Дәулеталин: «Еңбек даулары жүйелі шешімді талап етеді»

ҚРКФ төрағасы 24 ақпан күні бірқатар салалық кәсіподақ басшыларымен кездесті. Сатыбалды Дәулеталин федерация қызметі туралы дәстүрге айналған есеп беру кездесуінде алдымен Бас Келісім жобасына тоқталды.  Қазір жоба Үкіметтің қарауында. Федерация осы жылдың наурыз айында  ҚР Үкіметі, жұмысшылардың республикалық бірлестіктері және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісімнің жобасын тұңғыш рет қоғамдық талқылауға шығарған болатын.  Кәсіподақтар федерациясы барлық республикалық кәсіподақтар бірлестіктеріне негізгі ұстанымдарды қолдауда біріңғай тәсілдерді бірлесе әзірлеу туралы бастама көтеріп, арнайы жұмыс тобын құрды. Топ  үш айда 23 отырыс өткізіп, Бас келісім тұжырымдамасының жобасына «нақты» нормалар енгізілді.

         «Алайда өкінішке орай, жұмыс берушілер бірлестіктері кәсіподақтар енгізген жақсы бастамаларға қарсы  ұстаным білдірді. Дегенмен жұмыс тобы өкілдерімен болған бірнеше күрделі келіссөздердің арқасында бірқатар жағымды өзгерістерді енгізе алдық.  Атап айтқанда, ең төменгі жалақының мөлшерін оны анықтау әдістемесін белгілей отырып кезең-кезеңмен ұлғайтуды,  жалақыны индекстеуді заңнамамен бекітуді сонымен қатар, осы бағыттағы жағдайды жақсарту үшін Халықаралық еңбек ұйымының «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын  қабылдауды енгізе алдық»,-деді ҚРКФ төрағасы.

ҚРКФ төрағасы 17 ақпанда әлеуметтік әріптесі — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкеновпен кездесіп, еңбекақы төлеу және жалақыны индекстеу бойынша жұмыс тобын құру туралы келісімге келген болатын. Бүгінгі кездесуде Сатыбалды Дәулеталин  аталған жұмыс тобының отырысы таяу арада федерацияда салалық кәсіподақ төрағаларының қатысуымен өтетіндігін айтып, әріптестерін өз ұсыныстарын әзірлеуге шақырды.

ҚРКФ төрағасы сонымен қатар, соңғы кездері еңбек ұжымдарына жиілеп кеткен еңбек жанжалдарына да тоқталып өтті.

Атап өтейік, еңбек дауларының алдын алу мәселесі  23 ақпан күні ҚР  Премьер-Министрінің орынбасары – Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен  отырыста көтерілді.

Ол отырыста Сатыбалды Дәулеталин еңбек даулары негізінен кәсіподақтары жоқ кәсіпорындарда болғанын баса айтқан еді.

«ҚР Кәсіподақтар Федерациясы және оның мүшелік ұйымдары еңбек жанжалдарына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. 2021 жылдың басынан бастап экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпорындардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленістің өсуі байқалып отыр. Бүгінгі күнге дейін 20  еңбек дауы тіркелді. Солардың тек 5-інде ғана кәсіподақтар бар. Кәсіподақтар федерацияы мен оның мүшелік ұйымдары аталған жанжалдарды  шешу бойынша барлық келіссөздер процестеріне қатысты. Осының арқасында олардың ушықпай, тезірек шешілуіне ат салысты», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.

 «Бұл еңбек дауының басты себептері жалақының төмендігі, индекстеудің болмауы және еңбек жағдайының жасалмауы»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы өз сөзінде еңбек жанжалдары жүйелі түрде шешілуді талап ететіндігіне бас назар аударды.

«Дауларды талдау  жұмыс берушілердің жанжалдарды бастапқы кезеңде алдын-алуға ынталы емес екендігін  және көп жағдайда өршуіне саналы түрде баратынын көрсетіп отыр. Сонымен қатар, жұмыс берушілер бірлестіктері әлеуметтік әріптес ретінде өткен кезеңдегі даулардың алдын алуға немесе шешуіне қатысқан жоқ. Себебі ол өңірлерде  мұндай бірлестіктер болған жоқ. Өкінішке орай, наразылық білдірудің «тиімді» формаларын іздеу барысында жұмыскерлер еңбек дауларын реттеу үшін заңнамада белгіленген формаларға аз назар аударатындығын ескеру қажет. Стихиялық  немесе демонстрациялық акцияларға басымдық беріледі, бұл қолданыстағы заңнаманың еңбек дауларын шешуде осал екенін көрсетеді. Сондықтан жанжалдарды тоқтатудың қазіргі тәсілі наразылық көңіл-күйдің уақытша әлсіреуін ғана қамтамасыз ете алады»,-деді ҚРКФ төрағасы.

