ҚРКФ басшысы: «Ұзаққа созылатын еңбек даулары мен шиеленістерді кәсіподақтармен өзара әрекеттесу арқылы болдырмауға болады»

Ақтөбе облысына сапары аясында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыстың кен өндіруші секторындағы компаниялардың еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізді.

Кәсіподақтар федерациясының басшысы Ақтөбе мыс компаниясына барған кезде жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек жағдайларымен танысты.

«Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС – Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандарындағы мыс және мыс-мырыш руда кен орындарын кешенді игеруге арналған «Ресей мыс компаниясы» ЖАҚ холдингінің құрамына кіреді. Кәсіпорында 1173 адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің орташа жалақысы 201 615 теңгені құрайды.

Компаниядағы бастауыш кәсіподақ ұйымын 2021 жылы ақпанда 22 адамнан тұратын бастамашыл топ құрды.

Бас директордың құқықтық мәселелер және табиғатты пайдалану жөніндегі орынбасары Анжелика Шипилова жұмыс беруші тарапынан қызметкерлерді ынталандыру жүйесі туралы айтты.

Оның айтуынша, орта есеппен 2 жыл ішінде жалақы 25% көтерілді, индекстеу жыл сайын жүзеге асырылады.

Сонымен бірге ол біліктілікті арттыру бағдарламалары және қызметкерлерді жоғары лауазымдарға көтеру мүмкіндіктері туралы баяндады.

ҚРКФ төрағасы кәсіподақтардың жұмысшылар үшін кепілдік қамтамасыз етуде, сондай-ақ еңбек дауларының алдын алуда және шешуде ерекше рөлін атап өтті. Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, келіссөздер арқылы дауды сындарлы арнаға жеткізе алатын кәсіподақтармен өзара әрекеттесу арқылы ұзаққа созылатын еңбек даулары мен шиеленістерді болдырмауға болады.

«Біздің мәліметтер бойынша, биыл елімізде 28 еңбек дауы тіркелді. Көбіне олар кәсіподақтары жоқ кәсіпорындарда болған. Олардың тек 8-інде ғана ҚРКФ кәсіподақтары бар, олар өз кезегінде дауды тез арада шешуге үлес қосты», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Оның пікірінше, еңбек дауларының негізгі себептері – төмен жалақы және лайықты еңбек жағдайларының жеткіліксіздігі.

«Еңбекақы төлеудің барлық жүйесін қайта қарау қажеттілігі туралы мәселе туындайды. Бізде әлеуметтік жауапты жұмыс берушілер көп. Бірақ бұл мәселелермен айналыспайтын жұмыс берушілер де бар. Табыстың кем дегенде 50%-ы жалақы қорына бағытталуы керек – бұл алдыңғы қатарлы Еуропа елдерінің тәжірибесі. Қазақстанда бұл көрсеткіш 29-30% құрайды. Бұл қайшылықты жеңу керек», – деп санайды ҚРКФ басшысы.

Сонымен бірге, ол ұжымдық шарт қызметкер үшін қосымша әлеуметтік кепілдіктер берудің маңызды құралы екенін атап өтті.

«Бүгінде ұжымдық шарттың әлеуметтік әріптестік тараптары үшін оң әсері айқын. Қызметкер үшін артықшылық бұл –  әлеуметтік қорғау және материалдық қолдауды қамтамасыз ету болып табылады, ал жұмыс беруші үшін – еңбек мотивациясына жағымды әсер ету және қызметкерлердің нақты қажеттіліктерін дәл түсіну», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Содан кейін ҚРКФ басшылығы «Сагиз Петролеум Компани» ЖШС барды. Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнының басшылығымен және кәсіподақ белсенділерімен кездесуде еңбек ұжымында тұрақты әлеуметтік климатты сақтаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Осы жылдың ақпанында компания қызметкерлері жалақыны жоғарылатуды талап еткен болатын.

Кәсіподақтардың белсенді қатысуымен келісу комиссиясының жұмысы нәтижесінде кәсіпорын басшылығы үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне дейін қызметкерлердің жалақысын көтеруге кепілдік берді.

Бас директордың орынбасары Цю Гуангюаньның айтуынша, жұмысшылардың талаптары ескеріліп, тараптар ымыраға келген. Жалақының өсуімен қатар ауысым мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқарды.

Кездесу барысында Сатыбалды Даулеталин жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін толық көлемде қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті және жұмыс беруші тарапқа келісу комиссиясының хаттамасы аясында келісімді нығайтуға кеңес берді.

«Еңбек адамы – Кәсіподақтар федерациясының басты құндылығы. Біздің басты басымдықтарымыз –  лайықты еңбек жағдайлары мен жалақы, әлеуметтік тұрақтылық пен тиімді әлеуметтік әріптестік», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Жұмыс берушінің өкілдері Кәсіподақтар федерациясының төрағасын келіссөздер барысында қол жеткізілген барлық шарттарды сақтай отырып, жақын арада комиссия хаттамасын бекітетініне сендірді.

ҚРКФ төрағасы компания басшылығын ұжымдық шарт аясында қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше назар аударуға шақырды. Бұл жерде мәселе – еңбекақыны арттыру, лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және т.б.

Сол күні «Ту-Ха» мұнай технологиялық қызмет көрсету компаниясы» ЖШС мен «Урихтау Оперейтинг» ЖШС жұмыс берушілерімен және кәсіподақ белсенділерімен кездесу өтті.

Кездесулер барысында тараптар әлеуметтік әріптестік аясындағы өзара әрекеттесу перспективаларын, оның ішінде компанияларда бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру мәселесін талқылады. Келіссөздер нәтижесінде «Ту-Ха» мұнай технологиялық қызмет көрсету компаниясы» ЖШС-де бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды, ол «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының құрамына кірді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы