Кәсіподақтар мен «Нұр-Отан»: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов пен «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек  өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Мұндағы мақсат: әлеуметтік әріптестік негізінде жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін бірлесіп қорғау.

«Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек  айтуынша, екі ұйым қызметінің тоғысатын тұстары көп. «Нұр-Отан» партиясының  төрағасы, Елбасының өзі  партия қарапайым адамдардың  мүдделерін  қорғауы қажет деп атап өткен болатын. Жалпы халықаралық тәжірибені қарайтын болсақ, партия мен кәсіподақтардың  жұмысшылардың мүддесі үшін ынтымақтастықта жұмыс істеуі өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, АҚШ-тағы Демократиялық партияның негізін кәсіподақтар мен кәсіпорындар жұмысшылары,  Ұлыбританияда Лейбористік партияны жұмысшылар комитеті, Германиядағы ірі партиялардың бірі – Социал демократиялық  партиясын да  осы елдегі ірі кәсіподақтар ұйымы құрған. Бұндай тәжірибе көршілес Ресей елінде де бар. Бұның барлығы партия мен кәсіподақтар бірлесіп тиімді жұмыс істей алатынын және істеуі қажет екенін көрсетеді.

  • Бүгінгі күні елде еңбекке жарамды 9 миллионнан астам адам бар. Соның 2 миллионға  жуығы кәсіподақтарға мүше. Ал олардың 600 ден астамы біздің партияның  құрамында. Бүгінгі қол қойылған меморандум қазақстандықтардың еңбек жағдайының сапасын арттыруда бірлесіп жүйелі түрде жұмыс істеуімізге септігін тигізеді, – деді «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

  • «Нұр-Отан» партиясының жұмысы Кәсіподақтар федерациясымен үндес. Бұл құжат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік мемлекет қалыптастыру және әрбір адамды мемлекеттің ең басты құндылығы деп тану жолындағы ауқымды институционалдық реформаларды жүзеге асыру мен әлеуметтік жаңғыруға бағытталған сындарлы саясатын қолдауға негізделген, – деді өз сөзінде ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов.

Осыған дейін кәсіподақтардың бірқатар заң жобаларына  енгізген ұсыныстары «Нұр-Отан» партиясының парламенттегі фракциясы тарапынан қолдау тапқан болатын. Мәселен, соның арқасында   ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қатысты  25 ұсыныс берсе, соның 14-і  қабылданды.  Болашақта да  федерация мен партия  жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері туралы қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру үшін өзара келісілген бастамалар мен ұсыныстарды әзірлеуді әрі қарай жалғастырады.

Бүгінгі күні әлеуметтік-еңбек саласында бірлесіп шешуді талап ететін мәселелер көп. Соның бірі –  еңбек кикілжіңдері мен дауларының алдын алу. Бұл бағытта тараптар «Татуласу орталықтарында» азаматтардың өтініштері бойынша заңгерлік кеңестер беруге және бірыңғай құқықтық оқытуды енгізуге уағдаласты.  Былтырдың өзінде  кәсіподақтар аталған орталықтарда 1700 медиациялық рәсімдер өткізіп, 1500 дей еңбек дауларын шешті.

Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі, еңбек заңнамаларын сақтау, шетелдік және жергілікті жұмысшылардың арасында тең еңбек жағдайын қамтамасыз ету бойынша бірлесіп жұмыс істейді.

Тек 2019 жылы кәсіподақтарға еңбек заңнамасының бұзылуына қатысты 17 291 өтініш келіп түсті. Олар  негізінен жалақыны уақытында төлемеу, заңсыз жұмыстан шығару, еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты. 11 834 өтініш бойынша көмек көрсетілді.

Меморандумға сәйкес тараптар әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында   ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді,  жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына  бақылауды бірлесіп ұйымдастырады. Сондай-ақ,  федерация құрамындағы «Келешек» жастар кеңесі мен   партияның  «Jas Otan» жастар қанатының да бірлесе жұмыс істеуі қарастырылған.  Жалпы меморандум негізінде болашақта бірлесіп атқаратын жұмыстар арнайы әзірленетін «Жол  картасында» көрініс табатын болады.

 Қазақстан Республикасы кәсіптік одақтары федерациясының баспасөз қызметі