«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы «Aluminum of Kazakhstan» ЖШС ұжымымен кездесті

Кәсіподақ федерациясы басшылығының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кезекті онлайн кездесуі «Aluminum of Kazakhstan» ЖШС ұжымымен өтті.

«Aluminum of Kazakhstan» серіктестігіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымы Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының  құрамына кіреді. Кездесуді ашқан «Алматы облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов осылай деді. Оның айтуынша, бүгінгі күні Алматы облысында салалық кәсіподақтың 1000-ға жуық мүшесі бар, 13 бастауыш кәсіподақ ұйымы, Ұйғыр және Еңбекшіқазақ облыстарында 2 өкілдік ашылған. Қазіргі күні жетекші кәсіпорындармен және шағын және орта бизнес өкілдерімен белсенді келіссөздер жүргізілуде.

«Aluminium of Kazakhstan» зауыты –  «Hoffmann аluminium» сауда таңбасымен жоғары технологиямен толық кезеңді алюминий профильдерін өндіруші зауыт. 2013 жылы Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде алғашқы кәсіпорын ретінде құрылған. Зауыт директоры Қуаныш Садырбаевтың сөзінше, бұл  Қазақстан аумағында қалдықсыз технологияларды пайдаланумен толық цикл жағдайында пішіндерді өндіру технологиясын енгізген жалғыз кәсіпорын. Экспортқа да бағдарланған. Ал шикізат Павлодар алюминий зауытынан алынады.

Зауыттағы бастауыш кәсіподақ ұйымы 2020 жылы құрылған.  Төрайымы Әлия Қабдоллинаның айтуынша, ұйымның  200 мүшесі бар. Құрылғаннан бері оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау бағытында бірқатар жетістіктерге қол жеткізілген. Ұйым мәселен,  «Үздік қызметкер» байқауын ұйымдастырады. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шипайжайға жолдама сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталады»,-деді Әлия Қабдоллина.

Бұны кәсіподақ мүшелері де қуаттап, лайықты еңбек жағдайы үшін кәсіподақ пен зауыт басшылығына ризашылықтарын білдірді. Зауыт тарапынан оларға 3 мезгіл ыстық тамақ, үйге тасымалдау қамтамасыз етілген.

Кездесуге қатысқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева «Қалың қалай, бастауыш?»  акциясының мақсаты ең алдымен  кәсіподақ қозғалысының бастауы болып табылатын бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен байланыс орнату, кәсіподақтардың заң шығару бастамаларымен және  Мәжілістің депутаттық корпусымен  бірлескен жұмысымен  таныстыру, кәсіподақ мүшелерінің өзекті мәселелерін естіп-білу, мүмкін болған жағдайда оларды депутаттық сауал ретінде Парламент қабырғасында көтеру, заңға бастама ету екенін жеткізді.

«Шын мәнінде біз қазір үш тарап яғни ұжым, кәсіподақ және Мәжіліс депутаттарымен арасындағы өзара әрекеттесу көпірін тұрғызып жатырмыз»,-деді депутат.

Сонымен қатар,   Мәжілісте әлеуметтік-еңбек және онымен байланысты экономикалық және қоғамдық қатынастар саласына қатысты қандай заңнамалардың қаралып және мақұлданып жатқаны туралы баяндады.

Бұдан соң зауыт өкілдері мен жұмысшылары өздерін мазалаған сауалдарға көшті.

Жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындары студенттерінің зауытта тәжірибеден өтуін жолға қоюға қолдау көрсетуіне қатысты сауалға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева бұл мәселе бұған дейін де көтерілгенін бірақ шешусіз қалды деген жауап айтты.

«Өз өндірісімізді дамытып, жоғары білікті мамандарымызды даярлау тәжірибесі жолға қойылмаған. 2016 жылы білім және ғылым министрлігі дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекітті.  Бүгінгі күні бұл бағытта қажетті нормативтік база қалыыптасқан күннің өзінде, жүйені енгізген оқу орындарының саны аз. Негізі оқу орындарының өздері мүдделі болуы тиіс. Түлектер үшін де тамаша модель. Заң жүзінде оқу орындары міндеттелмеген. Кәсіпорындарда тәжірибеден өтуді  міндеттеу қажет деген сіздердің ойларыңызбен келісемін. Бұл мәселені депутаттық сауал арқылы да көтеруге болады. Оны ойласатын боламыз. Жалпы бұл мәселені әзірге аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арқылы  кәсіподақ, оқу орындары және өндіріс ошақтарының үш жақты кездесуін ұйымдастырып, меморандум арқылы шешуге болады. Біз кезінде Қостанай облысында осындай тәжірибені енгізген болатынбыз»,- деді Екатерина Смышляева.

ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Қазақ ұлттық техникалық университеті ректорына ұсыныспен шығуға болатынын айтты.

Ал «Алматы облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов тиісті  меморандум жобасын дайындауға уәде берді.

Жұмысшылар   зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істейтін айта-айта жауыр болған –  зейнеткерлік жасын төмендету мәселесін де көтерді.

Сауалға жауап берген Екатерина Смышляева «Ашығын айтайын,  бұл мәселені реттейтін мемлекеттік орган ескі модельді қайтармайды. Сондықтан, жинақтау жүйесі арқылы шешуге мүмкіндік бар.  Бұл дегеніміз,  біріншіден аннуитетті шегті төмендету, екіншіден жинақтау жарналарын субсидиялау,  үшіншіден жұмыс беруші тарапынан зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге қосымша 5% көлемінде міндетті зейнетақы жарнасын төлеу  бойынша сапалы жұмыс жасау керек деген сөз. Сонымен қатар, осыған дейін айтылғандай ҚРКФ ұстанымына сай ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру қажет. Жалақы мөлшері жақсы болған жағдайда, зейнетақы жарналары да жеткілікті болып, жұмыскерлерге зейнеткерлікке ерте шығуға мүмкіндік береді. Сондықтан осы бағыттарда белсенді жұмыс істеу керек»,-деді.

Кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары зауыт жұмысын жоғары бағалады. Мұхтар Тінікеев  жыл басынан бері елімізде 30 еңбек дауы тіркелгенін және олар негізінен кәсіподақ жоқ кәсіпорындарда орын алғанын  айтты. Сонымен қатар, ол Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихында тұңғыш рет кәсіподақтың үш  көшбасшысы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты атанғанын еске алды. Мәжіліс спикерінің орынбасары Павел Казанцев пен  Парламенттің төменгі палатасының депутаты Ерлан Саиров та кезінде кәсіподақтарда еңбек еткенін айтып «Осы бестік кәсіподақ федерациясының саясатын алға жылжытады деген ойдамын»,-деді.

Сала өкілдерін мазалайтын басты мәселе – зейнеткерлік жасын төмендету. Федерацияның өткен съезде қабылдаған 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясында ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайындағы жұмыстарда істейтін жұмыскерлер үшін зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен, алдымен 63-тен 55 жасқа дейін, одан кейін 55-тен 50 жасқа дейін төмендету, сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін талап етілетін жинақтардың мөлшерін азайту қарастырылған. ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары осыны ескерте келе «әзірге Үкімет қарсылық танытуда. Біздің мақсат бұл ұсынысты әртүрлі деңгейде әрі жиі көтеру»  дегенді айтты.

Кәсіподақтардың ең төменгі жалақыны көтеру жөніндегі бастамаларына да ерекше назар аударды.

«Табиғи-ресурстық әлеуетімізді ескерсек,  ең төменгі жалақы мөлшері яғни 42500 теңге төлеу ұят жағдай. Сондықтан кәсіподақтар ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеруді талап етуін  жалғастыра береді», — деді Мұхтар Тінікеев.

Федерация жанынан  Еңбек кодексі мен «кәсіподақтар туралы» заңға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс тобы құрылғанын еске салды. ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары «жұмыс тобы 2014 жылы қабылданған жұмыс берушінің мүддесін көбірек қорғайтын кодексті жұмысшылардың мүддесіне сай өзгертпекші. Еңбек кодексінің Еңбек Адамының мұң-мұқтажына сай болуы қажеттігін бір кездері  Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов та айтқан болатын. Бұл жүрекке сенім ұялтады. Жоғарғы Сот пен Кәсіподақтар Федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, соның нәтижесінде Кәсіподақтар федерациясының аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінде «Татуласу орталығы» орталықтары ашылды. Осының арқасында түрлі қиындықтармен бетпе-бет келген көптеген жұмысшылар өз  дауларын шешті.  Олар сотқа жүгінгенде ұзақ уақыт алар еді. Қазір біз жедел желісі бар «Құқықтық клиника» ашуды ойластырып жатырмыз. Қорғаушылардың қызметі қымбат. Ал клиникаға жүгінген әрбір жұмысшыға ақыл-кеңес тегін көрсетілетін болады»,-деді.

Ол сонымен қатар,   «Өзенмұнайгаз» ААҚ мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарызды еңбекті қолдануға байланысты өрескел заң бұзушылықтар қалыптасқанын айтып, федерацияның осындай жұмыскерлердің мүдделері мен құқықтарын қалай қорғап жатқанын және жалпы кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын мен мүдделерін қорғау үшін  ұлттық заңнаманы жетілдіру бағытында жүргізіп жатқан жұмыстары   туралы әңгімелеп берді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы