Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ. Маминге хат

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
А.Ұ. Маминге

 

 Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

 

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау саласы жұмыскерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында келесіні хабарлайды.

Бірінші. Мемлекет басшысының медициналық жұмыскерлерге төтенше жағдай және карантиндік шаралар кезеңінде мемлекет тарапынан қолдау көрсету шараларын жариялағанына қарамастан, кәсіподақ ұйымдарының ақпараты бойынша жергілікті жерде пандемиямен күрестің алдыңғы қатарында тұрған және денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп жүрген медициналық персоналға біржолғы әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруда олқылықтар байқалады.

Атап айтқанда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі №129 және ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі №ҚР ДСМ-35/2020 бірлескен бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларының 2 тармағына сәйкес төлемдерді жүзеге асыру мақсатында тек төтенше жағдай кезеңі ғана есепке алынады.

Оған қоса, төлемдердің уақтылы тағайындалмауы да байқалады, оның бір себебі – Қағидалардың 9 тармағы үшінші бөлімінде көзделген инфекциялық ауру ошағын эпидемиологиялық тексеруді жүргізуде орын алып отырған кідірістер.

Сонымен қатар, полимеразалық тізбек реакциясы (ПЦР) талдауының теріс нәтижесі анықталған кезде, пневмониямен ауруды немесе одан қайтыс болған жағдайларды коронавирустық инфекциясына жатқызбағандықтан, бұл жұмыскерлер біржолғы әлеуметтік төлемді алу құқығынан айрылады.

Бұдан басқа, аталған Қағидаларда эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған бірқатар қызметкерлер санаты қамтылмаған, олардың ішінде хирургия, гинекология және зертханалық-диагностикалық бөлімдерінің, радиологиялық және патологоанатомиялық қызметтерінің, УДЗ мамандары, психологтар, жедел медициналық көмек бригадаларымен тұрақты қатынаста болатын жұмыскерлер (диспетчерлер, механиктер және басқалары) бар.

Екінші. Соңғы айлар бойы елдің барлық дерлік медициналық ұйымдары күшейтілген режимде қызмет етуде, ал медициналық қызметкерлер үстеме түрде, түнгі уақытта, мереке және демалыс күндері жұмыс істеуге мәжбүр болуда.

Медициналық жұмыскерлер үстеме жұмыстарға Еңбек кодексінің 77 бабы 2 тармағына сәйкес тартылады (денсаулықтан айырылу немесе өлім қаупі төнген азаматтарға шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем көрсету үшін, төтенше жағдайларды болдырмау үшін жұмыскердің келісімі талап етілмейді), және олардың көпшілігі еліміздің осы қиын кезеңінде адал, жанкешті әрі жоғары кәсіпшілікпен жұмыс атқаруда.

Алайда, іс жүзінде жұмыс берушілер (мемлекеттік медициналық ұйымдар) Еңбек кодексінің 78 бабы 2 тармағына сілтеме жасап (үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан және жылына бір жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс), үстеме жұмыстар үшін теленетін қосымша ақының мөлшерін шектеп отыр. Бірақ аталған шектеулер (Еңбек кодексінің 78 бабы 3 тармағына сәйкес) қазіргі уақытта қалыптасқан пандемия жағдайында қолданылмауы тиіс.

Үшінші. Коронавирустың ауқымды таралу қаупін алдын алу үшін, денсаулық сақтау жүйесінің объектілерімен қатар, пандемиямен күреске басқа да мекемелер, атап айтқанда, әскери клиникалық госпитальдер мен олардың қызметкерлері тартылды.

Алайда, бұндай ұйымдардың медициналық жұмыскерлері ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі №ҚР ДСМ-28/2020 бұйрығымен бекітілген COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жалақысына үстемеақы белгілеу қағидаларында ескерілмеген, және коронавирусты жұқтыру қаупі төніп тұрғанына қарамастан, осы уақытта дейін олар қосымша төлемдерді алу құқығынан айрылып отыр.

ҚР Қаржы министрлігінің осы мәселе бойынша білдірген Қарулы Күштердің медициналық қызметкерлері лайықты ақшалай нәпақамен қамтамасыз етілгендіктен, тұрғын үй төлемдерін алатындықтан және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңында қарастырылған барлық жеңілдіктермен пайдаланатындықтан, оларға үстемақы төлеу орынсыз деген ұстанымы ешқандай сын көтермейді.

Бұған қоса, тиісті үстемақыны алу құқығынан айрылған әскери медициналық мекемелердің медициналық жұмыскерлерінің қатарында әскери қызметшілерге жатпайтын азаматтық қызметкерлер де бар.

Төртінші. Төтенше жағдай және карантиндік шаралар кезеңінде қабылданған қысқа мерзімді қолдау шараларымен қатар (төлемдер мен үстемақылар), COVID-19 пандемиясымен күреске тартылған медициналық жұмыскерлердің үлесін әділ бағалау мақсатында, Кәсіподақтар федерациясы оларды мемлекет тарапынан қолдаудың (қорғаудың) тұрақты түрде қолданылатын мынадай қосымша шараларын заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынады:

  • төтенше жағдай және (немесе) карантиндік шаралар кезеңінде «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 33 бабында қарастырылған құтқарушылардың құқықтарын пайдалану мүмкіндігін беру;
  • арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны алуға құқығы бар азаматтар санатына қосу;
  • COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу кезеңіндегі еңбек өтілін жеңілдікпен есептеуді белгілеу: бірінші тәуекел тобы үшін – бір жұмыс айы бір жылдық өтіл болып, екінші тәуекел тобы үшін – алты айлық өтіл болып, үшінші тәуекел тобы үшін – төрт айлық өтіл болып саналады;
  • төтенше жағдай және карантиндік шаралар кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарынан, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар мен жарналардан босату, сондай-ақ осы төлемдерді мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен аудару;
  • төтенше жағдай және карантиндік шаралар кезеңінде жеке табыс салығын, жеке тұлғалардың меншік, жер және көлік салықтарын төлеуден босату;
  • төтенше жағдай және карантиндік шаралар кезеңінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен коммуналдық, жалдау және (немесе) ипотекалық төлемдеріне жұмсалатын шығындардың 50 пайызын өтеуді (орнын толтыруды) енгізу;
  • мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен міндетті жылсайынғы шипажайлық-курорттық ем алу құқығын беру;
  • COVID-19 коронавирустық инфекцияны жұқтыруды кәсіптік ауру ретінде қарастыру және заңнамада қарастырылған жұмыскерлердің құқықтарын қорғау шараларын қолдану.

Жоғарыда айтылғанның негізінде Сізден ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып, келтірілген проблемалық мәселелерді қарастырып, мынадай шараларды қабылдауға тапсырма беруіңізді сұраймыз:

  • аса қысқа мерзімде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі №129 және ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі №ҚР ДСМ-35/2020 бірлескен бұйрығына келесі мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу:
  • біржолғы әлеуметтік төлемдерді карантиндік шаралар кезеңінде жүзеге асыру (төтенше жағдаймен қоса);
  • біржолғы әлеуметтік төлемді алу құқығына ие болатын тұлғалар санатын кеңейту;
  • пневмониямен ауруды және пневмониядан қайтыс болуды біржолғы әлеуметтік төлемді белгілеудің негізі ретінде қосу (коронавирустық инфекциямен қоса);
  • инфекциялық ауру ошағын эпидемиологиялық тексерудің мерзімдерін белгілеу;
  • аса қысқа мерзімде ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі №ҚР ДСМ-28/2020 бұйрығына COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу жұмыстары үшін еңбекақыға қосымша үстемақы алу құқығына ие болатын жұмыскерлер санатын кеңейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, соның ішінде, әскери медициналық мекемелердің медициналық жұмыскерлерін қосу;
  • денсаулық сақтау ұйымдарының (жұмыс берушілердің) үстеме жұмыстар, түнгі, демалыс және мереке күндердегі жұмыстар үшін қосымша ақыны толық мөлшерде, медициналық жұмыскерлердің асыра жұмыс атқарудың нақты уақытына сәйкес (бұдан бұрын төленбеген қаражатты қоса алғанда), уақтылы төлеуін қамтамасыз ету;
  • денсаулық сақтау ұйымдарының (жұмыс берушілердің) медициналық қызметкерлерге үстемақыны жұмыс уақыты балансын шектемей, нақты жұмыс істеген уақыты үшін төлеуін қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдар жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделеріне әсер ететін шешімдерді және нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың алдында міндетті түрде жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өкілетті өкілдерімен консультациялар мен келісуді өткізу қажет деп санаймыз.

 

 

Құрметпен,

Төраға                                                                                       С. Дәулеталин