Маусымдық жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау: «Yntymaq» салалық кәсіподағы мен «Родник» ЖШС айырықша ұжымдық шартқа қол қойды

Ауылшаруашылығы саласындағы еңбек заңнамаларын сақтау әлі күнге көңіл көншітерлік емес. Қолданыстағы Еңбек Кодексіне сәйкес осы саладағы жұмысшылар маусымдық жұмысы тоқтағанда еңбекақысыз қалып, уақытша жұмыссыздардың қатарына қосылады. Осының салдарынан кәсіпорындағы жалпы еңбек өтілінің жартысы қысқарып шыға келеді. Әрі әлеуметтік төлемдерден айрылады. Мәселен, 10 жыл жұмыс істегенімен зейнеткерлікке шығарда еңбек өтілі 5 жыл болып есептеледі.

«Yntymaq» салалық кәсіподағы мен «Родник» ЖШС айырықша ұжымдық шартқа қол қойды. Осының арқасында бұдан былай жоғарыда аталған серіктестік еңбеккерлерінің жұмыстары уақытша тоқтаған кезеңде де ай сайынғы әлеуметтік төлемдері аударылып отырады.

Серіктестік жаңа ұжымдық шартқа сәйкес бұл әлеуметтік төлемдерді төменгі жалақы мөлшерінен 2023 жылға дейін төлейді.

Бұл жұмысшыларға еңбек өтілін үзбей лайықты зейнетақы алуға және медициналық сақтандыру қызметін пайдалануға мүмкіндік береді.

Жалпы кәсіпорындағы жыл сайын жасалатын еңбек шарттарының мерзімі мамыр мен қазан айларының аралығын қамтиды. Ал қалған алты айда жұмысшылар жұмыссыз отырады. Ауылда жылдың бұл мезгілдерінде басқа жұмыс табу оңай емес.

Сонымен қатар, жаңа ұжымдық келісімде жалақы қорынан кәсіподақ комитетінің қоғамдық іс-шараларына 1% көлеміндегі жарнаны бөліп отыру қарастырылды.

Атап өтерлігі, ауылшаруашылығы саласындағы маусымдық жұмысшылардың еңбек құқығының қорғалуына кепілдік беретін мұндай ұжымдық шарт Қазақстанда алғаш рет бекітіліп отыр.