ТАТУЛАСУ – ОҢТАЙЛЫ ШЕШІМ!

Қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, қоғамдық келісімді дамытуға жағдай жасау, әлеуметтік қарама-қайшылықтарды азайту, еңбек және басқа да дауларды оңтайлы шешім табу жолымен шешу – Қазақстанның дамуындағы маңызды мақсаттар болып отыр.

Еңбек заңнамаларының сақталуына және еңбек және басқа да дауларды шешудің балама тәсілдерін қолдану барысына қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты және Кәсіподақтар федерациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған.

Осы Меморандумның негізінде, республика аймағында кәсіподақтардың 17 аумақтық бірлестігінде Татуласу орталықтары ашылды. Осындай игі шара Қарағанды қаласында да жүзеге асырылып, 2018 жылдың қыркүйегінде «Қарағанды облысының Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанынан облыстық соттың қолдау көрсетуімен Татуласу Орталығы өз жұмысын бастаған болатын.

Қарағанды қаласындағы Кәсіподақтар үйінде орналасқан бұл Татуласу орталығының көмегіне жүгінушілер саны артуда. Татуласу орталығына жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы дауды шешу бойынша Қарағанды қаласы кәсіпорындарының бірінің өкілі жүгінді.

Жоғарыда аталған кәсіпорынның қызметкері өндірістік жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Жарақаттанушы ауруханада болған кезде қызметкердің өкілі “Қарағанды облысы Кәсіподақ Орталығы” Татуласу орталығының медиаторына жүгінді. Бұл уақытта қызметкер жарақат алғанына жұмыс берушіге ыза болып, сотқа жүгінбекші болып ауруханада жатады. Келіссөздер барысында тараптар: жұмыс беруші мен қызметкер моральдық зиян мен материалдық шығынды төлеу шартымен медиативтік келісімге келді.

Тағы бір мысал, құрылыс компаниясы мердігердің орындалған құрылыс жұмыстары үшін ақшалай қаражатты толық төлемеу мәселесі бойынша өтініш білдірді. Олардың арасындағы конфликт барысында құрылыс компаниясы жұмыскерлеріне 4 айдың жалақысын төлей алмады, соның салдарынан жұмыскерлер жұмыс берушіге сотқа жүгінгелі тұрған. Дегенмен, құрылыс компаниясының өтініші бойынша Татуласу орталығының медиаторы тараптармен кездесіп, осы дауды реттей алды. Нәтижесінде, 10 күн ішінде төлем толықтай қайтарылып, конфликт жойылды. Бұл ретте медиативтік келісімнің өзі жасалмаған, бірақ тараптар медиатор жүргізген жұмысқа риза болып қалды.