«МұнайФилдСервис» ЖШС өзекті мәселелері қарастырылды

Биыл «МұнайФилдСервис» ЖШС еңбек ұжымы атынан ҚР Кәсіподақтар федерациясына мекемеде туындап отырған әлеуметтік шиеленісті шешуге жәрдемдесу туралы өтініш түскен болатын.

Осы өтініш аясында 27 ақпан күні Кәсіподақтар федерациясының ғимаратында ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен «МұнайФилдСервис» ЖШС басшысы А.Қосқұлақов, «ҚазБұрИнвест» бас директоры Е.Айтуов пен жұмысшылар өкілдерінің кездесуі ұйымдастырылды. Кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, «Yntymaq» Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ төрағасы Қ. Жанабеков және кәсіподақ заңгерлері қатысты.

Кәсіпорын жұмысшыларын толғандырып жүрген мәселелер ішінде ұжымдық келісімшарт ережелеріне сай сыйақы төлену мәселесі айтылды. Тараптар осы жағдайға қатысты бүгінде мекемеде жүргізіліп жатқан аудиттің нәтижесі бойынша шешім қабылданатыны туралы өзара келісімге келді.

Сондай-ақ, қаралған мәселелер ішінде жұмысшы қаза болғанда немесе жұмысқа жарамсыз деп танылған жағдайда, оның орнына отбасының асыраушысы ретінде жанұя мүшесін штаттық жұмысқа алу туралы ережені ұжымдық келісімшартқа енгізу мәселесі қаралды. Осыған қатысты жұмыс берушілер бұл мәселе біржақты шешілмейтіндігін айта келе, әкімдік тарапынан өкілетті өкіл шақырып, келіссөздер жүргізілетіні туралы мәлімдеді.

ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин кез келген мәселенің заң аясында шешілуі қажеттігін тілге тиек ете отырып, кәсіподақтар тарапынан жұмысшыларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Өтініште көрсетілген өзге мәселелерге қатысты кәсіподақтар, жұмыс берушілер өкілдері мен әкімдік өкілдерінен тұратын комиссия құру туралы ортақ шешімге келді.

Бұл жағдай ҚР Кәсіподақтар федерациясының қадағалауында болады.