Энергетиктердің түйткілді мәселелерін шешу жолдары сараланды

Бүгін Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев республикалық «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Атырау Жарық», «Атырау жылу электр орталығы» акционерлік қоғамдары мен «АтырауЭнергоСату» ЖШС ұжымдарымен онлайн-кездесу өткізді.

Өткен жылы 723 кәсіподақ мүшесін біріктіріп отырған «Атырау Жарық» АҚ-да 9 жазатайым жағдай орын алып, он адам зардап шекті. Оның ішінде екі жағдай адам өліміне әкеліп соқтырды. Негізгі себеп – басшылық тарапынан мекеменің жұмыс орнында тиісті бақылаудың болмауы, қызметкерлердің техника кәуіпсіздігі ережелерін дұрыс сақтамауы, арнаулы жұмыс киімдері сапасының талапқа сай болмауы.
«Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Атырау аймақтық №1 филиалының төрағасы Алтын Жұмажанованың айтуынша, энергетиктерді еңбекақы мөлшерінің төмендігі қатты мазалайды. 2019 жылдан бері жұмысшы-қызметкерлердің айлық жалақыларын көтеру мәселесі талай мәрте көтеріліп келе жатқанымен, әлі күнге оң шешімін таппай келеді. Жалақы деңгейінің төмендігінен мұнда қызмет жасайтын кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың кету үрдісі байқалады. Үкіметке, Парламентке, Энергетика министрлігіне, басқа да мемлекеттік өкілетті органдарға сан мәрте жазылған хаттар аяқсыз қалуда. «Қазэнергетиктеркәсіподағы» Орталық комитеті жақында ҚР Премьер-Министрі атына да хат жолдап, аталған мәселенің тиісті деңгейде шешілуін сұрады.

Онлайн-кездесу барысында кәсіподақ жетекшілері энергетика саласы қызметкерлерінің еңбекақысының төмендігін, бюджет тарапынан еңбекақы қорын субсидиялаудың жоқтығын, білікті мамандардың өндірістен кетуін, жас кадрлардың жоқтығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, салада жабдықтар мен құрылғылардың тозығы жетіп, ескіргендігіне, жұмыс берушілер тарапынан техника және еңбек қауіпсіздігін қорғау шараларын қаржыландырудың жоқтығына, өндірістік жарақат алу сияқты қайғылы жағдайлардың жиі орын алатындығына және энергетиктер үшін сатылып алынатын жеке қорғаныс құралдары мен арнайы киімдерінің МӘМС пен техникалық талаптарға сай еместігіне өз алаңдаушылықтарын білдірді.

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай Атыраудағы энергетика саласында қалыптасқан жағдайдың облыс әкімінің төрағалығымен өткен үшжақты комиссия отырысында талқыланып, жауапты тұрғаларға нақты міндеттер жүктелгендігін, оның орындалу барысы алдағы комиссия отырысында қаралатындығын жеткізді.

Кездесуде Атыраудағы энергетика саласындағы барлық жағдайлармен таныс екендігін атап өткен Федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бүгінгі кездесудің басты мақсаты өңірдегі кәсіподақ ұйымы жетекшілерінің ойларын біліп, ұсыныс тілектерін тыңдау екендігін жеткізді. Болашақта кәсіподақтың қатардағы мүшелерімен де осындай форматта кездесу өткізілмек.

«Биылғы жылдың «Әлеуметтік әріптестік жылы» болып жариялануына байланысты әлеуметтік институттарды нығайтуға күш саламыз. Осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Билік, кәсіподақ және жұмыс беруші бірлесіп, белсенді жұмыс жасау арқылы қордаланған проблемалық мәселелерді оңтайлы шешуге болады», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Сөз соңында Нұрлан Өтешев энергетика – халық шаруашылығының негізгі шешуші саласының бірі екендігіне тоқталып, осы саладағы бастауыш кәсіподақ ұйымдары өздерінің қарқынды жұмыстарын көрсетуі керектігін жеткізді.