Орталық Азия кәсіподақтары пандемия жағдайында әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытудың жаңа сын-тегеуріндері мен келешегін талқылады

2020 жылғы 5 мамырда Орталық Азия кәсіподақтары ХЕҰ еңбеккерлер қызметі жөніндегі Бюросы (ACTRAV) ұйымдастырған «COVID-19 – өмірдің, экономика мен қоғамның күйзелісі: кәсіподақтар іс-қимылдарының сын-тегеуріндері мен келешегі» онлайн-вебинарының жұмысына қатысты.

Вебинардың диалогтық алаңында Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан кәсіподақтарының өкілдері дағдарысты еңсеруге және оның салдарын жеңілдетуге мүмкіндік беретін кәсіподақтар қызметіндегі сын-тегеуріндерді, келешегі мен жаңа шешімдерді талқылады.

Онлайн отырысқа қатысушылар көптеген елдерде экономиканың тұрақсыздығына және еңбек нарығы үшін мүмкін қауіптерге өз алаңдаушылықтарын білдірді.

Вебинардың модераторлары – ACTRAV Еуропа және Орталық Азия секторының жетекшісі Сергеюс Гловацкас, еңбеккерлер қызметі жөніндегі бас маман Гоча Александриа, ХЕҰ Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша Бюросының жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі бас маман Михаил Пушкин еңбек саласында пандемияның салдарын еңсерудің қауіптері мен келешегі туралы өз пікірлерін білдірді.

Халықаралық сарапшылар әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешуде халықаралық тәжірибемен алмасу және кәсіподақтардың алдында тұрған міндеттердің айқын көрінісімен алмасу маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан онлайн талқылауға төраға м.а. Сатыбалды Дәулеталин, төраға орынбасары Мұхтар Тінікеев, Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрайымы Гүлнар Жұмагелдиева, «Қазақкәсіпметалл» тау-кен металлургия салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Асылбек Нұралин, «Yntymaq» Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ төрағасы Қайрат Жаңабеков, сондай-ақ Павлодар облысының кәсіподақтар орталығының төрайымы Динара Айтжанова қатысты.

ҚРКФ төрағасының м.а. Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде Қазақстан Республикасының коронавируспен күреске қолданып жатқан шаралары туралы айтты. ҚРКФ басшысы азаматтар мен бизнесті қолдау, бейресми жұмыспен қамтылған жұмысшыларға әлеуметтік көмек көрсету, пандемиямен күресіп жатқан медицина қызметкерлерін материалды ынталандыру мәселелеріне, сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын құру шараларына жан-жақты тоқталып өтті.

Сатыбалды Дәулеталин COVID-19 дағдарысы кезіндегі кәсіподақтар жұмысына, соның ішінде кәсіподақтар мүшелерінің волонтерлік жұмысына, кәсіподақтардың шипажайлары мен қонақ үйлеріне карантиндегі және обсервациядағы объектілерді орналастыру жұмысына баса назар аударды.

ҚРКФ төрағасының м.а. атап өткендей, дағдарыс жағдайында жаңа жұмыс орындарын сақтау және құруға, әлеуметтік-еңбек саласында кепілдерді қамтамасыз етуге, экономиканың нақты секторын мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға, тұрақты экономикалық өсім бағдарына қайтып оралуға қатысты ұсыныстар әзірленуі  тиіс әлеуметтік әріптестік жүйесінің рөлі айқын артуда.

— Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және жұмысшылардың республикалық бірлестіктері арасындағы Бас келісім – әлеуметтік әріптестік жүйесінің республикалық деңгейдегі негіз салушы құжат болып табылады. Қазіргі таңда Кәсіподақтар федерациясының жұмыс тобы мүше ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, Бас келісім тұжырымдаларының жобасын әзірледі. Тұжырымдама жобасын әзірлеу кезінде ХЕҰ қалыптастырған лайықты еңбек қағидалары негізге алынды, – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев өз кезегінде халықты жұмыспен қамтуды қолдау мәселесіне тоқталып өтті. Мұхтар Тінікеев атап өткендей, қазақстандықтарды жұмыспен қамту үшін қабылданған жаңа «Жұмыспен қамту жол картасы» әлеуметтік, инженерлік-транспорттық инфрақұрылымды, ТКШ объектілерін жаңғырту және дамыту мен елді мекендерді көріктендіру арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңа «Жұмыспен қамту жол картасын» қаржыландыру 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайтылды, бұл 240 мыңнан аса жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

«Қазақкәсіпметалл» тау-кен металлургия салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Асылбек Нұралин экономиканың өңдіруші секторларындағы кәсіпорындардағы кәсіподақтардың жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Тәжірибе алмасу нәтижесінде халықаралық вебинарға қатысушылар кәсіподақтар қазіргі қауіптерге нақты жауап беретін үйлесімді саяси шаралар мен шешуші іс-қимылдарды шұғыл қабылдау қажеттігін бірауыздан атап өтті.

 ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі