ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТЕРГЕ ҮНДЕУ

Дене шынықтыру және спорт халықтың дене бітімінің дамуының тиімді құралы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың денсаулығын сақтау мен нығайтудың маңызды факторы болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына  арнаған Жолдауында ұлт денсаулығын нығайту, барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Елбасы адам денсаулығының 10-15%  ғана медицинаға тәуелді,  қалғанының бәрі тек адамның өзіне байланысты екенін бірнеше рет атап өтті.

Әрине, біздің елімізде денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп, бар ауруларды емдеу бойынша ауқымды жобалар енгізілуде.

Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық ерекшелігіне байланысты басты басымдықтары ең алдымен науқастарды  емдеу, эпидемиямен және т. б. күрес болып табылады.

Сонымен қатар, дене шынықтыру және спорттың ұлт денсаулығы үшін рөлі жалпыға бірдей танылғанына  қарамастан, бұқаралық спортты дамыту және дене белсенділігін нығайту жұмыстары халықтың денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу, ауырғаннан кейін адамдарды толыққанды оңалтудың нақты міндеттерінен іс жүзінде алшақтап кетті.

Статистика бойынша республикада азаматтардың тек ғана 30,6% – ы немесе  5 706 625 адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50% – дан асады.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың өмір сүру жасының ұзақтығы Еуроодақ елдерінің тұрғындарына қарағанда орташа есеппен 8-11% – ға төмен.Мерзімінен бұрын өлімнің жиі кездесетін себептеріне  жүрек-қан тамырлары, диабет, онкологиялық және респираторлық аурулар (инфекциялық емес аурулар) жатады.

Спортпен тұрақты айналысу аурулардың көрсеткіштерінің айтарлықтай азаюына  ықпал ететіні анық.

Спорттың денсаулық үшін қаншалықты маңызды екенін ескере отырып, өміріміздің басым бөлігін өткізетін жұмыс орнында дене белсенділігін арттыруға жағдай жасау мәселесі кейінге қалдырмауды талап етеді.

Қазақстанда жұмыс істейтін 9 млн. халықтың 80% – ға жуығын жалдамалы жұмыскерлер  құрайды. Сондықтан, бүгінгі таңда жұмыс берушілердің жұмысшылардың  салауатты өмір салтын ұстануына көңіл бөлуі ерекше маңызға ие.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы “Қазақстан спорттық-сауықтыру кәсіподақтар қоғамы” қоғамдық қоры  еңбек адамының денсаулығын сақтау және нығайту, жұмыс орнында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өнімділікті арттыру мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған “Салауатты жұмыс орындары” бағдарламасын әзірледі. Бағдарламада жұмыс күні режиміне өндірістік гимнастиканы, дене шынықтыру-үзілістерін енгізуді, сонымен қатар, еліміздің кәсіпорындары мен мекемелерінде дене шынықтыру ұжымдарын құру қарастырылған.

Дене шынықтыру ұжымдарын құру әрбір жұмыскер үшін дене жүктемесінің жеке бағдарламаларын әзірлеуді, медициналық тексеруге негізделген оның биометриялық көрсеткіштерін есептеуді, қызметкерлердің денсаулығына кешенді тәсілдер қолдануды көздейді. Мысалы, ұйымдағы медицина маманы салауатты өмір салтының түрлі факторларын, оның ішінде дене белсенділігін, дұрыс тамақтануды қалыптастыруды және т. б. әдіс-тәсілдерді қолдана отырып,  жеке ұсынымдар әзірлеуі тиіс. Мұндай нақты жұмыс халықтың спортпен шұғылдануға қажеттілігін және олардың мүмкіндіктерін анықтауға және жұмыскердің қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

“Қазақстан  спорттық-сауықтыру кәсіподақтар қоғамы” қоғамдық қорының “Салауатты жұмыс орындары” бағдарламасы келесі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған:

– Жұмыс орнында адамдардың денсаулығын қорғау және нығайту;

– Еңбек медицинасы қызметтерін кеңейту және оларға қол жетімділік;

– Практикалық қызмет үшін нақты деректерді жинау және тарату;

-Денсаулық сақтау элементтерін жұмыс істейтін басқа секторлардың саясаты мен бағдарламаларына  қосу.

Қазіргі күні “Қазақстан  спорттық-сауықтыру кәсіподақтар қоғамы” қоғамдық қоры осы жобаны тиімді түрде кеңінен іске асыру үшін, ұйым басшыларының спорттық-сауықтыру қызметін міндетті қаржыландыруы жөніндегі нормаларды заңнамалық  тұрғыдан бекітуге ұсынып  отыр.

Жұмыс берушілердің жұмысшылардың денсаулығын сақтауға,  бұқаралық спортты дамытуға және жұмыс орындарында тиісті спорттық инфрақұрылым құруға жағдай жасауы – қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға және орасан зор экономикалық шығындарды азайтуда ықпал етеді.

Аталған шараға  шамадан тыс шығындар  кетеді  деген пікірлерге қарамастан, бұл бағдарлама енгізілген жағдайда,  әлеуметтік жағынан да және  экономикалық тиімділігі жағынан маңызды, әрі тиімді болады деп айтуға болады.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, жүрек-қантамыр ауруымен ауыратын 1865 адамның және диабетпен ауыратын 2042 жұмыскер адамның  еңбекке уақытша қабілетсіздігінен өнімділіктің шығындары Қазақстан экономикасына жыл сайын 23,6 млрд.теңгеге түседі.