Осыған орай Сатыбалды Дәулеталин  салалық кәсіподақ басшыларына ҚРКФ Атқару комитетінде  «Кәсіподақтар туралы» заң мен Еңбек кодексін жетілдіру бойынша арнайы жұмыс тобын құру туралы шешімнің қабылданғанын ескертіп, аталған жұмыс тобының отырысы келесі аптада өтетінін жеткізді.  Сонымен қатар, салалық кәсіподақтар төрағаларына  бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақ мүшелері тарапынан болатын ұсыныстарды жинақтап, жұмыс тобына енгізу қажеттігін де атап өтті.

Бұның сыртында ҚРКФ төрағасы әріптестерінің назарын кәсіподақтар атынан сайланған ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының  өз сайлаушылары-кәсіподақ мүшелерімен тығыз байланыс орнатқанына аударды. Қазір әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді жедел шешуі үшін үш  аумақтық кәсіподақ орталықтарында қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылды.

ҚРКФ өткен аптада бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына орай  «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын  бастады. Акция аясында ҚРКФ  басшылығы, Парламент Мәжілісі депутаттарының, облыстағы мүшелік ұйымдар мен еңбек ұжымдары өкілдерінің қатысуымен бастауыш кәсіподақ ұйымын виртуалды аралау жоспарлануда. Сатыбалды Дәулеталин кездесудің жаңа форматы салалық кәсіподақ бірлестіктерінің жұмысына да енгізілетінін және әріптестеріне осыған байланысты өз ұсыныстарын беруді тапсырды.  Ескерте кетейік, акцияның басты мақсаты – әрбір бастауыш ұйыммен кездесу, озық тәжірибелерді біріктіру, жергілікті және жүйелік деңгейдегі проблемаларды анықтау, аймақтық кәсіподақ белсенділеріне қолдау көрсету.

ҚРКФ халықаралық бағытта да белсенді жұмыс істеуде. Кездесуде төраға әріптестеріне Халықаралық еңбек ұйымымен, халықаралық кәсіподақ ұйымдарымен және шет елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтарымен ынтымақтастық нығайту бағытында  жүзеге асырылып жатқан жағымды жаңалықтармен таныстырды. Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясына сәйкес федерацияның жаңа имиджін қалыптастыру және қаржы саясаты мен активтерді басқару бойынша қолға алынып жатқан жұмыстардан құлағдар етті. Атап айтқанда, Федерация активтерін дамытудың 2021- 2025 жылдарға арналған бағдарламасы мен федерация активтерін басқаруда мүшелік ұйымдардың қатысуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстардың әзірленіп жатқаны айтылды.

«Шын мәнінде бұл 2 млн-ға жуық кәсіподақ мүшелерінің мүлкі. Бұл мәселеге салалық кәсіподақтар белсенді түрде қатысуы керек»,-деді төраға.

Кездесуге қатысқан «Көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Михаил Никифоров кездесудің маңыздылығын, сондай ақ алдағы уақытта жиі өткізілуін және бұл туралы ақпаратты тұрақты тарату қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол федерацияның қаржылық бағытты нығайтуда қолға алып жатқан жұмыстарын оң бағалап, бұл  жұмыскерлерді экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан  нақты қорғай алатын, мықты кәсіподақтарды құруға сеп болмақ деген пікір білдірді. Михаил Никифоров  әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту мен  тиімділігін арттыру қажеттігіне де ерекше назар аудары.

«Тау-Кен металлургия салалық кәсіптік одағы Қазақ кәсіподақ металл» ҚБ төрағасы Асылбек Нұралин федерацияда қолға алынып жатқан өзгерістерді оң бағалап,  ҚРКФ төрағасы атап өткен федерация активтерін басқаруда мүшелік ұйымдардың қатысуына қолдау білдірді. Сонымен қатар, ол федерацияның  бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына орай, жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіруге  қатысты қолға алып жатқан жұмыстарына белсенді араласатындарын жеткізді.

 «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РКБ төрағасы Қайрақбай Жанабековтің айтуынша, ҚРКФ-ның  қаржыландыруға қосымша көздерді табу мақсатында кәсіподақ мүлкі мен қаражатын басқару жүйесін жетілдіру бастамасы кәсіподақтардың дамуына оң серпін беретіні сөзсіз.

«Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіби одағы» ҚБ төрағасы Қайрат Үстеміров те сала қызметкерлері жалақысының төмендігіне тоқталып, еңбекке ақы төлеу жүйесі мен кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қорғауды жетілдіру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ол бұл бағытта федерациямен бірігіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасы әріптестеріне ризашылығын білдіріп, осындай тұрақты кездесулердің федерацияның 2020-2025 жылдарға арналған стратегияда айқындалған жоспарларды жүзеге асыруда ерекше маңыздылығын атап өтті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы