Петропавлда ҚРКФ Заң клиникасы филиалының тұсаукесері өтті

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы делегациясының Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ербол Жанғазиннің қатысуымен облыстың Кәсіподақтар орталығында ҚРКФ Заң клиникасы филиалының тұсаукесері өтті.


ҚРКФ төрағасының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың сәуір айында еліміздің барлық өңірлерінде Заң клиникасының филиалдары ашылды. Заң клиникасы филиалдарының негізгі міндеті кәсіподақ мүшелеріне олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау және жүзеге асыру мәселелері бойынша тегін кеңестер беру болып табылады.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ербол Жанғазин Кәсіподақтар федерациясына еңбек дауларын сотқа дейін реттеу бойынша облыс соттарымен тиімді өзара іс-қимылы үшін алғыс білдірді.

«Біз Кәсіподақтар федерациясымен 2018 жылдан бері «Татуласу орталығы» келісім орталықтарын ашу жобасын бірлесе бастағаннан бері тығыз жұмыс істеп келеміз. Заң клиникасы филиалдарының ашылуы біздің азаматтардың мүддесін қорғау мақсатындағы ынтымақтастығымыздың мүмкіндіктерін кеңейтті», – деді Ербол Жанғазин.
Соттармен бірлескен жұмыс тақырыбын жалғастырған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Заң клиникасы жұмысының тиімділігін атап өтті.

«Заң клиникасының филиалдары ашылғаннан бері кәсіпорын қызметкерлерінен 2500-ден астам өтініш түсті, олардың басым бөлігі әлеуметтік-еңбек қатынастары, еңбекақы төлеу мәселелері, жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттеріне қатысты. Бүгінгі таңда кәсіподақ заңгерлері мен медиаторлардың көмегімен келіп түскен екі мыңға жуық өтініш оң шешімін тапты. Қалғандары бойынша әлеуметтік әріптестермен келіссөздер жүргізілуде», – деді ҚРКФ басшысы.

Азаматтарды Заң клиникасында тек заңгерлер мен медиаторлар ғана емес, өкілді органдардың, Мәжіліс депутаттары мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшылығы белгілі бір кесте бойынша қабылдайды.

Бұл жолы Заң клиникасының Солтүстік Қазақстан филиалында азаматтарды қабылдауды ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев жүргізді.

Мұхтар Тінікеевке энергетика, білім беру жүйесі және «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері жүгінді. ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары әріптестерінің сұрақтарына жауап беріп, еңбек және кәсіподақ заңнамасының негізгі нормаларын түсіндірді.

Ал, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Заң клиникасы филиалының қызметкерлері 290 өтінішті қарап, өтініш білдіргендердің барлығына заңгерлік және консультативтік көмек көрсетілді.

ҚРКФ медиаорталығы