Кәсіподақтар мен жұмыс берушілер әлеуметтік әріптестікті нығайтуға ниетті

Бүгін Кәсіподақтар федерациясында «PARYZ» ҚР жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясының өкілдері – бас директоры Айдос Әбіханов пен бас директордың орынбасары Санжар Тіллабай жұмыс сапарымен болды.

Кәсіподақтар федерациясының басшылығымен өткен кездесуде әлеуметтік әріптестер бірлестіктер қызметкерлері мен жұмыс берушілердің негізгі жұмыс бағыттары мен міндеттерін талқылады.

Қонақтарды қарсы алған ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары мүдделерінің теңгерімділігін сақтау тұрғысынан тиімді әлеуметтік диалог құрудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында Мұхтар Тінікеев биыл кәсіподақтар «Әлеуметтік әріптестік» жылын өткізіп жатқанын еске салып, Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік диалогты дамытудағы бастамаларына тоқталды.

«Бүгінде кәсіподақтардың бастамасымен еліміздің басым бөлігінде әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияларды тікелей облыс әкімдері басқарады. Бұл ретте өңірлердегі әлеуметтік диалог тепе-теңдік негізінде құрылады. Өңірлік комиссиялардың отырыстарында тең төрағалық ету тәжірибесі қалыптасуда. Республикалық үшжақты комиссияның көшпелі отырыстарын Қазақстанның ірі кәсіпорындарында өткізуді де ұсынамыз», – деді Мұхтар Тінікеев.

Ол әлеуметтік әріптестерді еңбек дауларының алдын алуда белсенді ынтымақтасуға шақырды.

«Біздің әлеуметтік әріптестеріміз кәсіподақтармен бірге еңбек дауларының алдын алуға мүдделі болуы керек. Еңбек ұжымдарында тұрақтылықты сақтау жауапкершілігін бәріміз түсінуіміз керек. Өткен жылы елде 78 ереуіл болды. Кәсіподақтар келіссөздердің барлық процестеріне қатысты, бұл неғұрлым мазмұнды келіссөздер мен ортақ келісімге әкелді. Келіссөздерге жұмыс берушілердің өкілдері де тікелей қатысуы керек деп есептейміз. Біз серіктеспіз және туындаған мәселелерді шешу үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», – деді ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, ол әлеуметтік әріптестер жұмыс берушілер бірлестігінің әлеуметтік-еңбек қатынастарының барлық деңгейінде өкілдік етуіне мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің жекелеген өңірлерінде Жұмыс берушілер конфедерациясының өкілдерінің болмауына байланысты әлеуметтік әріптестік туралы үшжақты келісімге қол қоюшылар ретінде кәсіпкерлердің түрлі салалық бірлестіктері болып табылады.

«PARYZ» Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясының басшысы Айдос Әбіханов әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық қатысушылардың мүдделерін тиімді жүзеге асыруға бағытталған мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында тиімді диалог құрудың маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, Конфедерация өз қызметінің жаңа стратегиясын әзірлеуде, сонымен қатар «Жұмыс берушілер бірлестіктері туралы» Қазақстан Республикасы заңының тұжырымдамасының жобасын әзірлеумен айналысады.

«Бұл тек жұмыс берушілердің мүдделерін білдіретін ұйымдарды біріктіру мәселелеріне арналған тарихтағы бірінші заң жобасы. Бүгінде әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі жұмыс берушілер ұйымдарының қызметі реттелмеген, бұл Халықаралық еңбек ұйымының қағидаттары бойынша әлеуметтік диалогты дамытудағы негізгі кедергілердің бірі болып табылады», – деді Айдос Әбіханов.

Оның айтуынша, бүгінде «PARYZ» ЖҰК құрамына 23 қауымдастық (1500-ге жуық қауымдастырылған мүше), 150 ірі және орта бизнес субъектілері кіреді.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева әріптестерін тыңдай келе, салалық және өңірлік деңгейде алдағы диалогқа дайын екенін жеткізді. Ол сондай-ақ бірлескен еңбек консультацияларын өткізу туралы ұсынысын білдірді.

«Екі жақты бірлескен консультациялар еңбек дауының жанжал алдындағы сатысында ақпарат алмасуды білдіреді. Еңбек консультациялары еңбек дауларын азайтуға, тараптар арасындағы ұзаққа созылған текетіресті болдырмауға септігін тигізеді», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Кездесу барысында тараптар әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешуде ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екендіктерін бірауыздан білдірді.