ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ТЖ кезінде табысынан айырылу жағдайларына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың тізімін кеңейтті

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, карантин жағдайында шектеу шараларының күшейтілгенін, сондай-ақ қоғам мен азаматтардың пікірлерін ескере отырып, ведомства төтенше жағдай кезінде табысынан айырылу жағдайларына байланысты МӘСҚ-нан төлемдердің (айына 42500 теңге) тағайындалу шарттары мен тәртібін қайта қарады.

Біріншіден, мерзім (өтінімдерді қарау және әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі) 7-ден 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Екіншіден, төлем алушылар шеңбері кеңейтілді. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істеген еңбеккерлер, ал карантин жарияланған қалаларда ірі кәсіпорындар жұмысшылары енгізілді.

Үшіншіден, ТЖ енгізілуі салдарынан табысынан айырылу жағдайын растайтын құжат көрсету қажеттігі жойылды.

Жұмыс беруші өз жұмысшыларының тізімін өтінішпен бірге ұсынады. Сондай-ақ, жұмысшы жұмыс берушінің өтініш беруін күтпей-ақ өзі өтініш бере алады.

ЖК, жеке практикамен айналысатын адамдар, АҚС шарт бойынша жұмыс істейтіндер, БЖТ төлеушілер өтініш қана береді.

«Яғни, өтініш берушіге ештеңені дәлелдеу қажет емес (жауапкершілік өтініш берушінің өзінде). Штабтарға қоғам және «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысады. Осының барлығы «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы электрондық форматта жүргізіледі», – деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов.

Төртіншіден, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударымдар немесе зейнетақы жарнасының болуын тексереді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті НҚА қабылдады.