«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Шығыс Қазақстан облысының «Ертіс концерт» МКҚК ұжымымен кездесті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев ШҚО Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Ертіс концерт» МКҚК бастауыш кәсіподақ ұйымымен онлайн режимде кездесті.

Жиынды ашқан ШҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы Темірбек Қасымжанов Федерация бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жариялаған биылғы жылдың еліміздің кәсіподақтар қозғалысы үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті.

Кәсіподақтар орталығы төрағасының айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 1446 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, олардың құрамында 133 423 кәсіподақ мүшесі бар. Жыл басынан бері облыста 1043 кәсіподақ мүшесі бар 17 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.

«Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында Федерация «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясын өткізуде. Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақ орталығы салалық кәсіподақтардың аймақтық филиалдарымен бірлесіп еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде. Осы жылдың 8 айында 3 республикалық және 21 аймақтық кездесу өткізілді», – деді Темірбек Қасымжанов.

«Ертіс концерт» МКҚК директоры Данияр Мерғалиев өз сөзінде кәсіпорынның жұмысы туралы айтты.

«Ертіс концерт» МКҚК-ның негізгі миссиясы – мәдениет саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, театр және музыкалық өнерді қолдау, сондай-ақ мәдени іс-шаралар арқылы қоғамды адамгершілік, мәдени және эстетикалық тәрбиелеу. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы жылында республикалық деңгейде де, халықаралық деңгейде де ауқымды шаралар өтеді», – деді Данияр Мерғалиев.

Оның айтуынша, компанияда 231 қызметкер бар, оның ішінде 157-сі – шығармашылық ұжымдардың өкілдері.

Кәсіпорын директоры жыл сайын жаңа шығармашылық ұжымдар құрылып жатқанын атап өтті. Бүгінде «Ертіс концертте» 9 шығармашылық ұжым жұмыс істейді – Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, симфониялық оркестр, үрмелі аспаптар оркестрі, камералық оркестр, вокалды-инструменталды оркестр, «Алтай» халық би ансамблі және т.б.

Данияр Мерғалиев атап өткендей, пандемия кезінде барлық әртістер онлайн режимінде жұмыс жасады, компания қызметкерлері қысқармады.

Кездесу барысында «Ертіс концерт» МКҚК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Анар Каримова бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметі туралы айтты.

Оның айтуынша, кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымы 2016 жылы құрылған. Мекеме қызметкерлерінің 84% кәсіподақ мүшелері.

Ұйымда паритеттік негізде кәсіподақ өкілдері мен жұмыс берушілердің тең санынан татуластыру және келісім комиссиялары жұмыс істейді.

«Кәсіподақ комитеті кәсіподақ мүшелігін арттыру, кәсіподақ мүшелерін біріктіру міндетін қояды. Мәдениет пен өнер қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға көп көңіл бөлінеді. Мекеме қызметкерлеріне ұжымдық шартқа сәйкес әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер, сонымен қатар әйелдердің бала тууына байланысты материалдық көмек, зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты қызметкерлерді ынталандыру, сондай-ақ мерейтойларға қолдау көрсетіледі. Бастауыш кәсіподақ ұйымы ұжым мүшелері үшін спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырады», – дейді Анар Каримова.

Ол сонымен қатар пандемия кезінде жұмысшыларды қолдау шараларына тоқталды.

«Пандемия кезінде ұжымдық шартқа өзгерістер енгізу қажет болды. Қызметкерлердің барлық санаттары үшін жыл сайынғы еңбек демалысына төлемдерді қамтамасыз ету нормалары, сауықтыру бойынша жеңілдіктер кіреді. Екіншіден, мерекелік және демалыс күндері және түнгі уақытта жұмысшылардың күнделікті мөлшерлемесі негізінде екі еседен кем емес сағаттық ақы төленетін үстеме жұмысқа ақы төлеуге түзетулер енгізілген. Сонымен қатар, әйелдерді міндетті профилактикалық тексеруден өткізу мүмкіндігі мен басқа да шаралар қарастырылған», – деді кәсіподақ комитетінің төрағасы.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков ҚРКФ басшылығының еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өтті.

«Мен бүгін Кәсіподақтар федерациясы біздің ұйыммен кездесіп жатқанына ризамын. «Ертіс концерт» – Шығыс Қазақстандағы ең үлкен ұжым. Біз мәдениет пен спорт қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін үнемі көтеріп отырамыз, себебі олар бюджеттік сала қызметкерлерінің арасында ең төменгі жалақыны алады», – деді Түсіпхан Түсіпбеков.

Ол мәдениет қызметкерлерінің жалақысын мұғалімдердің немесе денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысына теңестіру туралы ұсыныс айтты.

«Менің ойымша, Кәсіподақтар федерациясының қолдауымен біз бұл мәселені шешуге қол жеткіземіз», – деді ол.

Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Светлана Иманқұлова өз сөзінде мәдениет пен спорт салаларының ел өміріндегі ерекше маңыздылығына тоқталды.

«Мәдениет пен спорт – әр мемлекеттің визит картасы. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның туы басқа мемлекетте 2 жағдайда ғана көтеріледі – Мемлекет басшысының сапары кезінде және спортшыларды марапаттау кезінде», – деп атап өтті Светлана Иманқұлова.

Салалық кәсіподақтың жұмысы туралы айта отырып, ол әлеуметтік әріптестермен өзара әрекеттесу туралы баяндады.

Оның айтуынша, биыл Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі арасында Салалық келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, салалық кәсіподақ Республикалық үшжақты комиссияның мүшесі болып табылады және АҚДМ, ЕХӘҚМ, МСМ және ҚР Парламенті жанындағы жұмыс топтарының мүшесі болып табылады.

«Ең өзекті мәселе – жалақы. Президент Жолдауында ең төменгі жалақыны көтеру мен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын арттыру міндеттері көрініс тапқаны қуантады. Кәсіподақтар федерациясы бұл бастаманы бірнеше рет ұсынды. Салалық кәсіподақ еңбек сіңірген және ұлттық қайраткер атағы бар  мәдениет қызметкерлерін аттестаттаудан босату, сондай-ақ балериналардың зейнеткерлік жасы және цирк әртістерінің кәсіби дайындығы сияқты мәселелерді шешті», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.

Кездесуді қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев ҚРКФ қызметінің негізгі мәселелеріне тоқталды.

«Біз бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен 60-тан астам кездесулер өткіздік. 17,5 мың бастауыш кәсіподақ ұйымының 15 мыңында кәсіподақ комитетінің босатылмаған төрағалары бар. Бұл – әлеуметтік ауыртпалық. Бұл адамдарға үлкен рахмет, олар кәсіподақ жұмысына үлкен көңіл бөледі», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Ол әлеуметтік әріптестік аясында жұмысшылардың құқықтарын қорғау шаралары туралы айтты.

«Ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасында Бас келісімге қол қойылды. Тарихта тұңғыш рет Бас келісім жобасын кәсіподақтардың үш республикалық бірлестігі бірлесіп әзірледі. Біз ортақ пікірді әзірледік және жұмыс топтарындағы әлеуметтік әріптестер алдында өз ұстанымымызды қорғадық. Президент Жолдауында айтылған ең төменгі жалақыны көтеру міндеті ең алдымен кәсіподақтардың еңбегі деп білемін. Біз бұл мәселені әлеуметтік әріптестіктің барлық алаңдарында бірнеше рет көтердік. Біз бұл мәселеге ХЕҰ ұсыныстарын, оның ішінде ХЕҰ бекіткен Кейтц индексін негізге аламыз. Бұл көрсеткіш ең төменгі жалақы орташа жалақының 50%-ын құрауы керек дейді. Бүгінде Қазақстанда орташа жалақы 206 000 теңге болса, онда ең төменгі жалақы 103 000 теңге болуы керек. Біздің елде ең төменгі жалақы орташа жалақының 20% құрайды», – деді ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.

Ол еңбекақы еңбек дауларының негізгі себептерінің бірі екенін баса айтты. Сонымен қатар, оның айтуынша, ұжымдық даулардың үлкен үлесі кәсіподақтар жоқ кәсіпорындарда болады.

«Кәсіподақтар жоқ жерде нақты қорғаныс болмайды. Сондықтан, адамдар өз ісін дәлелдеу үшін рұқсат етілмеген шараларға барады. Көбінесе ереуілдер жұмыс берушінің еңбек ұжымымен диалогқа келгісі келмеуінен болады», – деді Мұхтар Тінікеев.

ҚРКФ күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында ол, сондай-ақ ҚРКФ заңнаманы жетілдіру, әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту саласындағы қабылдаған шараларды атап өтті. Ол сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамыту туралы айтты.

Сөз соңында ол алдағы Кәсіподақтар күніне арналған іс-шараларды айтып өтті.

«8 қазанда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларының қатысуымен форум өткізуді жоспарлап отырмыз. Форум аясында Кәсіподақтар федерациясы биылғы жылы жариялаған Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымдарын және басқа конкурстардың жеңімпаздарын марапаттау өтеді», – деді Мұхтар Тінікеев.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы