ҚРКФ басшылығының қатысуымен «ТрубРемЦентр» ЖШС еңбеккерлерінің талаптары қанағаттандырылды

Жаңаөзендік «ТрубРемЦентр» ЖШС кәсіпорнында жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы екі айдан астам уақытқа созылған ұжымдық еңбек дауына нүкте қойылды.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 16 наурызындағы «ТрубРемЦентр» ЖШС еңбеккерлерінің жалпы жиналысының №1 хаттамасы негізінде жұмыс беруші ауызша келісім бойынша өз міндеттемелерін орындамағандықтан, 24 наурызда еңбеккерлер Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес ұжымдық еңбек дауын қозғау және ұжымдық талап қою туралы шешім қабылдады.

Еңбеккерлер жалақыны 60%-ға көтеруді, лауазымдарды қоса атқару кезінде лауазымдық жалақының кемінде 50%-ы мөлшерінде ақы төлеуді, қысқартылған штат бірліктері есебінен жаңа қызметкерлерді қабылдау арқылы еңбек ресурсын ұлғайтуды және цех жабдықтарын жаңартуды сұрады. Сонымен қатар, жұмыскерлер бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне қысым көрсетуді тоқтатуды және «ТрубРемЦентр» ЖШС заңгері Б.Жұмағалиевпен еңбек шартын бұзуды талап етті.

Еңбек дауы басталған сәттен-ақ оның шешіміне салалық кәсіподақ ғана емес, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшылығы да атсалысты.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің әлеуметтік әріптеспен келіссөздер үдерісіне тікелей қатысуы арқылы ағымдағы жылдың 1 маусымында жұмыс беруші мен «ТрубРемЦентр» ЖШС кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің талаптарын паритеттік негізде қарауға келісті.

Комиссия құрамына: жұмыскерлер өкілдерінен – «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қ.Жаңабеков, «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Т.Шаимов, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Б.Меретаманов, жұмысшы Ж. Шандыбай, жұмысшы Е.Сәрсенова, жұмысшы С.Ещанов, еңбеккерлер Ж.Шандыбай, Е.Сарсенова, С.Ещанов, Т.Илифанов, жұмыс берушіден – «ТрубРемЦентр» ЖШС акционері Е.Айтуов, «ТрубРемЦентр» ЖШС бас директоры Н.Ищанов кірді. Жұмыскерлердің талаптарын қарастыру бойынша комиссия отырыстарында сындарлы диалог орын алып, соның арқасында тараптар бір мәмілеге келді.

Тараптар қол қойған Хаттамаға сәйкес жұмыс беруші қолданыстағы тарифті 18,18%-ға көтеруге (2021 жылғы тарифпен салыстырғанда тарифтің жалпы өсуі 30%-ды құрайды) және 01.04.2022 жылдан бастап көрсетілген көтерілген тариф бойынша жалақыны қайта есептеуге міндеттенді. 2022 жылдың сәуір айы үшін еңбеккерлер өндірістік сыйақы алады.

Хаттамада «ТрубРемЦентр» ЖШС еңбеккерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне «Кәсіптік одақтар туралы» Заңда көзделген кепілдіктерді жұмыс беруші сақтайтыны атап өтілген. Цех жабдықтарын жаңғыртуға келетін болсақ, ол алдағы екі-үш жылда кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп шешілді.

Сонымен қатар, арыз негізінде заңгер Б.Жұмағалиев өз еркімен жұмыстан босатылды.

Еңбек арбитражының шешіміне риза болған «ТрубРемЦентр» ЖШС еңбеккерлері ҚРКФ басшылығына алғыстарын білдірді.

«ТрубРемЦентр» ЖШС құбыр бұйымдарын жөндеу және өндіру бойынша мамандандырылған кешен болып табылады. Кешен Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Өзен ойпатындағы (НГДУ-2) мұнай өндіру орындарына жақын жерде орналасқан. «ТрубРемЦентр» ЖШС жұмыскерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы 2020 жылдың қазан айында құрылған және «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ ұйымының мүшесі болып табылады, оның құрамына мұнай кәсіпшілігінің қызмет көрсету кәсіпорнының 140 қызметкері кіреді.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы