Еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі Ақтөбе облысының кәсіподақ активіне арналған семинар тақырыбына айналды

Кәсіподақтар федерациясының білім марафоны Ақтөбе облысының кәсіподақ өкілдеріне арналған онлайн-семинарды жалғастырды.

Кездесу модераторы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ағымдағы жылдың маусым айынан бастап Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен салалық, жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдары филиалдарының кәсіподақ активтерінің қатысуымен онлайн режимінде тәжірибелі лекторлар пулының қатысуымен семинар-тренингтер өткенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық мәдениетін көтеруге арналған ҚРКФ білім марафоны ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады.

Кәсіподақ мүшелерінің біліктілігін арттырудың және денсаулығын сақтаудың маңыздылығын айта отырып, ҚРКФ төрағасының орынбасары семинарға қатысушыларға кәсіптік одақтың «Ем ал және білім ал!» жобасын ұсынды.

Білім беру мен сауықтыру жобасы кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасыларына сауықтыру және бір мезгілде оқыту қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында жүзеге асырылуда және жақын арада ол кәсіподақ сауықтыру шипажайларынаа таратылады.

«Он күн ішінде кәсіподақ мүшесі оңалуды кәсіптік оқытумен ұштастыра отырып, жоғары технологиялық оңалту қызметтеріне және сауықтыру қызметтерінің кең спектріне қол жеткізеді. Жолдама құнын төмендету әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шығындарының бір бөлігін жабу арқылы қамтамасыз етіледі, бұл кәсіподақ мүшелері үшін маңызды», – деді Нұрлан Өтешев, медициналық қызметтер мен осы жобаға қатысу тәртібі туралы егжей-тегжейлі сипаттады.

Жобаны бір жыл ішінде жүзеге асыру Кәсіподақтар федерациясының болжамы бойынша кәсіподақтардың 12 мың мүшесіне «Адал Ниет Астана» оңалту орталығында және кәсіподақ шипажайларында біліктілікті арттыру мен демалысты біріктіре отырып, медициналық оңалтудан өтуге мүмкіндік береді.

Семинардың танымдық бөлігін заңгер, Қызылорда облысы кәсіподақ орталығының бас маманы Майра Боранбаева жалғастырды. Дәріскер кәсіподақтың негізгі принциптері, еңбек қатынастарын реттеу практикасы және еліміздің еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер туралы айтты. Сонымен қатар, ол кәсіподақ ұйымдарының тіркелуі мен қызметіне қатысты кәсіподақ заңнамасының жаңа нормалары туралы баяндады.

Майра Боранбаева жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы негізгі буындардың бірі – бастауыш кәсіподақ ұйымы екенін атап өтті.

«Кәсіпорында кәсіподақ ұйымы болмаған жағдайда жұмысшылардың мүдделерін олардың сайланған өкілдері білдіре алады. Жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынастың негізі ұжымдық шарт болып табылады, онда әлеуметтік әріптеспен бірге қызметкерлерді әлеуметтік қолдаудың барлық шараларын көрсету қажет. Аймақтық деңгейге келетін болсақ, барлық әлеуметтік қолдау шаралары аймақтық деңгейдегі үшжақты келісімдерде көрсетілуі тиіс. Республикалық деңгейде бұл нормалардың барлығы Бас келісімде көрсетілген», – деп атап өтті лектор.

Семинар барысында қашықтықтан жұмысты ұйымдастыру мен төлеуге қатысты еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесінің нақты мысалдары да қарастырылды.

Қорытындылай келе, семинарға қатысушылар ұйымдастырушыларға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім беру жобаларына қатысу мүмкіндігі үшін алғысын білдірді және олардың кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылық деңгейін жоғарылатудағы тиімділігін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіподақтардың білім марафоны аясында республиканың барлық 17 облысы мен 16 республикалық салалық кәсіподақтарды қамтитын 43 оқу семинары өткізілді. Жалпы, жыл басынан бері 243 оқу семинарлары мен тренингтер өткізілді, оған Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ ұйымдарының 9000-нан астам мүшелері қатысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы