«Кезби» ЖШС жұмысшыларының ереуілі: төрелік комиссия жұмыс істеуде

Жаңаөзенде «Кезби» ЖШС мұнай сервистік кәсіпорнындағы жағдайды шешу үшін аралық комиссия жұмыс істеуде.

Маңғыстау облысының әкімі Серібай Трумов төрағалық ететін комиссияға жұмыскерлердің өкілдері, жұмыс берушінің өкілдері, Жаңаөзен қаласының әкімі, Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті өкілдері, Кәсіподақтар федерациясы тарапынан «Yntymaq» салалық кәсіподағының төрағасы Қайрақбай Жаңабеков және Маңғыстау облысының кәсіподақ орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы кірді.

Естеріңізге сала кетейік, 30 маусымда «Кезби» ЖШС мұнай сервистік кәсіпорнының бірнеше жүздеген жұмыскері ереуілге шыққан болатын.

Мұнайшылардың негізгі талаптары – жалақыны арттыру, тарифтік кестені қайта қарау, жабдықтарды талап етілетін стандарттарға сәйкестендіру, сондай-ақ мереке күндері жұмыс істегені үшін жалақы, он үшінші жалақы және денсаулыққа келтірілген зиян үшін өтемақы төлеу.

Бұған дейін Федерация әлеуметтік әріптестер назарын «Кезби» ЖШС проблемалық мәселелеріне аударған болатын. Сонымен, осы жылдың ақпан айында кәсіподақтың араласуынан кейін мұнай сервистік компанияның 25 қызметкері жұмысқа қайта алынған болатын.

Қайрақбай Жаңабеков атап өткендей, «Кезби» ЖШС жұмыскерлерінің еңбек жағдайын жақсарту бойынша әлеуметтік әріптестермен келіссөздер барысында қол жеткізілген барлық келісімдер отырыстардың хаттамаларында бекітілетін болады.

Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аймақтық үшжақты комиссия отырысы шеңберінде кәсіпорындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жүйелі шараларды қарастыру туралы бастама көтеретін болады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы