«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: Кәсіподақтар федерациясының басшылығы «Өскемен ЖЭО» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті

Өскемен ЖЭО – Шығыс Қазақстан облысындағы ірі энергетикалық компания, ол республикадағы 59 ЖЭО-ның арасында 14-орында тұр.

ЖШС бас директоры Айдын Бексолтанның айтуынша, кәсіпорын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін жылу энергиясын өндіруді қамтамасыз етеді және Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық секторының 80% -дан астам жүктемесін жабады.

Станция 1947 жылы құрылған. 2003-2011 жылдар аралығында технологиялық жабдықты жаңарту кезеңінен өтті.

Бүгінгі таңда компания қызметкерлерінің саны 560. Оның 508-і өндірістік жұмыскерлер, 52-сі әкімшілік қызметкерлер.

«Өскемен ЖЭО» ЖШС кәсіподақ ұйымы 1975 жылы құрылған. 2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ЖЭО қызметкерлерінің 65% кәсіподақ мүшелері. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Евгений Блинов. Компанияда еңбек дауларын шешу үшін Өндірістік кеңес пен Келісім комиссиясы жұмыс істейді. Комиссия мүшелері жыл сайын медиация, еңбек дауларын шешу бойынша біліктіліктерін арттырып отырады.

Өскемен ЖЭО-дағы ұжымдық келісім 2019 жылы жаңартылды. Кәсіподақ комитетінің мәліметтері бойынша, ұжымдық шарттың негізгі тармақтарының бірі жалақыны болжамды инфляция деңгейіне индекстеу болып табылады.

Ұжымдық келісімшартта жұмыскерлердің біліктілігін арттыру мен денсаулығын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Жұмыс беруші жұмыскерлерге дәрігердің нұсқауымен профилактикалық медициналық тексеру және қосымша тексеру өткізеді, шипажайлар мен демалыс үйлеріне жолдамалар, жеке клиникаларда емделу құнының 50% -ын, сонымен қатар, құжаттармен расталған жағдайда дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтердің 50% -ын өтеп береді.

Сонымен бірге, ұжымдық шарт еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға бағытталған нормаларды кеңінен реттейді. ЖЭО Корпоративтік оқу орталығы жұмыскерлердің қауіпсіздік шаралары бойынша біліктілігін ұдайы арттып отырады.

ШҚО энергетика қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының төрайымы Вера Подрезова сала қызметкерлерінің проблемалық мәселелері туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Ол, ең алдымен, сала қызметкерлерінің жалақы деңгейін көтеру қажеттілігін атап өтті.

«ҚР Президентінің энергетика саласындағы қызметкерлерге еңбекақы төлеудің бәсекеге қабілетті деңгейін қалыптастыру шараларын әзірлеу қажеттілігі туралы жақында берген тапсырмасын ескере отырып, біздің үндеуіміз қараусыз қалмайды және оң шешімін табады деп сенеміз. Кәсіподақтар бұл мәселенің Үкімет деңгейінде қаралуын сұрайды », – деді жергілікті кәсіподақ басшысы.

Энергетика саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас өз кезегінде саладағы орташа жалақы республикадағы орташа жалақыдан 13 пайызға төмен екенін қосты.

«Кәсіподақтар бұл мәселені жоғары деңгейде айтып жүр. Біз энергетиктердің жалақысын көтеру мәселесі бойынша Үкіметке, Парламентке, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне бірнеше рет жүгіндік. Энергетика министрі ақпан айында станция жұмысшыларының жалақысын 15%-ға көбейту туралы бұйрыққа қол қойды. Бүгінде 45 кәсіпорынның 37-сі жалақыны көтерді. Жақында Мемлекет басшысы энергетика саласының проблемалары бойынша маңызды кеңес өткізді, онда энергетикалық мәселелерді шешуге бағытталған Қаулы қабылдауды тапсырды », – деп атап өтті Оразбек Бекбас.

Салалық кәсіподақ төрағасы Парламент Мәжілісінің депутаттарына тарифтерді белгілеу функциясын Ұлттық экономика министрлігінен Энергетика министрлігіне беру мәселесін шешуге көмектесуді сұрады.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы айта отырып, ол ұжымдық шарттың жағымды жақтарын, оның ішінде жұмыскерлер жалақысын индекстеу нормаларын атап өтті.
Сонымен бірге, ол кәсіподақ комитетін қызметкерлердің еңбек құқықтарын бақылау бойынша жұмысты күшейтуге, кәсіпорында кәсіподақ мүшелерінің санын арттыруға шақырды.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Екатерина Смышляева мен Мейрамбек Төлепберген осы акцияның жұмыскерлердің өзекті мәселелеріне қанықтыратынын атап өтті.

«Депутаттық корпус барлық еңбек ұжымдарындағы өзекті мәселелерді есту үшін акцияға белсенді қатысуда», – деп атап өтті Екатерина Смышляева.

Депутаттар кездесу қатысушыларына Кәсіподақтар Федерациясының Мәжіліс депутаттарымен еңбек заңнамасын жетілдіру жөніндегі бірлескен бастамалары, «Кәсіподақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және басқа да нормативтік құқықтық актілер туралы баяндады.

Екатерина Смышляева Ресей Федерациясының тәжірибесімен салыстыра отырып, Еңбек кодексінде жалақыны салалық реттеуді ескеру туралы ұсынысын айтты.

Кездесуді қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев жұмысшылардың жалақы деңгейін көтеру Кәсіподақтар Федерациясының күн тәртібінде тұрғанын баса айтты.

«Ең төменгі жалақының қолданыстағы мөлшері 42 500 теңгені құрайды. ХЕҰ бекіткен Кейц индексі бойынша ең төменгі жалақы орташа жалақының 50% -ын құрауы керек. Бүгінгі таңда, егер Қазақстанда орташа жалақы 206000 теңге болса, ең төменгі жалақы 103000 теңгені құрауы керек. Біздің елде ең төменгі жалақы орташа жалақының 20%-ын ғана құрайды », – деп атап өтті ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, биылғы жылдың басынан бастап ҚРКФ жүргізген мониторинг нәтижесінде. Республикада 30 дан астам еңбек дауы тіркелді, олардың көпшілігі кәсіподақтары жоқ кәсіпорындарда орын алады.

«Олардың тек 15-інде ғана ҚРКФ кәсіподақ ұйымдары болды. Кәсіподақтардың қатысуы мазмұнды келіссөздерге, қақтығыстардың ұзақтығын қысқартуға және мерзімінен бұрын ымыраға келуге көмектесті », – деді Мұхтар Тінікеев.

Осы тұрғыда кәсіподаққа тартуды күшейту және жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілік деңгейін арттыру маңыздылығы атап өтілді.

«Кәсіподақтардың міндеті – ұжымдық шарттың тек кәсіподақ мүшелеріне қатысты болуын қамтамасыз ету. Қызметкер ұжымдық шарт арқылы түрлі жеңілдіктер мен кепілдіктерге ие болады. Ұжымдық келісімдерді күшейту керек. Жұмыс берушілердің Еңбек Адамына бет бұратын уақыты келді », – деп қосты Мұхтар Тінікеев.
Ол энергетика саласындағы жұмысшылардың барлық проблемалық мәселелері Үкімет мүшелерінің назарына жеткізіледі деп сендірді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы