Құрметті ханымдар, ардақты аналар, аяулы қарындастар, сымбатты арулар!

Сіздерді көрікті көктемнің шұғылалы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Адамзаттың табынары мен киелері, қуанғанда қасыңнан табылып, қиналғанда сүйенері, адамшылықтың мөп-мөлдір тамшылары, сүйкімді қылығымен сағындырған, әсем көркімен, жүрегінің өртімен небір дана мен данышпандарды табындырған аяулы да асыл ханымдар, Сіздерге алғысымыз шексіз.

Бір отбасын ғана емес, бүкіл әлемді аялы алақандарыңызбен тербететін, көңілге шуақ себетін, өмірге көрік беретін Сіздердің қоғамда келісім мен тұрақтылықтың, үйлесімділіктің сақталуына сіңіріп жүрген еңбектеріңіз зор. Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірлік пен татулық-бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да өздеріңіз екені анық.

Бүгінгі таңда 2 милионнан астам адамды біріктіріп отырған Кәсіподақтар федерациясында түрлі салаларда қыз-келіншектер, аяулы аналар еңбек етеді. Аяулы да ардақты әріптестеріміздің еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының өркендеуіне қосып жүрген зор үлестерін айрықша атап өткім келеді.

Отбасыларыңызға амандық пен шаттық, денсаулық пен бақыт тілеймін! Әрқашан да көңілдеріңіз пәк, ниеттеріңіз ақ, мерейлеріңіз үстем болсын!

 

Құрметпен, ҚР Кәсіподақтар федерациясының

Төрағасының міндетін атқарушы                             Сатыбалды Дәулеталин