Жұмыс берушілер дені сау жұмысшыларды сауықтыруға инвестиция тарту арқылы, өндірістегі жарақаттану мен жазатайым оқиғалар деңгейін төмендетуге, еңбекке жарамсыздық күндерін қысқартуға, медициналық сақтандыруға арналған шығындарды азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға, жұмыс сапасын және командалық рухты жақсартуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе экономикалық шығынды талдауына сәйкес, еңбек өнімділігінің төмендеуінен туындаған жасырын экономикалық шығындар инфекциялық емес ауруларды емдеуге арналған шығындардан 6,5 есе артық және 2 трлн. теңгені құрайды. Жалпы алғанда, инфекциялық емес аурулардың Қазақстан экономикасына келтірілген бір жылғы шығын 2,3 трлн. теңгені құрап отыр. Бұл 2017 жылғы елдің жалпы ішкі өнімінің 4,5 пайызына тең. Дене шынықтыру мен спортқа салынатын инвестициялар бастапқы инвестициялардың  бірнеше есе артуымен адам ресурстарына  салынатын капиталды салымның мультипликативті әсерін беретіндігі ғылыми түрде дәлелденген.

Экономикалық моделдеу нәтижелеріне сәйкес, халықтың физикалық белсенділік деңгейін арттыруға бағытталған шаралар 15 жыл ішінде еңбек өнімділігін арттыру түрінде 775 млрд.теңге мөлшерінде инвестициялардың жоғары қайтарымдылығын қамтамасыз етеді (көрсетілген кезеңде әрбір салынған  1 теңгеге сәйкесінше 34 теңге).

Осы орайда  Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған орта департаментінің директоры Мария Нейраның: “Бизнестің әл-ауқаты жұмысшылардың денсаулығына байланысты”  деген сөзі орынды айтылған.

Сарапшылардың деректері бойынша, спортпен айналыспайтын адамдарға қарағанда, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдардың еңбек өнімділігі 10-15% – ға жоғары.

ДДҰ сарапшылары еңбекшілер үшін дене белсенділігіне жұмсалған ұтымды уақыт аптасына 6 сағаттан кем болмауы тиіс деп анықтады. Сондай-ақ, өндірістік кәсіпорындарда дене шынықтырумен шұғылдану көлемі аптасына 6-8 сағатқа дейін болған жағдайда, тек аурушаңдықты төмендету есебінен ғана экономикаға 30-35% қосымша миллиондаған қаржы пайда әкелуі мүмкін деп есептелді.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, өндірістік гимнастиканың еңбек процесіне енгізілуі, жарақаттанудың орташа есеппен 17%-ға төмендеуіне ықпал етеді, ұжымда сырқаттанушылықты 40-50% – ға,  еңбекке жарамсыздық кезеңін 20% – ға қысқартады, созылмалы аурулардың анықталуын 10-15%-ға арттырады және еңбекке уақытша жарамсыздықтың орташа мерзімін 30% – ға азайтады.

Халықаралық тәжірибеде “Салауатты жұмыс орындары” , “Еңбек адамының денсаулығына қамқорлық, оны емдеуде үнемдеу ретінде” бағдарламаларының белсенді дамуы емдік және әлеуметтік жағымен қатар, айтарлықтай қаржылық үнемдеуге мүмкіндік береді.

Көптеген елдерде, соңғы 30 жылдың ішінде  жүрек-қан тамырлары ауруларынан жас және орта жастағы адамдардың өлімі  екі-үш есе азайды, орташа өмір сүру ұзақтығы 10-20 жылға артып, 80-85 жаста еңбек етуге және толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін халықтың өміршеңдігі күрт өсті.

Осы бағытта, көршілес Ресей Федерациясы мен Қырғызстандағы әріптестеріміз, жұмыс берушілердің жұмыскерлердің дене белсенділігі үшін жағдай жасау міндеттемесін нормативтік құжаттарда бекіткен.

Бүгінгі таңда, біздің еліміз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылған кезде, қойылған мақсаттарды іс жүзінде іске асыру ел халқының зияткерлік және физикалық әлеуетіне үлкен көлемде байланысты екенін түсіну маңызды.

Денсаулық сақтау саласында қабылданған бағдарламаларға қарағанда, дені сау адамдардың денсаулығын қорғау бағдарламасы тек Денсаулық сақтау министрлігінің  құзіретіне айналмауы керек, бұл міндет жалпы мемлекеттік сипатта болуы керек екенін ерекше атап өткім келеді.

Сонымен қатар, салауатты өмір салтын қамтамасыз ету міндеттері мемлекеттік саясаттың бірінші кезектегі басымдықтарының бірі ретінде және еліміздің ұлттық мүдделерінің аса өзекті салаларына жатқызылуы керек.

Мұндай саясат пен бағдарламаны жалпы мемлекеттік деңгейде қалыптастырған жөн.

Мен, әлеуметтік әріптестер мен еңбек адамдарына, жоғарыда аталған бастамаларды Қазақстандық  спорттық-сауықтыру кәсіподақтар қоғамы сіздермен белсенді талқылауға және ұсыныстарыңызды қарастыруға дайын екендігін жеткіземін.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жанындағы

“Қазақстандық  спорттық-сауықтыру кәсіподақтар қоғамының” президенті Т. Қ. Есентаев