Кәсіподақтар федерациясы «30 Еңбек Елшісі» республикалық жобасының жеңімпаздарын марапаттады

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында «30 Еңбек Елшісі» республикалық жобасының қорытындысы шығарылды. ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев жастарға бағытталған кәсіподақтың жаңа жобасының қатысушылары мен жеңімпаздарын құттықтай отырып, жұмысшы жастарға Еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын қорғауға белсенді қатысуға шақырды.

Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясына жобаға қатысуға келіп түскен кәсіподақ жастарының 196 өтініштерінің ішінен 156-сы іріктеліп, оның 30-ы үздік деп танылды.

«Республикалық «30 Еңбек Елшісі» жастар жобасына Қазақстанның 12 аймағынан 15 салалық кәсіподақ өкілдері қатысты. Кәсіподақтар федерациясының жас көшбасшыларға үміт артуының мысалы болған жоба 30 «еңбек елшісін» анықтады. Жас кәсіподақ көшбасшылары үшін бұл – Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тағы бір маңызды қадамы», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев.

Жобаның қатысушылары мен жеңімпаздарына тілек сөзін айта отырып, ол кәсіподақ ұйымдарының қызметі әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдірудің маңызды құралы екенін еске салды.

«Әлеуметтік-еңбек саласында мәселелер бар: жалақының өсуі, ең төменгі жалақының артуы, зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдардың зейнетке шығу жасының төмендеуі, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және басқалары. Осы мәселелердің барлығын шешудің жолдары  Кәсіподақтар федерациясының 2025 жылға дейінгі стратегиясында көрсетілген. Біздің кәсіподақ жастарының алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыруға белсенді қатысуы біз үшін өте маңызды. Кез-келген күрделі мәселеде ілгерілеу ескі мәселелерді шешуге жаңа тәсілдер пайда болған кезде мүмкін болады. Сондықтан біз жас кәсіподақ көшбасшыларына сенім артамыз», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

«30 Еңбек Елшісі» жобасы жеңімпаздарының диплом иегерлерінің қатарында әр түрлі мамандықтардың көрнекті өкілдері бар: білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және ақпарат, шағын және орта бизнес, атом өнеркәсібі,  энергетика, теміржол, автомобиль және су көлігі, мемлекеттік және банк мекемелері, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, орман шаруашылығы, металлургия және машина жасау, мұнай-газ, көмір және химия өнеркәсібі салаларының жас мамандары.

«30 Еңбек Елшісі» жобасына қатысу мүмкіндігінің арқасында жас кәсіподақ белсенділері жас кәсіподақ мүшелерінің бастамаларын қолдауға арналған жобаның өзектілігін атап өтті. «Сенім» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағының Қарағанды ​​облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сұлтан Медеубаев кәсіподақ қоғамның саяси жүйесінің ажырамас бөлігі екенін және коронавирус пандемиясынан туындаған көптеген мәселелерді шешу кәсіподақтардың қатысуынсыз мүмкін емес болғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта медициналық қызметкерлерге үлкен салмақ түсуде. Біздің кәсіподақтар оларға материалдық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету арқылы вируспен күрестің жалпы ісіне үлес қосуда», – дейді жас кәсіподақ көшбасшысы.

Сондай-ақ, «Ембімұнайгаз» АҚ «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы өндірістік-техникалық бөлімі басшысының орынбасары Сәкен Шарапиден, «Астаналық цирк» МКҚК әртісі Ека Қоңырбаева, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ жұмысшылар кәсіподағының төрағасы Александр Шахворост, Павлодар қаласы №43 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Әбілдинова, «Богатырь Көмір» ЖШС бас технологы Қымбат Құрманғалиева, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы» ММ бас маманы, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы Александр Тен, «YNTYMAQ» орта және шағын бизнес жұмыскерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы» РҚБ филиал төрағасы, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлзира Атабаева кәсіподақ қызметіндегі өз жетістіктерімен бөлісті. Жас кәсіподақ көшбасшылары «30 Еңбек Елшісі» республикалық жобасына қатысу олар үшін елдегі кәсіподақ қозғалысын кеңінен танымал ету және жұмысшылардың мүдделерін қорғауға бағытталған шешуші әрекеттерді жасау үшін белсенді қадамдар жасауға шабыт болғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, «30 Еңбек Елшісі» жобасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. «Еңбек елшілері» қоғамдағы кәсіподақтар туралы көріністі өзгертуге, жастардың бойына еңбек құндылықтарын сіңіруге, жастар ортасында кәсіподақ мүшелігінің тартымдылығын насихаттауға шақырылады.

Жоба бірнеше кезеңнен тұрады: іріктеу кезеңі, оқыту, 5 бағыт бойынша жұмыс. Қатысушылардан өтініштер қабылдау критерийлер бойынша kasipodaq.kz сайтында орналастырылған өтініш формасына сәйкес 2021 жылдың 10-26 ақпан аралығында жүргізілді. Сараптау комиссиясы шешімімен  2021 жылғы 3 наурыз күні іріктеу кезеңінің жеңімпаздары 35 жасқа дейінгі кәсіподақтың 30 мүшесі болды. Жоба бес бағыт бойынша жүзеге асырылады: лайықты еңбек жағдайлары, сау жұмыс орындары, құқықтық сауаттылық, soft-skills дамыту және кәсіподақ ұйымдастырушысы.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы