Үйлестіру кеңесінің мүшелері кәсіподақтар қызметінің басымдықтарын талқылады

Ақтөбе облысы кәсіподақтарының Үйлестіру кеңесінде ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Жолдауындағы басым бағыттар мен ҚРКФ 26-ші съезінің қорытындылары талқыланды.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысының салалық және жергілікті кәсіподақ бірлестіктері филиалдарының төрағалары алдағы жұмыс жоспарларын нақтылады.

Кәсіподақтар федерациясының 26-съезі кәсіподақтар бірлестігінің бірлігі мен біртұтастығын көрсетті. Әрі 5 жылға арналған жаңа Стратегия қабылданып, КФ Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

«Қабылданған стратегия біздің жұмысымызды одан әрі жандандыруға көп мүмкіндіктер береді. Келесі жыл «бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» болып жарияланды. Бізге бастауыш кәсіподақ ұйымдарының беделін көтеруде үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Сонымен қатар, Старатегияда ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерін көтеру, лайықты жалақы төлеу мен зейнетақы жасын төмендету бойынша нақты ұсыныстар жасалды. Біз өз ісіне мығым, сауатты әрі белсенді бастауыш жетекшілерін жан-жақты қолдап, олардың қоғам өміріне араласуына ықпал етуіміз керек», – деді Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.

Қатысушылар ҚРКФ Жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен танысты. Үйлестіру кеңесінің мүшелері көп деңгейлі мониторинг жүргізу бойынша кәсіподақ жұмысының стратегиялық басымдықтарын талқылады.