Абайдың үндегені – адал еңбек

 

Бүгін Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Бұл тарихи күн. Себебі Үкіметтің арнайы қаулысымен таяуда 10-тамыз Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізіліп, биылдан бастап 10-тамызды Абай күні ретінде атап өтетін боламыз.

Осы мерейлі датаға арналған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында:  «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты.

«Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі Абайдың айтқан бес асыл ісінің бірі – еңбек.

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс, көнсеңіз», – деп барша игіліктің негізі  еңбек деп санаған ойшыл ақынның көзқарастары бүгінгі күні де қоғам үшін мағыналы құндылық.

Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамын» құру идеясы Абайдың         «Егіннің ебін

                   Сауданың тегін,

                   Үйреніп, ойлап, мал ізде.

                   Адал бол, бай тап.

Адам бол, мал тап,

                   Қуансаң, қуан сол кезде», – деген ойымен сәйкес келеді.

Еліміздегі екі миллионнан астам еңбеккерді біріктіріп отырған ірі қоғамдық бірлестік  –  Кәсіптік одақтар федерациясы, ақынның бір ғасырдан асса да өміршеңдігін жоймайтын, заманмен үндес еңбек туралы айтқан идеяларын ілгерілетуді мақсат тұтады.

Ақын шығармаларында адал еңбектің ғана қоғамды алға бастыратынына баса назар аударады. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерінде «елді ел, адамды адам ететін еңбек» деген тұжырым басты орында тұр. Бұл мәңгілік қағида.

Осыған орай, еңбек адамына құрметті арттыру мақсатында федерациясының «QAZAQSTAN KASIPODAGY»  газетінде «Еңбеккерлер әулеті» және сайтында «Мамандыққа адалдық» айдарлары арқылы еңбек адамының шынайы келбетін ашып көрсететін материалдар жүйелі жарияланып келеді.

Абайдың өсиетімен өскен қазақ елі бүгін әлемдегі білімді елдердің қатарында. Ел басқарған басшылардың да бағыты – білімді ұрпақ өсіру. Осының айғағы ретінде  жалпы еңбек өтілі 130 жылды құрайтын  «Алматы Жарық Құрылыс» АҚ-ң қызметкерлері  Жаманкөзовтар әулеті туралы айтқым келеді.  Аталған мекемеде   45 жыл үзбей еңбек етіп келе жатқан Әділбек Сағындықұлы  бастаған еңбек жолын әулеттің бүгінде екі буыны жалғастырып отыр. Інілері Жолболды 39 жыл, Жомарт 10 жыл  «АЖК» АҚ -да еңбек сіңірген қызметкерлер қатарында құрметке бөленген жандар. Осы кәсіпорында  ұлдары Ербол мен Ерліктің  біреуі 19, екіншісі 17 жыл бойы әкелері бастаған салада  әкесінің еңбек жолын жалғастырған кәсіби мамандар.  Бабаларымыздан қалған  «ата жолы», «ата кәсіп»  деген ұғымның не екенін міне осындай тәжірибені көргенде түсінесің, мамандыққа адалдықты  мақтан тұтасың.

Кәсіподақ федерациясының мақсаты – жұмысшы мамандығына деген қызығушылықты арттыру. Бүгінгі қазақстандық қоғамда жұмыссыздық мәселесімен қатар кейбір салаларда жұмыс қолының жетіспеушілігі де аса өткір тұр. Мысал ретінде кеншілерді (шахтерларды) қарайтын болсақ, бүгінгі таңда жұмыс істеп жүрген кеншілердің орта жасы – 45. Бұл мамандыққа жаңадан келушілер қатары аз. Қазақстан сияқты кен байлығымен танымал елде әрқашан қажетті болатын мамандыққа жастарды баулу қажеттілігі аса маңызды.

Өткен жылдың қараша айында Кәсіподақ федерациясы өткізген «Жыр да жазған, кен де қазған Жұмекен» атты әдеби эстафета  көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы әнұранының авторларының бірі, кезінде кенші болып еңбек істеген Жұмекен Нәжімеденовтың шығармашылығына шабыт берген Қарағанды облысынан бастау алып, еліміздегі бүкіл аумақтық кәсіподақ бірлестіктерін қамтыған мазмұнды челленджге айналды. Биылғы жылы мұндай іс-шаралар ауқымы кеңейіп, Еңбек адамын ұлықтайтын үлкен форум өткізу жоспарланып отыр.

Ұлтының болашағын ойлаған ұлы Абайдың да үндеуі  ел ертеңі – жастарға бағытталған. Өлеңдерінде «Талапты ерге нұр жауар», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық»  деп  кәсіп іздеп, өнер тауып, адал еңбекпен алға ұмтылуды насихаттайды.

Федерация мүшелерінің 30 пайызы жастар. Олардың басын біріктіретін «Келешек» жастар кеңесі  жұмыс істейді. Жастар кеңесі Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» қағидасын ұстанып, еңбекші жастардың озық ойларын іске асыруға, биік мақсаттарына жету мүмкіндіктерін бірлесе қарап, еңбекпен қамтылған жұмысшы жастарды – базарларда, құрылыстарда, түрлі жұмыстармен айналысып немесе мамандығына сай жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарға да баса көңіл бөлу мақсатын көздеп отыр. Мысалы, Қостанай облысында пилоттық режимде жастарды мектептен бастап кәсіпке бейімдеуге арналған ақпараттық портал өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, әр жерде коворкинг-орталықтарын құру қолға алынды. Бұл орталықтарда  үй жағдайында жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ адамдар үшін толық жабдықталған жұмыс орындары ұсынылады.   Орталықта қолөнермен айналысу үшін тігін машиналары қойылған. Ғылыми жобаларын жазғысы келетіндер интернетке қосылған компьютерлер арқылы жұмыс істей алады. Бір сөзбен айтқанда, еңбек етіп, ізденемін деген жандарға тең мүмкіндіктер жасалған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен іске асырылып жатқан «Еріктілер жылына» арнап «Келешек» кеңесінің ұйымдастыруымен «Бес асыл іс» республикалық акциясын өткізу қолға алынды.

Мақсат – Абайдың бес асыл іс философиясы арқылы жастарды игілікті еңбек арқылы өмір сүруге бағыттау, кәсіподақ жастарының  «Қайырымды іс» иммунитетін қалыптастыру.   Жастар еріктілер корпусымен бес бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отыр: әлеуметтік аз қамтылған қоғамның осал топтарына әлеуметтік, гуманитарлық көмек көрсету; қоғам арасында Еңбек адамы құндылықтарын насихаттау; мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету; табиғатты аялау және жастарды жұмыспен қамтуда бағыт- бағдар беру.

Қазақ ағартушысының 45 қара сөзін  – қазақ халқының мінезінің айнасы, ұлтымыздың ары мен ұяты, намысы мен мақсаты, бағдаршамы және темірқазығы деп айтуға болады.  Халқын жан-тәнімен сүйген Абай қазақтың бойындағы еңбекке қырсыздық, мақтансүйгіштік, масылдық секілді кеселдерді сынай отырып, мұның бәрінен арылудың жолы – адал еңбек ету дегенді өткір ойларымен жеткізді.

Ақын өзінің үшінші қара сөзінде «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған : әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» дейді.

Шындығында біз ұлы ойшыл айтқан қоғамдағы үлкен кесел – масылдықпен күресуіміз керек. Он екі мүшесі сау азаматтардың жұмыс істемей, әйелдері әкелген табысқа қарап немесе әлеуметтік көмек сұрап отыруы қынжыларлық жағдай. Кездесулер кезінде көп балалы аналардың «бізге мемлекет көмектесуі керек» деуінің ар жағында өз отбасын асырайтын ер азаматтың  жауапкершілігінің аздығы көрініп қалады.

Федерация тарапынан тікелей бақылауда тұрған тағы бір мәселе – жұмыс барысында зақым алған жандардың жағдайы.  Айта кететін жай – міне сол адамдардың арасында жұмыс істеуге құштарлық жоғары.

Федерация тарапынан жұмыссыз адамдарды еңбекпен қамтуға, тұрмысы төмен, түрлі жазатайым  оқиғалардан мүгедек болып қалған жандарға көмектесуге,  жұмысқа орналастыруға жағдай жасалады.  Мысалы – Ақтөбе облысында  «Халықтық бақылау» пилоттық жобасы жүріп жатыр. Ол  Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы кәсіподақтың бастамасымен жүзеге асырылуда. Осы өндіріс орнында мүгедектікке ұшыраған 16 қызметкер бүгінде бейнебақылау операторлары («халықтық бақылаушылар») болып жұмыс істейді. Кәсіпорында жоба жүзеге асырылғанынан бері қауіпсіздік техникасының бұзылу фактілері едәуір төмендеген әрі еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу көрсеткіші екі есеге азайған. Бұл біріншіден, мүгедек жандарды жұмысқа тарту мәселесін шешсе, екіншіден, еңбекті қорғауда да тиімділігін көрсетіп отыр.

Ұлы ойшыл он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» – деген өсиетін адам өзінің қалауы бойынша бір кәсіпті игерсе, адал еңбекпен ғана еліне қызмет ете алады деп ұғынғанымыз жөн.

Ал, ақынның ақыл, ғылыммен алға ұмтылу жайлы айтқандарына мысал ретінде өткен жылдың қараша айынан жүзеге асырыла бастаған «Sмart Kasipodaq Yntymaq» сервисі – цифрлық жобасына тоқтағым келеді. Бұл жаңашылдық әрі жанашырлық бағыттағы жоба. Бүгінде бұл сервистің қызметіне 50 мыңға жуық адам тіркелген. Олардың әрқайсысы уақытын жоғалтпай, үйлерінде отырып-ақ, онлайн түрінде заңдық кеңестер алып, материалдық көмектерге өтініш бере алады, көкейдегі сұрақтарына тікелей жауап алу мүмкіндіктері бар.  Ең бастысы, бұл қосымша қарапайым еңбеккермен «кері байланыс» орнату, яғни қағазбастылықтан құтқарып, ашықтық үшін қызмет етуімен маңызды. Бұл көптен айтылып жүрген «халықтық кәсіподаққа»  жасалған тура жол, нақты қадам.

Заманынан оза туып, өзі айтқандай «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» Абайдың әр сөзі, қалдырған мол мұрасы ұрпағын темірқазықтай адастырмайтын тәрбие құралы, өмір оқулығы. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының : «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар, бірінші ақынымыз деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар», деген сөзі бүгін іске асуда.

Абай – қазақтың айнасы. Оның айтқандарын терең ұғына білсең,  ойыңды түзеп, жаныңды тазартасың, бойыңды түзеп,  алға ұмтыласың. Бүгінгі қоғамда әрқайсымыз ұлы ойшыл айтқандай, «есті кісілердің қатарында болып, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіміз атқарған ісімізге есеп беруіміз қажет». Ақын өсиетіне адалдық, Абайды тану әрқайсымыздың өзімізден басталады.

 

Ардақты ағайын, Абай күні, Абай мерекесі құтты болсын!

 Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы   Дәулеталин Сатыбалды Телағысұлы