақ мамандарының қатысуымен 3 мыңнан аса медиациялық рәсімдер өткізілді. Соның ішінде, 2 мыңнан аса еңбек дауы оң шешімін тапқанын айрықша атап өткім келеді. Сонымен қатар, кәсіподақтар еңбек ұжымдарында 2900 адамның қатысуымен 708 ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізді.

Бүгінде кәсіподақтар кәсіби медиаторлар пулын қалыптастырды. Осыған орай кәсіподақ ұйымдарында медиаторлардың оқуы тұрақты негізде ұйымдастырылады.

Жастарды және жастар саясатын қолдау Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өзекті бағыттарының бірі болып табылады. Жастар жылы аясында 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысында еңбекші жастардың форумы өткізілді. Нұр-Сұлтан қаласында осындай ауқымды форум өткізу жоспарда бар.

Федерация еңбекші жастармен және студенттермен жұмыс жасауды өзектендіруде. Осы ретте жастар кәсіподақ мүшелерінің жалпы санынан 32 пайызды құрайтынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, кәсіподақтардың күн тәртібінде жастарды жұмыспен қамту және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша бірқатар өзекті міндеттер тұр.

Ағымдағы жылғы қаңтар айынан бастап Кәсіподақтар федерациясы «SENIM» салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, жас мамандарды облыстық және аудандық медициналық мекемелерде жұмыс істеуге ынталандыру үшін 500 000 теңге көлемінде сертификаттар тапсырды. Осы орайда жұмыс беруші жас маманмен 2 жыл мерзіміне шарт жасасуға міндетті. Бүгінде берілген сертификаттардың жалпы құны – 40 миллион теңге.

Сондай-ақ, Федерация «SENIM» салалық кәсіподағымен бірге  кәсіподақтар есебінен жастарға тұрғын-үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаны төлеу үшін тұрғын-үй құрылысының сертификатын табыстады (45 миллион теңге көлемінде 33 тұрғын-үй сертификаты берілді). Бұл –  ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ынталы жастарға нақты көмек.

Кәсіподақтар федерациясы жанындағы Оқу орталығы 2018 жылдан бері 64 семинар өткізді және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері базасында еңбек саласы және еңбек құқықтарын қорғауға қатысты 1500 астам адамды оқытты. Тәлім алушылар арасында мәдениет және спорт саласының қызметкерлері бар.

Сонымен қатар, кәсіподақтар жалақысы төмен жұмысшылардың жалақысын көбейту үшін мониторинг жүргізетін республикалық және жергілікті штаб жұмыстарына белсене қатысуда.

Мүше ұйымдар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ірі компанияларда жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын арттыру бойынша жұмыстар өткізеді.

Бүгінде республика бойынша 199,6 мың жұмыс беруші 1,1 млн. жұмысшының еңбекақысын арттырды. Жоғарыда айтылған  кәсіпорындарда жалақысы төмен жұмысшылардың орташа еңбекақысы 31%-ға көбейді.

Кәсіподақтардың бастамасымен базалық қызметтік жалақыны анықтау әдістемесін қайта қарау, ең төменгі жалақының еңбекақыны төлеуге ықпалы және барлық санаттағы жұмысшылар үшін тарифтік мөлшерлеме көлемін қайта қарау туралы мәселелер көтерілді.

Қазақстан – еңбек нарығында болып жатқан дүниежүзілік үрдістердің ажырамас бөлігі, Халықаралық еңбек ұйымының белсенді мүшесі.

Кәсіподақтар идеясын насихаттауға бағытталған жұмысымыз еліміздің ұлттық дамуының өзекті мақсаттарымен үйлесім табады. Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым болып табылатын Кәсіподақтар федерациясы 2 млн. кәсіподақ мүшесін бір шаңырақтың астында біріктіріп отыр.

2018 жылы ҚРКФ мүшелігінің саны жаңа кәсіподақ ұйымдарының есебінен 60 мыңға артты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында заманауи кәсіподақтардың маңызды рөлін атап өткен болатын. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент Кәсіподақтар федерациясы қазақстандықтарды Төртінші өндірістік революцияның жаңа шарттарына әлеуметтік бейімдейтін қозғаушы күш болуы тиіс  екендігін көрсетті.

Мемлекеттің басты байлығы – Еңбек адамы. Сондықтан да, бүгін  біз баршаға ортақ мерекемізді – еңбеккер халықтың мейрамын атап отырмыз! Кәсіподақтар халықпен бірге екенін іс жүзінде айқын көрсетуде!

Осы мерейлі мереке күні біздің ардагерлерге, кәсіподақтар қозғалысының ардагерлеріне баса назар аударғым келеді. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіз – біз үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де қайталанбас үлгі.

Кәсіподақтар күнімен шын жүректен құттықтай отырып, Қазақстан кәсіподақтар қозғалысын дамыту жолында толағай табыс тілеймін!

 

Ералы ТОҒЖАНОВ,

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

АНЫҚТАМА ҮШІН:

Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысының тарихы 1905 жылы 6 желтоқсанда (қазіргі Қарағанды облысының аумағында) Успен жез кентінің жұмысшылары одағының құрылу сәтінен басталды.

Кеңес кезінде Қазақстан Республикасының барлық кәсіптік одақтарының қызметіне бір орталық орган – Кәсіптік Одақтардың Бүкілодақтық Орталық Кеңесінің ХІХ пленумының қаулысы негізінде 1948 жылы құрылған Қазақ кәсіптік одақтар кеңесі басшылық етті.

1990 жылы 10 қазанда Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде Қазкәсіпкеңесінің құқықтық мұрагері – Қазақ КСР Кәсіптік одақтарының федерациясын құру туралы декларация қабылданды.

Федерация мемлекеттік билік органдарынан, жұмыс берушілерден және саяси партиялардан дербестігін жариялады. Өз қызметінің басты мақсаты – кәсіподақтардың жұмысын біріктіру, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін көрсету және қорғау, сондай-ақ, кәсіптік одақтардың құқығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету деп айқындады.

Федерация құрылтайшылары мен мүшелері салалық кәсіптік одақтар мен жергілікті одақаралық бірлестіктер болды.

1992 жылғы 3 наурызда Қазақ КСР Кәсіподақтар федерациясы атауын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атауына ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Бүгінде еліміздегі кәсіптік одақтардың қызметі ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» әлеуметтік заңда реттелген.

Еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының құрылымы көпдеңгейлі жүйеден тұрады:

— тікелей кәсіпорындарда жұмыс атқаратын бастауыш кәсіподақ ұйымдары,

— ортақ еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысты, бір немесе бірнеше ұйым қызметкерлерінің ерікті бірлестігі болып табылатын жергілікті кәсіподақ,

— аудан, қала, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі аумақтық кәсіподақтар бірлестігі,

  • ортақ еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысты қызметтің (экономикалық қызмет түрлерінің немесе кіші түрлерінің) бір саласы және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің бірлестігі болып табылатын салалық кәсіподақ, сонымен қатар,

— облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі салалық кәсіподақтарды, аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерін біріктіретін республикалық кәсіподақтар бірлестігі (әрі қарай – РКБ).

 

Қазіргі таңда Қазақстанда үш РКБ бар:

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (әрі қарай – ҚРКФ) кәсіподақ мүшелерінің саны ең көп республикалық кәсіподақтар бірлестігі болып табылады. Өз қатарында 23 салалық кәсіподақты, 16 аумақтық кәсіподақтар бірлестігін және 18 мыңнан аса бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді. Федерация мүшелерінің жалпы саны – 2 миллионға жуық.

Қазақстан Еңбек конфедерациясы (әрі қарай – ҚЕК) 11 салалық кәсіподақ ұйымдарын және республика астанасында, Алматы қаласында, сонымен қатар Қарағанды және Ақтөбе облыстарында 4 аумақтық кәсіподақтар бірлестігін біріктіреді. Әр түрлі деректер бойынша кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны – 700 мыңға жуық. ҚЕК Бас хатшысы – Мұрат Машкенов.

«АМАНАТ» Қазақстан кәсіподақтар достастығы құрамына 4 салалық кәсіподақ кіреді. Әр түрлі деректер бойынша кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны – 100 мыңға жуық. «АМАНАТ» РКБ Төрағасы – Андрей Пригорь.