«Techno Trading LTD» ЖШС ұжымдық келіссөздер келісіммен аяқталды

27 тамызда «Techno Trading LTD» мұнай сервистік компаниясының қызметкерлері Жетібай кен орнында (Маңғыстау облысы, Қарақиян ауданы) жұмысын тоқтатты.

60-тан астам қызметкер жалақыны 100%-ға көтеру, мұнайшылар күні мен жаңа жылға сыйлықақы енгізу, сонымен қатар денсаулыққа жәрдемақы енгізу туралы талаптарын қойды.
Келіссөздер 20 күнге созылды.

31 тамызда қызметкерлердің компания басшылығымен, прокуратура мен мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдерімен кездесуі кезінде жұмыс беруші жалақыны көтеруге мүмкіндік жоқ екенін айтып, қызметкерлерді өз міндеттерін бастауға шақырды.

Жұмыс беруші жұмысшылардың жұмысқа барудан бас тартқаны үшін олардың ереуілін заңсыз деп жариялау үшін сотқа жүгінді.

«YNTYMAQ» шағын және орта бизнес жұмысшыларының кәсіптік кәсіподағының төрағасы Қ.Жаңабековпен және Мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдерімен 4 қыркүйекте өткен кездесуде кәсіпорын қызметкерлері жұмыс беруші талап арызды қайтарып алған жағдайда ғана келісім комиссиясының құрылымы аясында бұл мәселені қарастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Бұл ретте жұмыс беруші ереуілдің заңсыз екенін айтып, бұл шешіммен келіспеді. Сонымен қатар, ол биыл жалақының 15%-ға өскенін еске салды.

Бұл арада 14 қыркүйекте сот жұмысшылардың ереуілін заңсыз деп танып, «Технотрейдинг ЛТД» ЖШС-нің талап арызын қанағаттандырды.

Бірқатар келіссөздер нәтижесінде «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ ұйымы оның төрағасы Қайрақбай Жаңабеков атынан «Techno Trading LTD» ЖШС жұмыс берушілерімен әріптестік қарым-қатынас орнату бойынша шаралар қабылдады, оның шеңберінде кәсіпорында тұрақтылықты және еңбек ұжымында лайықты жағдайды қамтамасыз ету қажеттілігі туралы түсіністікке қол жеткізілді.

Атап айтқанда, тараптар Тапсырыс беруші, «ММГ» АҚ тарифтерін қайта қарауды ескере отырып, жалақыны кезең-кезеңмен – қыркүйек айынан бастап 15%-ға және қазан айынан бастап 15%-ға өсіру туралы уағдаласты.

Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкерлерге Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне 20 АЕК көлемінде сыйлықақы төлеуді қамтамасыз етуге міндеттеме алды.
2022 жылдың басынан ұжымдық шарттың талаптарын қайта қарау да жоспарлануда.

Бұл ретте келісім комиссиясының шешімінде наразылық акциясына қатысушыларды қудалауға тыйым салу шарты қарастырылған.

Осылайша кәсіпорындағы еңбек дауы шешілді, компания қызметкерлері жұмысқа кірісті.

Анықтама үшін: «Techno Trading LTD» ЖШС 1999 жылы Алматы қаласында құрылған, жұмыс орны Маңғыстау облысында. Қызмет түрі – геофизикалық қызметтер, мұнай-газ ұңғымаларында перфорациялау және жару жұмыстары және мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу жұмыстары. Жұмыс уақыты – ауысымдық жұмыс. Жұмысшылардың жалпы саны – 540, оның ішінде Жетібайда – 300, қызметкерлердің орташа жалақысы – 210 мың теңге.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы